Қысқарту мақсаты — қаржы үнемдеу емес, оңтайландыру
Қараша айының басында Елбасы Н.Назарбаевтың мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту жөніндегі Жарлығы күшіне еніп, шенеуніктер саны 15 пайызға — 15 мыңнан аса мемлекеттік және 10 мыңнан аса күштік құрылым қызметкері қысқарды.
Бұл әңгіме әуелгіде Қаржы министрлігінен шықты. Естеріңізде болса, мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту жөнінде «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын ҚР Парламентіне таныстыру барысында Қаржы министрі Болат Жәмішев айтқан еді. Жұмыссыздар армиясы қатары толыға ма деп тосыла қараған жұрттың күдігін Министрлер кабинетінің «бұл қысқарту мемлекеттік аппараттың қызметін жақсартып, тиімді етеді» деген пікірі біраз сейілткендей. Болат Жәмішевтің бұлай батыл шешім айтуының себебі бар, соңғы он жылда мемлекеттік қызметкерлердің саны екі есеге жуық өскен — 2001 жылы олардың саны 62 мың болса, 2010 жылы 102 мыңнан асып жығылыпты. «10 жылда мемлекеттік қызметкерлер санының 50 пайызға көбейгені жұмыс ауқымының артқандығына байланысты емес. Сондықтан мемлекеттік шенеуніктерді 15 пайызға қысқарту туралы саяси шешім қабылданған болатын», — деп мәлімдеген еді Жәмішев.
Бұл оңтайландыру реформасының нәтижесінде үкімет 18 миллиард теңгедей қаржы үнемдемек. Бірақ жоба авторлары бұл реформаның негізгі мақсаты қаржы үнемдеу емес, оптимизациялау, яғни оңтайландыру деп отыр.
— Оңтайландыру деген мәселе бірнеше жылдан бері айтылып келе жатыр. Есіңізде болса, үш-төрт жыл бұрын «мемлекеттік қызметкер» деген түсінік құжаттарымызға еніп, мемлекеттік органдар атқаратын кейбір функционалдық міндеттер «мемлекеттік қызмет» деп атала бастады және соған сай «мемлекеттік қызметтің сапасы» деген түсінік те енгізілді. Басты мақсат — халыққа көрсететін қызметтің сапасын арттыру. Яғни қызмет көрсетуші мен оны тұтынушы арасында сыбайлас жемқорлыққа апаратын байланысты болдырмау мақсатында басқа да жұмыстар жасалды.
Меніңше, оңтайландыру деген бір реттік жұмыс емес. Мысалы, 2005 жылдары басқармалар мен департаменттердің кейбіреулерінің аттары, соған сай функционалдық қызметтері өзгерді, кейбірі бір-біріне қосылды, бөлінді. Яғни оңтайландыру алдағы жылы да жалғасуы мүмкін.
Биыл Елбасының мемлекеттік органдардың жұмысын бағалау туралы тағы бір Жарлығы шыққан болатын, яғни 2007 жылы мемлекеттік қызметтің сапасы қаралатын болса, енді түгелдей мемлекеттік органдардың жұмысына баға берілетін болады. Мысалы, жақында өткен қысқарту нәтижесінде аудандағы сегіз бөлім бір-бірімен қосылып, төрт бөлім болды. Бірақ олар сан жағынан біріктірілді, ендігі жерде сапаға баса мән берілетін болады.
Жұмыс сапасын жақсартуға бағытталған мұндай реформалар батыстың дамыған елдерінде тұрақты жүргізіліп тұрады. Кейбір елдерде тіпті қысқарту жөніндегі басқармалар да бар көрінеді, олар мемлекеттік қызметтерге үнемі сараптама жасап, қоғамға шынымен қажет қызметтің аясын кеңейтіп, қажет емесін қысқартып отырады. Яғни бізде де ендігі жерде сапалы жұмыс жасайтын мемлекеттік органдар қалып, сапасыздары қысқаратын болар деп ойлаймын, — дейді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасының бастығы Нұрлан Сүйінбаев.
Н.Сүйінбаевтың айтуынша, Ақтөбе облысында осы жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша 5422 адам мемлекеттік қызметте болған, оның ішінде қысқартуға жатпайтын саяси мемлекеттік қызметшілердің саны — 168 адам және түрлі деңгейдегі 76 мәслихат аппаратының қызметкерлері бар. Яғни қалған 5178 мемлекеттік қызметкердің 15 пайызы — 777 адам жұмыстан қысқарды.
— Дұрысы, 777 адам емес, 777 орын қысқарды. Осы 777-нің 384-і — жергілікті мемлекеттік органдардың лауазымдары. Олар туралы мәлімет толық жиналды. Бұлардың ішінде орындары қысқарған басқарма бастықтарының орынбасарлары, бас мамандар, бөлім бастықтары да бар. Қазір қалған 393 орынның қаншасы вакантты орын, қаншасы қызметкер екенін анықтайтын мәліметтер жинақталып жатыр. Қысқару нәтижесінде аудандық экономика бөлімі кәсіпкерлік бөлімімен, архитектура — құрылыспен, спорт — біліммен, ауыл шаруашылығы ветеринария бөлімімен қосылды. Қысқарту, әрине, ешкімге оңай тиген жоқ. Әрбір адамның артында отбасы тұр. Адамдардың жағдайларына қарауға тырыстық. Және біздің мекеменің міндетіне кірмесе де, қысқаруға ұшыраған қызметкерлердің барлығы жұмысқа орналасты ма, жоқ па, оларға әрі қарай қалай қолдау көрсетуге болады — осы жөнінде ақпарат жинап жатырмыз,— дейді Н.Сүйінбаев.
Басқарма бастығы қазірдің өзінде жұмыстан қысқарып қалған кейбір адамдардың арасында түсінбеушіліктер туындап, арыз-шағымның түсіп жатқандығын айтады. Барлық арыз-шағым мұқият зерттеліп, жауап берілетін болады.
Не дейсіз?
Асылбек Егізбаев,
Хромтау қаласындағы
«Керуен» ЖШС төрағасы:
— Мен еңбек жолымды Дөң тау кен байыту комбинатында бастап, тәуелсіздік жылдарынан бері кәсіпкерлік саласында жұмыс жасап келе жатырмын. Кәсіпкерліктің өз талабы, жазылмаған заңдылықтары бар, ол — үнем мен өлшем. Бірін-бірі толықтыратын осы екі ұғым табыстың бастау көзі деп білемін. Қоғамның қай саласында болмасын, үнем мен өлшемді қатар алып жүрсе, қашанда табыс болар еді деп ойлаймын.
Мемлекеттік қызмет саласында жүргізіліп жатқан жұмысы сабақтас мекемелерді біріктіру, артық штаттарды қысқарту Үкіметіміздің дұрыс жасап отырған саясаты деп түсінемін. Әсіресе, жоғарыда отырған министрліктер мен басқарма, департаменттердегі өзінің нақты міндеттерін білмей жалақы алып отырғандарды әлі де қысқартыңқыраса болатын шығар деп ойлаймын. Барлығы елдің мүддесі мен мемлекеттің қалтасы, айналып келгенде халық үшін жасалып жатқан іс деп түсінемін.
Серғали Айжарықов,
Қобда ауданы бойынша
салық басқармасының бастығы:
— Елбасының Жарлығы бойынша жүргізілген мемлекеттік қызметкерлердің санын 15 пайызға қысқартуды халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған жұмыстың бір парасы деп түсінемін. Оның орнына елдегі кәсіпкерлік саласын дамыту керек. «Мені үкімет бағады» деген масылдық көзқарастан арылып, әрбір адам өз күнін өзі көруге үйрену керек. Қоғамның талабы осылай. Бұл қысқартуға соншалықты қорқынышпен қарауға болмайды, өйткені қандай да маман болмасын, өз ісінің білгірі, білікті маман болса, жұмыссыз қалмайды деп ойлаймын.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Мәжіліс депутаты:
— Мемлекеттік жұмыста жүргендердің барлығы білімі, дипломы бар азаматтар болғандықтан, олар қысқартуға іліккен жағдайда да далада қалмайды деп ойлаймын. Қысқартуға ілігетіндердің көбісі жастар болуы да мүмкін. Мұндай жағдайда жастар басқа салаларға бейімделіп, тіпті екінші мамандыққа маманданып та үлгеруі мүмкін. Сондай-ақ мемлекетіміз де соншама маманды қысқартып, бетімен жібере салады деп ойламаймын. Жергілікті жердегі еңбекпен қамту бөлімдері арқылы олардың біліктілігі мен білімдеріне қарай жұмыспен қамтамасыз етілуі әбден мүмкін. Ал кейбіреуі нарық жағдайына бейімделіп, жеке істерін ашып кетуі де ықтимал. Жалпы, елімізде жеке іспен айналысуға да мол мүмкіндік болғандықтан, соншалықты алаңдауға негіз жоқ секілді.
(«Алаш айнасы» басылымынан)
М.ТАБЫН.




