Жаңалықтар

Теміржолдан өткенде сақ бол!

Жыл басынан бері теміржол бойында жазатайым 6 оқиға тіркеліп, үш адам көз жұмған. Тұрғындардың көпшілігі көпірден өтпей теміржол бойындағы белгіленбеген жерлерден өтеді. Кейбір адамдар құлаққап киіп, музыка тыңдап келе жатып, пойыз астына түсіп қала жаздаған жағдайлар  жиі кездескен.  Жүргізушілер пойызды жедел тоқтатқан 57 оқиға  тіркелген.  Оның ішінде қырық оқиға адамдардың белгіленбеген жерден өтуіне қатысты болса, 15 факт малға байланысты болып отыр. Тұрғындар малдарын қараусыз қалдырады. Ал еркіндікке шыққан төрт түлік теміржол бойын жағалап кетеді. Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Жакен Артықов пен әкімшілік полиция бөлімшесінің аға инспекторы Айтұрған Елеусізов теміржол бойын аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Теміржолдың бойынан өткенде қауіпсіздікке қатаң мән беру керек. Кез келген жерден өтіп, пойыздың астына түсіп қалудан сақ болған жөн. Тұрғындарға осы мәселені бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және рейд кезінде үнемі айтамыз. Алайда өз өміріне салғырт қарайтындар көп. Белгіленбеген жерден өтеді. Кейбірі құлаққап киіп алады. Ал бір күні бұның соңы қайғылы оқиғаға ұшырататыны анық, — деді Жакен Артықов.

Рейд кезінде тәртіп бұзғандарға ескерту берілді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button