Жаңалықтар

Кәсіпкерге көмек көрсетіледі

«Бизнеске арналған үкімет» фронт-кеңсесінің алаңында Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров  кәсіпкерлер үшін жеке қабылдау өткізді.

Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес кәсіптеріне қатысты туындаған мәселелер бойынша 8 кәсіпкер қала әкімінің жеке қабылдауында болған. Бұл — жер қатынастары және абаттандыру салаларындағы бизнесті дамыту бойынша өзекті әрі жүйелі мәселелер.
Жеке кәсіпкер Әсел Ибашева қала әкімінен кәсібін кеңейту үшін қосымша 40 гектар жер телімін бөлуді сұрады. Бүгінде ол Ақтөбе қаласының оңтүстік-батыс бағытынан кірген тұста, яғни  Жаңақоныс елді мекеніне қарасты аумақта кемпинг ашып отыр. «Егер маған сол аумақтан қосымша жер бөлінсе, қаланың кіреберісін абаттандыруға уәде беремін. Сол жерден шағын саябақ ашып, жасыл желек егемін», — деді Ә.Ибашева.
Кәсіпкердің көрсеткен жобасына қатысты қала әкімі өз пікірін білдірді.

Сіздің кәсіп ашып отырған аймағыңыз қаланың кіреберісінде орналасқан. Өтінішіңізді заң аясында орындау мүмкіндіктерін қарастыратын боламыз. Жобаңызға қатысты сізге ерекше жауапкершілік артылады, себебі қаланың кіреберіс қақпасы Ақтөбеге көрік беретіндей болуы тиіс, — деді Асхат Шахаров.
Ал тігін ательесін ашып, мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс беріп отырған кәсіпкер Бағдагүл Әуелбаева бизнесін кеңейту үшін аумағы 200-500 шаршы метр болатындай ғимараттың қажет екенін айтты.  Цех аумағы кеңейген жағдайда мүгедектер арбасында отырған жандарды жұмысқа алу мүмкіндігі туады, олардың жұмыс істеуі үшін арнайы станоктар жасалады.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесімен айналысып жүрген Әлия Өмірзақова да қала әкімінің қабылдауына келді. Ол көп жылдан бері аутизмге шалдыққан балалармен жұмыс жасайды. Қазір Ә.Өмірзақова ашқан орталықта 20-дан астам бала бар. Ол ата-аналардың бәрі бірдей ақылы қызметті толық пайдалана алмайтынын, сондықтан мемлекеттік тапсырыс негізінде қолдау көрсетуді сұрады.
Қала әкімінің қабылдауына келген екінші топ мүгедегі Алдоңғар Махашев та  мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға талпынып жүрген кәсіпкер. Ол 2016 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысады. Бүгінде оның мотор майын сататын дүкені бар, мүгедек жандарға жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейді. Жобасын жүзеге асыру үшін 10 сотық жер телімі керек екен.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау — кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі. Ал оларды жұмыспен қамтимын, жағдай жасаймын деп жатқан кәсіпкерлерді қолдау — біздің міндетіміз. Мәселен, аутист балалардың дамуымен айналысу арқылы сауапты іс атқарып отырған адамды қалай қолдамасқа? Ал мүгедектер арбасында отырған жандарды ательеге жұмысқа алу жобасы үшін ғимарат қолайлы, жылы әрі  кең болуы тиіс деп ойлаймын, — деді қала әкімі.
Қала әкімінің қабылдауына келген тағы бір кәсіпкер — «Эко-сити» ЖШС басшысы Амангелді Бердіғалиев. Оның Ақтөбе қаласына жақын жерден аз қабатты тұрғын үйлері бар экоауылдың құрылысын бастамақ ойы бар. Ол үшін қала басшысынан жобасын мақұлдауды сұрады. Әзірге бұл жобаның қағаз жүзіндегі нұсқасы ғана бар. Оны мақұлдау үшін алдымен мамандар жобаны бүге-шүгесіне дейін зерттеуі керек.
Қала әкімінің жеке қабылдауына келген кәсіпкерлерге айтылған мәселелерді шешудің жолдары заң аясында түсіндіріліп, жауапты тұлғаларға сәйкесінше тапсырмалар берілді.
Белгілі болғандай, мұндай қабылдаулар тұрақты өткізілетін болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button