Жаңалықтар

«Халықпен бірге — биік белестерге»

NUR OTAN партиясының Ақтөбе филиалы бойынша «PRIMARIES 2020» ішкі конкурсына қатысушы

ЛӘЗЗАТ АМАНЖОЛҚЫЗЫ ОРАЗБАЕВАНЫҢ «ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ — БИІК БЕЛЕСТЕРГЕ» сайлауалды бағдарламасы

Құрметті партия мүшелері!

Мен арайлы Ақтөбе жерінде туып-өстім. Туған өлкемнің тарихын да, барлық мұң-мұқтажын да жақсы білемін. Жоғары оқу орнын бітіріп, қарапайым мұғалімнен басталған еңбек жолымда өңірді дамыту жолындағы сан алуан жұмыстарға, облыстың білім саласын дамытуға белсене араласып келемін. Бұл бағыттағы жетістіктерімді халық біледі. Өйткені халық мен үшін сыншы.

Мен Nur otan партиясының тұңғыш рет республикалық ауқымда өтіп жатқан  партияішілік сайлауына қатысуға бел будым.

Өйткені облыс  тұрғындарын толғандырған ірілі-ұсақты мәселелерімен таныспын. Әрдайым кез-келген алдыма келген азаматтың мәселесінің шешімін тауып, не болмаса жете түсіндіріп жіберуге ұмтыламын. Мемлекеттік қызметші, халық сенімін иемденген тұлға, аманат жүгін арқалаған азамат ретінде бүгінгідей күрделі  кезеңде осындай зор сенім мен жауапкершіліктің үдесінен табылу кім-кімге де сын болатынын жақсы сеземін.

Халық арасында «Болашағыңның өзгеруін қаласаң, сол өзгерісті тап қазір қолға ал» деген қанатты сөз бар.

Қазақстанның қарқынды дамуына кедергі болмауы үшін туындаған проблемаларды уақтылы және мүмкіндігінше шешу қажет.

Халық өз сайлаушыларынан мемлекетте жаңа өзгерістер, серпілістер мен күшті тетіктерді күтеді.

Менің кәсіби қызметім білім саласымен байланысты болғандықтан бағдарламамда негізгі басымдықты осы саладағы өзекті мәселелерді шешуге бағыттай отырып, қоғамдағы тағы басқа да шешімін күткен мәселелерге белсене атсалысуды мақсат етемін.

Бағдарламаның негізі — халықтың даусын тыңдай отырып, жүйелі және нақты қадамдар жасау.

Мен сіздерге Ақтөбе облысының тұрғындары арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама барысында жасалған стратегиялық жоспарымды ұсынғым келеді,

Өз бағдарламамда халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша мынадай бағыттарды ұсынамын:

– заманауи талаптарға сәйкес барлық білім беру мекемелерінің (мектепке дейінгі, негізгі және орта білім беру, колледж және қосымша білім беру) материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету;

– интернет желісінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру;

– сапалы кадрларды даярлаудың оңтайлы тетігін енгізу және іске асыру;

– ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды және олардың ерекше қамқорлыққа, білім алуға мұқтаж отбасыларын әлеуметтендіруге, олар үшін лайықты өмір сүру жағдайларын жасауға бағытталған заңнама жүйесін қалыптастыруға ықпал ету;

– жеке білім беру ұйымдарының сапалы білім беру қызметін көрсетуіне бағытталған заңнама жүйесін қалыптастыруға ықпал ету;

– бейіндік бағыт бойынша (музыкалық, зияткерлік, тілдік, көркем, экология, техника және спорт бойынша) мектепке дейінгі ұйымдарды құру);

– салынып жатқан жаңа аудандарда (жаңа салынған нысандардың                                            1-қабатында) қосымша білім беру ұйымдарының филиалдарын ашу үшін жағдай жасау;

– халық тығыз орналасқан пункттерде мәдени-спорттық мақсаттағы нысандар салу үшін жағдайлар жасау;

– дәрігерлердің мәртебесін көтеру үшін жағдай жасау;

– уақтылы медициналық көмек алу үшін денсаулық сақтау жүйесін сапалы цифрландыру;

– қалаішілік және ауданаралық жол қатынастарының сапасын жақсарту;

– аулаларды абаттандыру, қаланы көгалдандыру және жол-техникалық қызмет көрсету сапасын арттыру;

– этносаралық және дінаралық бейбітшілік пен келісімді нығайту.

Осы бағдарламаны іске асыру және халықтың сеніміне ие болу үшін бар күш-жігерімді салатын боламын.

Біздің алдымызда әлі де көптеген маңызды істер тұр, олар еліміздің гүлденуі мен дамуы үшін өз шешімдерін күтуде.

Қымбатты жерлестер!

Сіздер өз таңдауыңызды дұрыс жасайды деп үміттенемін!

Болашаққа бірге барайық!

Халықпен бірге — жаңа белестерге!

Басқа жаңалықтар

Back to top button