Жаңалықтар

Текті әулеттің жалғасы

Сонау бір жылдары ағайынды Шаңбатыровтармен — Үмбетай, Бақыт, Таңатар ағалармен аракідік дәмдес болып, құнарлы әңгімелерін тыңдағанбыз. Қызылорда облысының Құланды, Ақбасты, Төбебұлақ, өз облысымыздағы Южный, Бозой ауылдарының үлкен және орта буыны Үмбекең ақсақалдың кісілігі мен кішілігін әлі күнге жыр қылып айтады. Бақыт ағамыз болса негізгі кәсібін атқара жүріп, ұлы күйші Қазанғаптың бай мұрасын бүгінгі ұрпағына қауыштырғандардың бірі. Журналистика жампозы Таңатар ұзақ жыл облыстық «Коммунизм жолы» (бүгінгі «Ақтөбе») газетінде редактордың бірінші орынбасары болды.

Даланың осындай дана қарттарының ондаған ұрпағы тәуелсіз еліміздің әр қиырында тұрып, орнықты ісімен, бәтуәлі сөзімен әке-ата рухын асқақтатып келеді. Кейіпкеріміз Амантай — ерлі-зайыпты Үмбетай мен Бақытжаннан өрбіген он баланың кенжесі, яғни қара шаңырақтың иесі. Қашан қайда көрсек те ұстамды қалпында, семіз сөзге жоқ, қолға алған шаруасын мұқият бітірмей тынбайды. Бозой ауылындағы орыс-қазақ орта мектебін бітірген соң әке-шеше алдындағы жауапкершіліктен аттап кетпей «БұхараУралТрансгаз» бірлестігінің Арал тораптық-өндірістік басқармасында слесарь, дәнекерлеуші, автокөлік жүргізушісі болып жұмыс істеді. Еңбек жолын осылай қарапайым кәсіптермен бастауы талабы таудай жігіттің келешегіне даңғыл жол ашты.

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетін халықаралық экономикалық қатынас мамандығы бойынша тәмамдаған, ғылым магистрі атанған Амантай Үмбетай Көлік бақылау комитетінің біздің облыс бойынша басқармасында жетекші маман қызметінде айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Замана ағысын түсінген ол көп ұзамай кәсіпкерлікке бет бұрды. «Жігітке жеті өнер де аз» дейді халық. Ата-бабадан бойына дарыған алуан қасиеттер нәтижесінде құрылыс жұмыстарымен және көлік тасымалымен айналысатын еңбек ұжымын басқаруда, екінші жағынан мал өсіру бағытындағы «Шекшек Ата» өндірістік кооперативінің төрағасы. Біршама уақыт «Қабақ баба» қоғамдық қайырымдылық қорына құрылтайшы болған еді, қор кеңесіндегілер Үмбетайұлының сөзге беріктігін, ұстамдылығын бағалап, төрағалыққа сайлап алды.

«Сұңқар тапқанын айналысына шашып жейді, қарға бауырына басып жейді» деген қанатты пікір бар. Амантай інімізді жұртшылық бұл тұрғыда шуағы мол азамат ретінде танып білді. «Қабақ баба» қоры тарапынан жыл сайын әлеуметтік жағдайы төмен бір студентке арнаулы стипендия берілуі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің басшылығымен жасалған меморандум негізінде студенттер арасында тоғызқұмалақтан жарыс өткізілуі, Түркістан облысының Арыс қаласындағы жарылыс кезінде зардап шеккен тұрғынға материалдық көмек көрсетілуі — төраға бастамасымен жүзеге асырылған шаруалар. Өткен жылы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының отыз жылдығына орай ұйым төралқасы атынан жасаған ұсынысымыз қабылданып, қаржылай демеушілік жасалды. Әлемді жайлаған коронавирус індеті тұсында аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жеткізілді, сонымен бірге мұқтаж жандарға тыныс алу аппараттарын алып берді.

Қайсыбір тұста жекелеген замандастардың ардан ақшаны, қасиеттен қалтаны жоғары қоюы қылаң беріп қалатыны рас. Амантай Үмбетайдың даңғаза-даурықпалыққа салынбауын, орынсыз шашып-төгуден аулақ жүріп, игілікті шаруаларға ықылас танытатынын отбасының арқасында деп түсінген жөн. Зайыбы Жанат Абдулғафқызы екеуі бес балаға ұлағатты тәрбие беруде: үшеуі мектепте оқиды, егіз туған Айжан мен Күнжан балалар бақшасына барып жүр.

Nur Otan партиясы ұйымдастырған праймеризде үміткер Амантай Үмбетай өз бағдарламасында жарқын мақсаттарды белгіледі. Елдің ортасында есейген азаматтың табандылығы, іскерлігі көңілде ізгі ниеттердің жүзеге асатынына сенім ұялатады.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button