Жаңалықтар

Дәрі-дәрмек бағасын біліп жүріңіз

Анықтама

Облыс аумағында 13 дәріхана қоймасы және 369 дәріхана бар.  Оның ішінде 277 дәріхана Ақтөбе қаласында орналасса, аудандарда 90 дәріхана жұмыс істейді.  Ал дәріхана пункттерінің саны — 40, фармацевтикалық өндірістер — 9.

Індет өршіген кезде дәрілік  заттардың жетіспеушілігі кейбір дәрі бағасының өсуіне әкеліп соқты. Осыған байланысты 17 шілде күні облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті және  облыс әкімдігі, облыстың фармацевтикалық қызметін қолдау және дамыту қауымдастығы мен қауымдастыққа мүше емес ұйымдар арасында меморандум жасалды. Келісім бойынша дәрілік заттардың бөлшек саудадағы шекті бағасы сақталады.

Бүгінгі күні  облыс тұрғындарының арасында коронавирус және пневмониямен сырқаттанушылықтың төмендеуіне байланысты дәрілерге сұраныс төмендеді.

Суық тиген кезде қолданатын сұранысқа ие бес дәрілік затқа шекті баға бекітіліп, бұл туралы жадынамалар дәріханаларда  ілінді. Ал өзге дәрілік заттарға шекті бағаны QR-код бойынша білуге болады. Сондай-ақ дәріханаларда халыққа көрінетін жерде департаменттің телефон нөмірлері ілінді. Тұрғындар дәрі құны шекті бағадан асып кетсе, сапасы мен қауіпсіздігіне күмән келтірсе,  55-75-18, 55-75-19 нөмірі арқылы шағымдануына болады.

Дәрілік заттардың бөлшек саудадағы бағалары туралы ақпаратты dari.kz мобильді қосымшасынан білуге болады. Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 ай ішінде 79 әкімшілік іс қозғалып, 33 миллион  теңгеден астам  айыппұл салынған. Оның ішінде 62 әкімшілік іс шекті бағадан асыру бойынша қозғалып, дәріханаларға  32 миллион теңге сомасына айыппұл салынған.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button