Басты жаңалықтар

«Ақтөбе» газеті — Ырғыз ауданында

Ырғыз — қазақы тірліктің қаймағы бұзылмаған, ғасырлар қойнауындағы талай тарихтың куәсі болған мекен. 1845 жылы әскери бекініс ретінде іргетасы қаланған Ырғызды украин халқының ақыны әрі суретшісі Т.Шевченко «Ырғыз қала» атты әйгілі суретінде бейнелеген. Биыл осы қасиетті мекен — Ырғыздың іргетасы қаланғанына 175 жыл толып, ауданда мерейтойлық іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ ауданның төл басылымы — «Ырғыз» газетіне 90 жыл толғанын атап өткен жөн.

Бүгінде аудан уақыт талабына сай жедел қарқынмен дамып, өркендеп келеді. Жыл сайын аудан халқының саны өсіп, жаңадан заманауи ғимараттар мен тұрғын үйлер салынуда.

Табиғи резерватта 360 жәдігер бар

Ырғыз — табиғаты өзгеше өңір. Бұл мекеннің әсем табиғатын жырға да, әнге де қосқандар аз емес. Жалпы, Ырғыз өңірінде 80-нен астам көл бар. Оның 60-қа жуығы жыл құстарының жолындағы сулы-батпақты мекен.

Бүгінгі күні аудандағы Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты — ғылыми мекеме мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Резерват аумағы көлемі жағынан елімізде, тіпті дүниежүзінде ауқымдылығымен ерекшеленеді.

Мемлекет қаржысы есебінен (327,1 млн теңге) Ырғыз селосында резерваттың қазіргі заманауи қондырғылармен, көрнекіліктермен жабдықталған әкімшілік ғимараты кешенінің және Айырмола учаскесінен инспекторлар үйінің (кардон) құрылысы салынып, 2011 жылы пайдалануға берілді.

Резерват ашылғаннан бергі уақытта бұл аумақта киіктер саны 10 есеге өсіп, 22,8 мыңнан 216 мыңға жеткен. Бір мезгілде резерваттың күзет аумағында 60 мыңнан астам киік бар.

Бүгінде бұл мекемеде 100-ге жуық адам жұмыс жасайды. Оның ішінде мемлекеттік инспекторлардың көбі ерекше қорғалатын аумақтағы Нұра, Тәуіп, Жайсаңбай ауылдық округтеріне қарасты елді мекендерде тұрады. Ал резерваттың табиғат мұражайында барлығы 360 жәдігер жинақталған, заман талабына сай келушілер орталығы жасақталған.

Резерват ғимаратына орналастырылған «DAVIS» ауа райын бақылау бекеті қондырғысы  ауа райы жайлы толыққанды мәліметтер жинақтайды. Жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің, киіктердің есебін алуға, ареалдарын картаға түсіруде Garmin және MAPINFOW бағдарламалары қолданылады. Жыл сайынғы киіктердің Бетпақдала таралымының әуе санағына резерват инспекторлары қатысады, жекелеген киіктерге спутниктік бақылау орнату арқылы олардың таралымы бақыланады.

Өсімдіктер дүниесіне түгендеу барысында Қызыл кітапқа енген леман қызғалдағының, 4 эндемик, 28 дәрілік өсімдік түрінің аудан аумағында өсетіні анықталған.

Үш мектептің үлгісі

Бүгінгі таңда аудан орталығында қазақ тілінде орта білім беретін үш мектеп бар. Олар: Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп, Ырғыз гимназиясы және №1 қазақ орта мектебі.

Көп жылдық тарихы бар Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінде бүгінгі күні 655 бала білім алуда. Сондай-ақ білім ордасында 100 педагог, 41 кіші қызметкер жұмыс істейді. Биыл 1-сыныпқа 66 бала қабылданған. Тамыз айында мектепке биология, химия, физика, робототехника кабинеттері жаңа үлгіде жаңартылған. Мектептің ғимаратына ішкі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бейнебақылау құралдарымен толық қамтамасыз етілген.

  • Биылғы оқу жылында карантиндік талаптарды сақтау, адам денсаулығының маңыздылығын ескеру мақсатында 1-4 сынып оқушылары дәстүрлі түрде, яғни кезекші сыныптар құру арқылы, ал қалған 5-11 сыныптарда қашықтан оқыту жүйесі бойынша білім алуда. Сондай-ақ жуырда мектебіміздің 13 мұғалімі қашықтан оқыту курстарына қатысып, өз біліктіліктерін арттырды.

Биылғы оқу жылында мектебімізде дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы, сондай-ақ бірқатар демеушілердің қолдауымен қайырымдылық шаралары өткізіліп, үздік оқушылар мен ұстаздарымыз марапатталды, — дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алмагүл Бекниязова.

Айта кету керек, биыл Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп аудан бойынша «Ең үздік орта мектеп» атанған.

Аудан орталығындағы үздік білім ордаларының бірі — Ырғыз гимназиясы. Бұл оқу орны 1983 жылы Ырғыз сегіз жылдық мектебі болып құрылып, 1999-2004 жылдары Ырғыз орталау, Ырғыз негізгі мектебі болып өзгертілді. Ал 2009 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Ырғыз гимназиясы болып ашылды. Гимназия жанынан 60 орындық балалар интернаты, 60 орындық асхана, спортзал пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда Ырғыз гимназиясы — облыстағы жаратылыстану бағытында білім беретін мектептердің бірі. Биылғы жаңа оқу жылында мұнда 454 бала білім алуда, 70 педагог қызмет жасайды.

Бүгінгі күнге дейін гимназияның қол жеткізген жетістіктері көп. Олардың ішінде ең атаулысы — өткен жылы гимназия директоры Зәуреш Махаеваның «Заманауи білім беру ұйымының басшысы» атағын жеңіп алуы.

Гимназия директорының айтуынша, бүгінгі күні білім ордасы соңғы үлгідегі ІТ және  робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Биылғы оқу жылында лингофон кабинеті өз жұмысын бастады. Барлық шаралар онлайн режимде өткізілуде. Оқу орнында оқушылар шығармашылығын дамытуға арналған гимназияішілік «Серпін» радиоторабы,  қыз балалардың тігін цехы мен тамақ дайындау кабинеті, ер балалар шеберханасы бар.

Қазір шектеу шараларына байланысты бастауыш сыныптар кезекшілік арқылы, ал жоғары сыныптар қашықтан білім алуда.

Аудан орталығындағы №1 қазақ орта мектебі 2006 жылы қыркүйек айында ашылды. Мектеп директоры Қуанышбек Маханбетов — ұжымды ауызбіршілікке бастап, мектептің оқу-тәрбие үрдісін сара жолға салуда жаңашылдығымен көзге түсіп жүрген білікті басшы. Бүгінгі күні бұл оқу ордасында 344 оқушы білім алуда. Оның ішінде 5-11 сыныптарда оқитын 224 бала Daryn Online, Kundelik.kz платформалары арқылы қашықтан білім алып жатыр.

Айта кету керек, жуырда аталған мектептің дарынды оқушылары Ырғыздың іргетасы қаланғанына 175 жыл толуына орай өткізілген «Жұлдызың жарқырай берсін, Ырғызым!» аудандық эссе жазу және «Ырғыз» газетінің 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Төл басылым — тоқсанның төрінде» атты онлайн-шығармашылық байқауларында жүлделі орындарға ие болды.

Жетістіктері жетерлік, дарынды оқушылары мен тәжірибелі ұстаздары көп бұл мектептер аудандағы білім саласының дамуына зор үлес қосып келеді.

Ақ халаттылар еңбегі

Биыл әлемді жайлаған індет кезінде Ырғыз ауданының дәрігерлері де үздіксіз жұмыс істеді. Аудандық аурухана қызметкерлері өздерінің ішкі қорқыныштарын тежеп, бар білімін, күш-жігерін салып, науқастарды емдеді. Қорғаныс құралдарын қолданса да медицина қызметкерлерінің арасында 17 адам індетке шалдығып, ПТР-зерттеудің қорытындысы бойынша ем алды. Олардың ішінде 9 қызметкер мемлекет тарапынан  әлеуметтік көмек ретінде 2 млн теңге қаржылай қолдауға ие болды.

Пандемия кезінде ауданда тұрғындарды дерттен емдеп, күндіз-түні тынбай еңбек еткен медицина қызметкерлерінің арасында дәрігер-инфекционист И.Жолдасова, акушер-гинеколог М.Нұрғалиева, дәрігер-реаниматолог М.Күшенов, дәрігер-терапевт Д.Жанай,  №3 жалпы тәжірибелі аумақ мейірбикесі С.Тілеубергенова, №4 жалпы тәжірибелі аумақ мейірбикесі Р.Тұрмамбетова, күндізгі стационар мейірбикесі Г.Қаниева, Тәуіп дәрігерлік амбулаториясының мейірбикесі К.Рятова, Қызылжар дәрігерлік амбулаториясының мейірбикесі Н.Есқарина, терапия бөлімінің мейірбикесі М.Спановалар бар.

Қазіргі таңда аудандық орталық ауруханаға қарасты тәулігіне 300 адам қабылдайтын емхана, 49 төсектік аурухана, 5 дәрігерлік амбулатория, 12 медициналық пункт, сонымен қатар 35 төсектік күндізгі стационар тұрғындарға медициналық көмек көрсетуде.

Ауданда халыққа медициналық көмек көрсететін 39 дәрігер, 133 мейірбике бар. Сонымен қатар 9 жалпы тәжірибелік дәрігер және 2 педиатриялық аймақ жұмыс жасайды.

Биыл аудандық ауруханаға заман талабына сай көптеген құрал-жабдықтар, медициналық аппараттар алынған. Атап айтсақ, жасанды өкпе аппараттары, 2 рентген аппараты, дезкамера, дифибрилятор, кереует жанындағы монитор және УЗИ аппараты.

Қазіргі таңда аудандық ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Қызылжардағы қызу қарқын

Аудан орталығына барар жолда Құрылыс деген ауыл бар. Бұрын үлкен ұжымшар болып қалыптасқан елді мекен — қазір Қызылжар ауылдық округінің орталығы. Бұл округ құрамында Құрылыс, Жаныс би, Шеңбертал елді мекендері бар. Округ бойынша халық саны — 2347.

Өткен жылы Қызылжар ауылдық модельді кітапханасы жанынан коворкинг орталығы, Жаныс би, Шеңбертал ауылдарында ауылдық клуб, кітапханалар ашылып, 8 адам жұмысқа орналастырылған. Биыл жаз айларында Құрылыс ауылына талшықты-оптикалық байланыс желілері жүргізіліп, 160 үй интернетпен қамтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл жыл соңына дейін Жаныс би, Шеңбертал ауылдарында да жүргізілмек.

Округ әкімі Марс Сейілхановтың айтуынша, қазіргі таңда Жаныс би, Шеңбертал елді мекендерін ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ауыл көшелерін жарықтандыру бойынша жұмыстар жалғасуда.

Айта кету керек, биыл округ әкімінің бастамасымен Құрылыс ауылындағы әкімшілік ғимаратының қасбеті жаңартылып, елді мекеннің орталығындағы саябаққа абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тас төсеніштер төселген. Қазіргі таңда осы ауылдан шыққан даңқты перзенттерді ұлықтау мақсатында бірнеше жоба қолға алынуда.

Негізінен, мал шаруашылығымен айналысатын округте қазір бір серіктестік, 5 өндірістік кооперативі, 61 шаруа қожалығы, 50 кәсіпкерлік нысаны бар.

Қазір Құрылыста жұмыс қарқыны қызу жүріп жатыр: шаруалар мал азығын дайындап, шөп тасыса, тұрғындар қысқа отын жинауда. Ал ауыл жастары жаңа оқу жылында жаңа бастамаларды қолға алуда. Қызылжарлықтардың ендігі бір тілегі — ауылға көгілдір отынның келуі.

P.S. Биылғы жылы дәстүрлі басылым «Ақтөбе» газетіне жазылу науқанының қорытындысы бойынша ырғыздықтар көш бастап тұр. Осы орайда бүгін «Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің өкілдері аудандағы бірқатар белсенді және жанашыр оқырмандарды марапаттайды. 

«Ақтөбенің» анықтамасы

Тарихи деректерге сүйенсек, 1945-1947 жылдары аудан ауыл шаруашылығының барлық саласы бойынша жоспарды артығымен орындаған. 1948 жылдың көрсеткішіне сәйкес бұл ауданнан 26 адам Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынылған. Олар:

  1. Бозша Алтаев
  2. Құтпанбет Ақпанов
  3. Айтжан Асанов
  4. Алтынбек Əкімжанов
  5. Əмірхан Барысбаев
  6. Нұрқасым Бердіқұлов
  7. Жұмабек Дүйісов
  8. Нұртұяқ Жаманшин
  9. Шолтық Жоланов
  10. Оразбай Жұмабаев
  11. Төлеу Манасов
  12. Өтеу Құдайбергенов
  13. Қоңқан Құлмырзин
  14. Сағынбай Көшкімбаев
  15. Тілеумұрат Кішкентаев
  16. Өтеғұл Оразғалиев
  17. Жалпы Ордабаев
  18. Əбдібек Мəмбетов
  19. Алмат Рысбаев
  20. Оңғар Райымбаев
  21. Пішен Төрекелдин
  22. Қолғанат Тоқбаев
  23. Есен Игібаев
  24. Шынтай Ырғызбаев
  25. Əлішбек Шахин
  26. Қызтуған Шегебаев.

***

Ырғызда тұңғыш рет:

1856 жылы Ырғыз метеорологиялық стансасы ашылып, сол уақыттан бері жұмыс жасап келеді.

1864 жылы 25 қазанда Ырғызда қазіргі Ақтөбе аймағындағы ең алғашқы бастауыш қазақ мектебі ашылды.

1868 жылы Ырғыз қала статусына ие болып, қала атағын 1925 жылға дейін сақтады. 1879 жылы Ырғыз қаласында Ы.Алтынсариннің ықпалымен екі кластық орыс-қазақ училищесі ашылды.

1883 жылы күзде Ырғызда Ы.Алтынсарин қазақ даласындағы алғашқы халықтық кітапхананы ашты.

1887 жылы Ырғыз қаласында Қазақстандағы тұңғыш қазақ қыздар училищесі ашылды. 1887 жылы Ырғызда тұрғындарға арналған 10 орынға арналған аурухана ашылды. Қазақтың тұңғыш дəрігері Мұхамбетжан Қарабаев осы ауруханада қызмет етті.

1882 жылы облыста алғашқылардың бірі болып пошта бөлімшесі ашылып, ол 1886 жылы пошта-телеграф кеңсесі болып қайта құрылды.

 

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button