Жаңалықтар

Мүгедектігі бар азаматтарға біржолғы төлем төленеді

11 қазан — Мүгедектер күні

Мүгедектер күні қарсаңында облыстық әкімдікте облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаровтың жетекшілігімен «Кедергісіз қоғам қалыптастыру — басты міндет» атты кеңес өтті. Кеңес жұмысына мүмкіндігі шектеулі жандармен тікелей жұмыс жасап жүрген үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен өкілдері, мүгедектігі бар белсенді азаматтар қатысты. Сондай-ақ жиынды барлық аудан әкімдерінің орынбасарлары онлайн көріп отырды.

Жиынды бастаған Руслан Хамбаров облыс көлемінде мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты атқарылып жатқан жұмыстардың кейбіріне тоқталып өтті.

— Мемлекеттің басты міндеттерінің бірі — халықтың барлық санатын қамқорлыққа алып, әлеуметтік қорғау. Бүгінде облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саны — 27382, соның 3777-сі — балалар. Облыс бойынша осы санаттағы адамдардың мұң-мұқтажы мен ұсыныс-тілегін жақсы білетін 20-дан астам үкіметтік емес ұйым жұмыс жасайды. Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдау мақсатында жыл сайын қаржыландыру көзі ұлғайып келеді. Биыл республикалық және жергілікті бюджеттерден 2 миллиард 600 миллион теңге бөлінді. Былтыр бұл сома 1 миллиард 800 миллион теңге болды. Биыл екі әлеуметтік интернаттың жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Келесі жылы күрделі жөндеу жүргізіледі. Интернаттардың материалдық базасы жаңартылады. Шешімін күтіп тұрған мәселелер кезең-кезеңімен біртіндеп шешілетін болады. «Ардагерлер туралы» заңға түзету енгізіліп, оған республикалық және жергілікті бюджеттерден тиісті төлемдер алатын тәжік-ауған шекарасы мен Таулы Қарабақтағы соғыс қимылдарына қатысқандар қосымша  енгізілді. Сондай-ақ, алдағы 2021 жылы Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер мен мүгедектерге Жеңіс күніне орай 2 миллион теңгеден беру мәселесі қаралып жатыр. Қазіргі таңда облыстағы барлық топтағы мүгедектердің қоғамдық көлікте тегін жүруі қарастырылып жатыр. Бұл мәселе оң шешіліп, 1 қаңтардан бастап жүзеге асып қалар, — дейді Р.Хамбаров.

Одан әрі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова облыс аумағында мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды әлеуметтендіру, қоғамға бейімдеу мақсатында жасалған жұмыстар туралы айтты.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтендіру, оларға қолайлы жағдай туғызу — басты міндетіміз. Ең негізгісі — еңбекке тарту. Министрлік тарапынан елімізде үш бағыты бар «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылады. Облыс бойынша осы бағдарламаға қатысуға ниет білдірген 814 азамат бізге өтінішпен келді. Нәтижесінде 732 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтамасыз етілді. Айталық, олардың 249-ы тұрақты жұмысқа қабылданса, 387-сі қоғамдық жұмысқа тартылды. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 9 адам жолданды. Облыста үшінші топта мүгедектердің саны 11 мыңға жуық. Бұл көрсеткіш әлі де болса бұл санаттағы адамдардың қоғамға араласуы, еңбекке тартылуы бәсең екендігін көрсетеді. Алдағы уақытта бірігіп, осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізетін боламыз. «Бастау-Бизнес» бағдарламасы арқылы оқып, сертификатын алған мүгедектігі бар 35 адам өз кәсіптерін ашып, жұмыс істеп жатыр. Биыл алғаш рет пандемияға байланысты «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы жүзеге асырылды. Облыста 11 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуымыз қажет болатын, соның 56-сы — мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Республика тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтендіру, еңбекпен қамту мақсатында арнайы жұмыс орындарын ашу үшін республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді. Ақтөбе облысына мүгедектігі бар 14 адамға жұмыс орнын ашу тапсырылды. Қазіргі таңда бұл тапсырманы тек Шалқар, Хромтау және Қобда аудандары ғана орындап отыр. Жыл соңына дейін бұл тапсырманы тиянақтауымыз керек, — деді Бұлбұл Ораққызы.

Биыл 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бар азаматтар үшін әлеуметтік қызметтер көрсету порталы іске қосылды. Бүгінгі күні мүгедектер портал бойынша  арнайы тандауды қажет етпейтін техникалық жабдықтардың 24 түрін алып отыр. Бұлбұл Ораққызының айтуынша, осы санаттағы азаматтарға порталды қолдануға ықпал ету үшін Ақтөбе қаласы мен аудандарда қызмет көрсететін 22 орын ашылды, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап  55 түрі көрсетілетін болады.

Сондай-ақ тірек-қимыл аппараты және көру қабілеті бұзылған 800 мүгедекке «Инватакси» қызметі көрсетіледі, жергілікті бюджеттен 62,7 млн теңге қаралды. Қазіргі уақытта бұл қызмет Ақтөбе қаласы мен Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар, Темір, Хромтау және Шалқар аудандарында бар.

Жиында сөз сөйлеген Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменова: «Қазан айының екінші жексенбісі — Мүгедектер күні. Бұл күн — мейрам емес, есеп беру күні», — деді. Отыз жыл ішінде мүгедектігі бар азаматтардың әл-ауқаты түбегейлі өзгергенін айтқан Құралай Базарбайқызы сөзін «Мүгедектер арбасы бар, бірақ оны жөндейтін станция жоқ!» деп түйіндеді. Облыс әкімінің орынбасары осы секілді біраз ұсыныс-тілекті қойын дәптеріне түртіп алды.

Жиын барысында Руслан Хамбаров облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ғимаратының бірінші қабатында өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы ашылатынын, мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта қалыптастырып, қолайлы жағдай жасалатынын айтты.

Айтпақшы, жергілікті атқарушы органдардың шешімдерімен Мүгедектер күніне орай мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жалпы көлемі — 910,0 млн теңге болатын біржолғы төлем төленеді.

Шара соңында мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасауға үлес қосқан қоғамдық бірлестіктердің белсенді бес өкілі облыс әкімінің және әлеуметтік саланың дамуына үлес қосып жүрген бес қызметкер облыс әкімі орынбасарының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button