Жаңалықтар

«Шебердің қолы ортақ…»

Жүрегі ауыл деп соғатын азаматтардың бірі — Жандос Ахметкерейұлы. Өзі Ақтөбеде тұрып жатса да, әр кез туған ауылына бүйрегі бұрып тұрады. Ауылға кім бармайды, бәріміз де сағынамыз деп отырған боларсыз. Жандос ауылға құр барып-кететіндердің қатарынан емес…

Мұғалжар ауданына қарасты Талдысай ауылына бара қалсаңыз, кіреберістегі аркадан бастап, көше атауларында, жаттығу алаңы мен балалардың ойын алаңында, көшедегі көрнекіліктерде Жандостың қолтаңбасы бар. Себебі ол туған ауылына бара қалса, ауылдың кем-кетігін дұрыстап, дәнекерлейтін жері болса, дәнекерлеп, жөндеп, жасап береді. Жандос кіндік қаны тамған ауылының көркеюіне қосқан үлесін пұлдамайды. Тегін қызмет көрсетеді. Сол үшін де Жандос волонтер деген атқа әбден лайық.

Талдысай ауылының әкімі Қазыбек Аққайырдың айтуынша, Жандос — жат қылықтардан ада, өтірік айтпайтын, бір сөйлейтін азамат.

«Біздің ауылдың әр бұрышынан Жандостың қолтаңбасын көруге болады. Әрине, ауыл азаматтары қаржылай демеушілік көрсетіп, материалдарды соған сатып аламыз. Алайда қолмен жасайтын шаруаның бәрін құрдасым жасап береді. Өзі — дәнекерлеу ісінің шебері», — дейді Қазбек Аққайыр.

Жандос 2001 жылы ауыл мектебінен 9 сыныпты бітіреді де, аудан орталығы — Қандыағаштағы №4 кәсіптік-техникалық училищеге дәнекерлеу ісі мамандығына оқуға түседі.  Оқуды 2004 жылы бітіріп алады. Содан бері дәнекерлеу аппаратын жанына серік етіп жүр. Бұрышты жіктерді металл ерітіп, дәнекерлеу екінің қолынан келе беретін шаруа емес. Алайда осы кәсіпті тәуір меңгерген Жандос қазір қытайлық компания — «Петрострой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде дәнекерлеу ісінің шебері боп еңбек етіп жүр.

— Вахталық әдіспен жұмыс істеймін. Он бес күн демалысымда қолым қалт етсе, Талдысайға барып келеміз. Досым Қазбек екеуміз сол ауылда өстік, енді туған жерді көркейтуге қолымыздан келгенше көмектесеміз. Бұл біздің азаматтық парызымыз деп білемін, — дейді Жандос.

Ауылда қазір Жандостың ата-анасы тұрады. Екі қарындасы тұрмыста. Әйтпесе, Жандос — әжесінің баласы. 2012 жылы Қуаныш есімді бойжеткенге үйленген Жандос бүгінде Кәусар, Жалғас, Фатима есімді үш баланың әкесі. Теміржол саласында еңбек ететін Қуаныш қазір әлі қырқынан да шығып үлгермеген кішкентайының күтіміне байланысты үйде. Бүгінде Бақытжамал әже өзі «меншіктеп» алған, тәрбиелеп-баққан Жандостың шаңырағында, шүпірлеген шөберелердің ортасында отыр. Кейіпкерімнің сөйлеген сөзі мен әр ісінен ата-әже берген тәрбиенің ізі анық көрініп тұрады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button