Жаңалықтар

Құтқарушылар алғысқа бөленді

Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов 19 қазан — Құтқарушылар күніне және азаматтық қорғау саласының 25 жылдық мерейтойына орай осы салада қызмет етіп жүрген азаматтарды қабылдап, мерекелерімен құттықтады.
Шарада аудан әкімі қиындығы мен жауапкершілігі қатар жүретін кәсіп иелеріне еңбекте табыс тіледі.  Өз саласында аянбай еңбек етіп жүрген бір топ азаматтық қорғау қызметкерлерін Алғыс хаттармен марапаттады. Олардың қатарында Кендебай Балышов, Қуанар Баймурзин, Ержан Дүйісов, Нұрлан Ибрашев, Ғанибек Өтешов, Жанахмет Худайсүгіров сынды өз істерінің шеберлері бар.
Өз кезегінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы К.Балышов көрсетіліп жатқан құрметке, қолдауға алғысын айта келе, азаматтық қорғау саласының 25 жылдық мерейтойы қарсаңында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаевтың Алғыс хатын аудан әкімі, аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның төрағасы Жанболат Жидехановқа табыс етті. Сондай-ақ осындай Алғыс хат аудан әкімінің орынбасары, аталған комиссия төрағасының орынбасары Мақсат Әлібековке, Шалқар қаласының әкімі Тұрлан Төлегеновке, аудан әкімі аппаратының ТЖ әскери жұмылдыру жөніндегі бас маманы Қайрат Құдияровқа, өрт кезінде көмек көрсеткен тұрғын Азамат Ермағанбетовке берілді. Сонымен қатар аудандық ТЖ бөлімінің азаматтық қорғау саласында ұзақ жыл қызмет атқарған Нұрзат Жылқыбаев «Ардагер» арнайы төсбелгісіне ие болды.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button