Жаңалықтар

Бекқұл бабаға арнап ас берілді

Тағзым

Өткен сенбіде белгілі кәсіпкер, меценат Арынғазы Беркінбаев бастаған бір топ азамат Бекқұл әулиенің басына барып, Құран бағыштады.

Осыдан тура 20 жыл бұрын, яғни 2000 жылы қыркүйек айында кәсіпкер Арынғазы Беркінбаевтың бастамасымен салынған Бекқұл әулиенің кесенесі салтанатты түрде ашылған болатын. Қазір осы кесене аумағында қорымдар шоғырланған.

Тарихқа көз жүгіртсек, Бекқұл би шамамен ХVII ғасырдың орта шенінде Ор, Қарғалы өзендері бойын мекен еткен. Ол ел ішіндегі дау-дамайларды, сыртқы қатынастарды реттеуге белсене араласқан. Сондай-ақ тарихта оның көріпкелдік қасиеті болғаны, сол себепті Бекқұл әулие атанғаны туралы деректер де бар.

  • Бұрын осы маңайдан өткенімізде, көлігіміз тоқтап қалып, біраз жол қиындығын көретінбіз. Содан үлкендердің айтуымен, мұнда бір әулиенің жатқанын естіп, Егізтөбе баурайына көтеріліп, Бекқұл бидің құлпытасының ізін тауып алдық. Содан белгілі өлкетанушы Баянғали Құлтаев осы кісінің тарихта би, әулие болғанын зерттеп, бірқатар деректер тапты. Ақырында отбасымызбен игі істі қолға алып, 2000 жылы тамыз айының аяғында Бекқұл бабаның басын көтеріп, кесене салдық. Міне, биыл, кесененің салынғаны 20 жыл толып отыр. Бүгін, осы орайда Бекқұл баба ауылының ақсақалдары мен осы игі іске атсалысқан бірқатар азаматтардың басын қосып, әулиеге Құран бағыштап, ас беріп жатырмыз. Қазір елдегі індетке байланысты көп адам жиналуға болмайды. Сондықтан Бекқұл әулиені ұлықтауға арналған үлкен шараны кейінге қалдырып отырмыз, — дейді А.Беркінбаев.

Айта кету керек, Бекқұл әулие кесенесінің келбетін сызған Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Әділғали Баяндин болса, көп жылдардан бері кесенені қарап, әулиеге зиярат етіп келушілерге қызмет көрсетіп отырған жандар — Алтынбек, Несібелі Тоқмырзиндер. Тоқмырзиндер отбасы осыдан 20 жыл бұрын осы жерге көшіп келген. Несібелі Тоқмырзина өмірінде көп қиындық көріп, жақындарын жоғалтқан. Бекқұл баба аян беріп, содан Егізтөбе баурайына қоныс аударыпты. Қазір ол әулиеге зиярат етіп келушілерге қызмет етіп, сондай-ақ ауырған кісілерді емдейді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button