Жаңалықтар

Сегіз айдың қорытындысы қандай?

Брифинг

Сәрсенбі күні «Antikor ortalygy» сервистік ғимаратында «Қазақстан Республикасының заңнамасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалар және жедел-тергеу жұмыстарының нәтижелері туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

Онда Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Бауыржан Балғабеков биылғы жылдың 8 айында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Оның айтуынша, департамент мамандарының жедел-тергеу жұмыстарының нәтижесінде биыл жыл басынан бері облыста 79 қылмыс тіркелген, оның 61-і — сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш саны 33-тен 56-ға өскен. Тіркелген сыбайлас жемқорлық деректерінің 27-сі  — бюджет қаражатын жымқыру, 29-ы — пара алу деректері.

  • Биыл өткен жылмен салыстырғанда қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтардың саны өсіп отыр. Мәселен, былтыр бұл көрсеткіш саны 31 болса, биыл 43-ке жеткен. Олардың ішінде облыстағы басшылар қатарынан 4 адам, аудандар және қаладан 4 адам тіркелді. Сондай-ақ биылғы жылдың 8 айында шағын және орта бизнеске заңсыз араласуға байланысты 11 қылмыс пен 7 дерек тіркелді. Егер мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру туралы айтатын болсақ, онда 14 қылмыс ашылды, ал құқық қорғау органдары мен Қорғаныс министрлігі арқылы 26 қылмыс тіркелді. Сондай-ақ биыл көлеңкелі экономика субъектілерін анықтау барысында — 22, ал агенттіктің талаптарына сәйкес тергеу амалдарын жүргізу бойынша 20 қылмыстық іс тіркелді. Жыл басынан 36 қылмыстық іс сотқа жолданды. Келтірілген зиян үшін төленген төлем мөлшері — 600,7 миллион теңге. Оның 561,1 миллион теңгесі бюджетке аударылды, — деді Б.Балғабеков.

Баспасөз конференциясында департамент басшысы Президенттің сыбайлас жемқорлыққа байланысты саясатының негізгі бағыттарына да тоқталып өтті.

  • Өткен жылы елімізде жарияланған сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалар топтамасы нақты заңдарда көрініс тапты және тиімді алдын алу құралдары ретінде өзін дәлелдеді. Атап айтсақ, олардың қатарында сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін жұмыстан босату, тәртіптік жауапкершілік, заңдар мен нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу, азаматтарға сыбайлас жемқорлық туралы деректерді дәлелдегені үшін сыйақы тағайындау, тағы басқалар бар, — деді ол.

Айта кету керек, биыл департамент мамандары жемқорлық тәуекелдері бар 10 мемлекеттік мекемеге 8 ішкі талдау шарасын жүргізген. Нәтижесінде 122 дерек тіркеліп, жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 198 ұсыным берілген.

Д.АЙДАР.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button