Жаңалықтар

Талап қатаяды

Кеше Ақтөбе қаласындағы Баспасөз үйінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Серіктестік департаментінің директоры Расул Медетов пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов журналистермен кездесті.

Шараны жүргізген «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Серіктестік департаментінің директоры Расул Медетовтің өңірге жұмыс сапарымен келгендегі басты мақсаты — елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жою мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстар  туралы хабардар ету екенін жеткізді.

Басқосуда Расул Медетов бүгінгі күні елімізде бірқатар салаларда сыбайлас жемқорлық деректері көп тіркелетінін, осы орайда бұл «індетпен» тек департамент мамандары ғана емес, жалпы халық болып күресу керектігін айтты.

  • Қазіргі таңда елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жуырда дүниежүзілік банктің талдауы жарыққа шықты, онда соңғы үш жылдың ішінде біздің жұмысымыздағы оң көрсеткіштер екі есеге артқандығы айтылды. Бұрын біздің бұл бағыттағы көрсеткішіміз 19 персентейдж болса, биылғы жылы 44 персентейджге жетіп отырмыз. Бұл — жақсы көрсеткіш.

Бұған дейін Президент тапсырмасына сәйкес бірқатар заңдарға өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік қызметшілердің өз туыстарымен бір мекемеде жұмыс жасай алмайтындығы айтылды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге сыйлық алуға қатаң түрде тыйым салынды. Биыл да осы орайда бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Мәселен, шетелдік банктерде мемлекеттік қызметшілерге банк есепшоттарын ұстауға тыйым салынады, сондай-ақ олар сотталса, мерзімінен бұрын бостандыққа шығаруға шек қойылады. Соңғы уақытта біздің елімізде де қоғам тарапынан осы мәселеге қатысты сыни пікірлер көбеюде. Себебі кейінгі кезде пара алу деректерімен ұсталған азаматтар бірнеше жылдан кейін бостандыққа шығып жатыр. Сондай-ақ алдағы уақытта құқық қорғау органдарына қатысты да заңды күшейту жоспарлануда, — деді Р.Медетов.

Бұдан кейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, биыл жемқорлық деректері бойынша облыста 57 қылмыс тіркелгенін атап өтті. Оның ішінде 27-сі лауазымды тұлғалардың пара алу дерегі болса,  26-сы — ішкі істер саласындағы өзара сыбайластық, ал екеуі — қорғаныс істері саласында тіркелген деректер.

Кездесу барысында департамент басшылары алдағы уақытта елімізде жемқорлықтың алдын алу үшін қай салада да талап қатайып, заң күшейетінін, қазір осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Басқосу соңында Расул Медетов журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

                                                     Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button