Жаңалықтар

Еңбек қауіпсіздігі: шағымдар мен тексерулер

Брифинг

Облыста жыл басынан бері жұмыс барысында 54 адам жарақат алып, 11 адам қаза болған. Тірі қалған азаматтар арасында мүгедек болып қалғандары да бар. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Саламат Аманбаев айтты.

Брифингте басқарма мамандарының жыл басынан бергі еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласын бақылау, еңбек жанжалдарын реттеу және қабылданған шаралар бойынша жұмысының қорытындылары айтылды.

Ақтөбе облысының еңбек инспекторлары бақылау функциялары аясында азаматтардың өтініштері бойынша 251 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтижесінде 341 заңбұзушылық анықталыпты. Басқарма басшысы ең көп заңбұзушылықтар саны еңбек қатынастары мәселелері бойынша анықталғанын айтады.

— Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының №229 Жарлығына сәйкес микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тексерулер жүргізуге енгізілген мораторийге байланысты бүгінде тексеріс азайды. Тұрғындар тарапынан түсетін шағымдар саны да өткен жылға қарағанда аз. Тексеріс барысында заңбұзушылықтар анықталып жатса, әкімшілік іс қозғалатынын білесіздер. Биыл осындай тексеріс нәтижесінде 44 әкімшілік іс қозғалып, жұмыс берушілерге 8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды, — деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ ол жұмыс барысында 54 адамның жарақат алып, оның ішінде 7 адамның мүгедек болып қалғанын айтты. Ал жыл басынан бері жазатайым оқиғадан 11 адам қаза болыпты.

Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері — жұмыс берушілердің жұмыс өндірісін дұрыс ұйымдастырмауынан және еңбек қауіпсіздігі тәсілдерін оқытудағы кемшіліктер, сондай-ақ қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау ережелерін бұзуы. Жазатайым оқиғаларды тергеудің 25 материалы ішкі істер органдарына берілді, — деді басқарма басшысы.

Баспасөз мәслихаты барысында Саламат Аманбаев жалақыларын уақтылы төлемей отырған мекемелермен де нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Бүгінде жұмысшыларының айлығын уақытында бермей отырған екі мекеме республикалық дейгейдегі мониторингтің, ал 5 мекеме аймақтық деңгейдегі мониторингтің бақылауында тұр.

Айта кетейік, өткен жылы Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы аясында Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы ғимаратында республика бойынша алғаш рет еңбек дауларын шешетін кабинет ашылған болатын. Сол кезде Ақтөбе қаласының соты, Ақтөбе қаласының №3 соты, Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы және Ақтөбе облысының Кәсіподақ орталығы, «Ақтөбе облысының медиаторлар кеңесі» қоғамдық бірлестігі, «Халықаралық құқық қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігі арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандум жасалған болатын. Меморандум мақсаты — еңбек дауларының алдын алу, қоғамдағы жанжалды азайту және дауларды соттан тыс реттеудің баламалы тәсілдерін одан әрі дамыту мақсатындағы ынтымақтастық. Осылайша, ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін медиативтік келісім нәтижесінде 42 азаматқа 18,3 миллион теңге төленді.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button