Жаңалықтар

Ел игілігін еселегендер еленді

Кәсіподақ

Қарттар күні мерекесі қарсаңында бір топ ауыл шаруашылығы саласының еңбек ардагерлері «Еңбек даңқы» және «Құрметті ардагері» төсбелгілерімен марапатталды.

Облыстық кәсіподақтар орталығында өткен мерекелік басқосуда ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша филиалының төрағасы Тұрақбай Сұлтанғалиев кезінде ел игілігін еселуге айтарлықтай үлес қосқан қарттарды мерекелерімен құттықтап, салтанатты жағдайда марапаттарын омырауларына тақты.

Бұл жолы марапатқа ие болғандар, негізінен, зоотехник, мал дәрігері, агроном мамандықтары бойынша ұжымшарлар мен кеңшарларда ұзақ жылдар қызмет істеп, ауылдың, ауданның басшылығына дейін көтерілген азаматтар. Аяғына керзі етік киіп, қарапайым еңбек адамдарымен бірге, біте қайнасып қызмет істеген Әлібек Қалмурзаев, Байзақ Махмут, Мұрат Толыбеков, Қуат Қунақбаев, Мұхамбетяр Құлжігітов, Ізбасар Төлегенов, Қанат Дүйсенов, Жанұзақ Сағымбаев сынды шаруашылықтардың іскер мамандарын, әрине, ауылдастары ұмытқан жоқ. Ал  марапатқа ие болғандардың ішінде Түлкібай Сәдірбаевтың, Әмір Бектаубаевтың мамандығы экономист, алайда олардың да еңбек жолы ауыл шаруашылығымен тығыз байланыста өткен.

— Кеңшарда 7 жыл бас экономист болғанда кеңседе отырғаным жоқ. Ауылда жыл он екі ай науқан, жазда комбайнға отырып егін ордым, қыста малға жәрдем бердім, — деді үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» және «Құрметті ардагері» төсбелгілерімен марапатталған Түлкібай.

Сондай-ақ осы салтанатта ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар қызмет істеген Әлібек Саринге бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі, Есен Бурхановқа екінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі тапсырылды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ардагерлер кеңесінің мүшесі Темірхан Бектеубаев Нұр-Сұлтан қаласында еліміздің ауыл шаруашылығының Құрметті ардагерлері туралы анықтамалық кітап шығарылғанын жеткізді. Ақтөбе облысы бойынша осы кітапқа енген төрт адамға салтанатты жағдайда анықтамалық кітап тапсырылды. Соның бірі —Болатбек Шақарбеков. Жетпісінші жылдардың ортасында Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын тәмамдаған жас маман бұрынғы Комсомол, Новоресей аудандарының кеңшарларында мамандығы бойынша қызмет істеп, «Жабасақ» шаруашылығының басшысына дейін көтерілді. Соңғы 15-16 жыл бойы Ақтөбе қаласындағы «Тұрғынүйқалашығы» жабық базарының директоры болып жұмыс істеп келеді.

Басқосу соңында жиналғандар атынан ауыл шаруашылығы саласының белгілі қайраткері, Құрметті ардагері, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің толық иегері Байзақ Махмут, тағы басқалары Қарттар мерекесі қарсаңында ұзақ жылғы еңбектерін елегені үшін еліміздің Ауыл шаруашылығы  ардагерлер кеңесінің қоғамдық бірлестігіне шексіз ризашылықтарын білдірді.

Жиын соңында ардагерлер ескерткіш суретке түсті.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button