Жаңалықтар

Жер комиссиясының әділетсіздігі қашан тыйылады?

Жанайқай

Биылғы 24 қыркүйекте Темір ауданы әкімдігінде аудандық жер комиссиясының отырысы өткізілді. Аудан көлеміндегі ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары мен кәсіп ашуға ниеттенген тұлғалар құжаттарын дайындап, жер телімін алу үшін конкурсқа қатысты. Конкурсқа Кеңестуы ауылдық округінің босалқы жерінен жалпы көлемі 7933 гектар болатын 6 жер телімі шығарылып, оған біздің округтен бірнеше шаруа қожалығы мен кәсіп ашуға ниеттенген тұрғындар қатысты. Бірақ конкурс нәтижесінде ауылдық округтің жергілікті тұрғындары мен шаруа қожалықтары бірде-бір жер телімін ала алмады. Олардың орнына ауылға ешқандай пайдасы жоқ, иелері Шұбарқұдықта тұратын шаруа қожалықтары конкурсқа шығарылған барлық жерді иемденіп кетті. Бұған не себеп болды? Бұл жер комиссиясы мүшелерінің өздерінің міндетін дұрыс атқармай, тамыр-таныстыққа салынуынан болды. Себебі жер комиссиясы мүшелерінің көпшілігі аудан орталығында тұратын болғандықтан, олар Шұбарқұдықта тұратын шаруа қожалықтарының басшыларына болысып, солар үшін дауыс берді.

Мәселеге әділеттілікпен қарамады. Соның салдарынан «Кеңестуы» ауылшаруашылық кооперативіне де жер телімі тиген жоқ. Бұл кооператив көп жылдан бері Қопа ауылы тұрғындарының бойдақ малын ақысыз бағып, халыққа пайдасын тигізіп келеді. Бірақ мал жаятын жайылымы тарлық етіп, біраз жылдан бері жер телімін ала алмай жүр. Кооператив мүшелері қосымша жер беру жөнінде көмек сұрап, аудан әкіміне де арызданған еді. Бірақ нәтиже болмады.

Конкурсқа шығарылған жерлерді тамыр-таныстықпен ауданның адамдары алып кете берсе, ауылдың жергілікті тұрғындары не істейді, немен айналысады?

Бұл әділетсіздікке кім тосқауыл болар екен?

«Кеңестуы» ауылшаруашылық кооперативі мүшелерінің атынан

Сағидолла БАЙДЫШЕВ,

Кеңестуы ауылдық округі қоғамдық кеңесінің төрағасы.  

Қопа ауылы,

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button