БілімЖаңалықтар

43 колледждің мерейі

Кеше Ақтөбе қаласындағы «Шығармашылық академиясы» ғимаратында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің 80 жылдық мерейтойы атап өтілді. Салтанатты шара барысында аталған сала ардагерлері мен өкілдеріне Білім және ғылым министрі, атқарушы билік, өзге де құзырлы органдардың Алғыс хаты табысталып, құрмет көрсетілді.

Кеште техникалық және кәсіптік білім беру саласының тарихы ХІХ ғасырдың 80- жылдарынан бастау алып, елімізде тұңғыш мұғалімдер семинариясы 1883 жылы Ыбырай Алтынсариннің басшылығымен Орск қаласында ашылғаны туралы айтылып, одан соң өңірдегі жылнамаларға кезек берілді. Айталық, Ақтөбе облысында 1938-1940 жылдардан бері кәсіптік училище, теміржол училищесі, фабрика-заводтық училищелері мамандар даярлай бастаған деседі. Ал бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің облыстағы дамуы тіптен бөлек. 43 колледжде 150-ге жуық біліктілік бойынша мамандар даярланады. Соның ішінде 27 колледж орта кәсіби білім берсе, ал 14-і жұмысшы кадрлар, 16-сы аралас мамандар даярлау бағытында жұмыс істейді. Қазіргі кезде облыстағы колледждерде 20 мыңнан астам жігіт пен қыз білім алып жатыр.

Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет колледж ардагерлері мен қызметкерлерін осынау мерейлі датамен құттықтап, лебізін білдірді:

— Сіздерді облыс басшылығы атынан техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің 80 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Осы салада 80 жылдан бері көптеген жұмыстардың жасалғаны туралы жақсы айтылды. Оң өзгерістер көп. Бұл ең алдымен еліміздің дамуы үшін өзіндік септігін тигізді. Қазіргі таңда да техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жақсы қарқынмен келе жатыр. Мемлекеттік қолдау да орасан. Өйткені біздің Ақтөбе — өндірісі дамыған, осы саладағы жұмыстар ерекше жолға қойылған өңір, — дей келе, бір топ педагогке Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасын, облыс әкімі мен салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы өңірдегі ұйымының Алғыс хатын табыс етті.

Сондай-ақ, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова өңірдегі білім беру саласының дамуы, колледждердің жай-күйі туралы баяндама жасаса, ардагерлер кейінгі буынға ақыл-кеңесін айтты.

Ән-биге ұласқан шарада А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің түлектері —Димаш Құдайберген мен Жадыра Арыстанованың бейнеқұттықтаулары көрсетіліп, құрметті демалыстағы ұстаздарға гүлдер ұсынылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button