Жаңалықтар

Өзгеретін кез жетті

Облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Асқар Садықов пандемия көптеген салалардың, сын сағатқа қандай деңгейде дайын екенін көрсеткенін айтады. 6 жылдан бері депутат болып келе жатқан ол өзінің халықтан түсетін арыз-шағымдар, бизнестегі күрмеуі қиын мәселелер, көпбалалы отбасылардың мұң-мұқтажы, т.б. қатысты пікірін ортаға салды.

— Облыстық мәслихатқа депутат болып сайланғаныңызға 6 жыл толды. Осы аралықта сізге дауыс берген халықтың нендей мәселелерінің шешілуіне ықпал еттіңіз?

— Иә, облыстық мәслихаттағы депутаттық мандатыма 6 жыл болыпты. Өзім Ақтөбе қаласына қарасты «Алматы» ауданының атынан сайландым. Округте 225 мың тұрғын бар. Олардың тиісінше әлеуметтік мәселелері аз емес.

Тек өзім атсалыстым демеймін, әріптестерімізбен бірге осыдан 2 жыл бұрын банк ісіндегі бірқатар мәселелердің түбегейлі болмаса да, аз-кем дұрысталуына септігімізді тигіздік. Мысалы, бұрын несие алып, оны уақтылы төлей алмағандарды жұмыс орнына дейін қудалап, демалыс күндері де «қыспаққа алатын». Жағдайы жоқ, әртүрлі себеппен қарызынан құтыла алмай жүргендерге бұның жығылғанға жұдырық болары сөзсіз. Осы ретте біз берешегі барлардың бұл жағынан жай-күйін жақсарттық. Алған несиесін бәрібір өтейді, бірақ банктегілер тарапынан тым озбырлық танытпауына қол жеткіздік. Елімізде несие алған азаматтардың көп екенін ескерсек, бұл көмегіміздің теңізге құйылған тамшыдай болса да игі тұсы болғанын мақтанышпен айта аламын.

Сол сияқты мәслихат сессияларында қаламыздың коммуникациялық-инженерлік желілер, автокөлік және жаяу жүргіншілер жолдарының аз да болса жақсаруына мейлінше үлес қосып келемін. Облыстық мәслихаттың депутаттарының жиі мәселе ғып көтеруінің арқасында биыл Ақшат ауылының ескі бөлігі мен Ақшат-1 ауылының  «Жаңақұрылыс» шағын ауданына орталықтандырылған су желілері жүргізіліп жатыр. Бұған бюджеттен 387 миллион теңге бөлінді. Мердігер мекеме — «Алихан Ойл З» ЖШС. Сондай-ақ Қарғалы тұрғындар алабындағы су құбыры желілері жаңартылу үстінде. Бұл аумақта 30 шақырым су құбырының құрылысы жүргізіліп, 330 құдық орнатылды. Ал Заречный ауылында сумен жабдықтау желілері жаңартылып жатыр. Бас мердігер — «КазПромСтройГрупп» ЖШС. Бұл жаққа да құдықтар орнатылды. Мұнымен бірге Ақшат-3 елді мекеніне электр желісі тартылды. Депутаттардың ықпалымен қаладағы Сүт зауыты ауданы айналма тасжолының бойына 107  бағана — көше шамдары қойылды. Заречный-2,3, Қызылжар-2,3, Қурайлы, Өрлеу, Бекқұл баба, Белогор, Ақжар-2, Қарғалы, К.Нокин, Садовый ауылдарындағы жарықтандыру да қалыпқа келтірілді.

Ж.Досмұхамедұлы, Е.Ерназаров, Т.Айбергенов, Өндірістік, Еңбекші, Жамбыл, Түрксіб, барлығы 14 көшеге ішінара асфальт төселді. 16 көшенің көлік жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Және Заречный-3 ауылы, Гастелло, Ембі, Оренбурская, Мұнайшылар, Қостанай, Әйтеке би, Ташкент, Қарасай батыр, Зинченко, Жанқожа батыр көшелеріне, «Нұр Ақтөбедегі» №1,2,3,4 шағын аудандарына барлығы 20 244 шаршы метр  жаяу жүргіншілер жолын салу жүзеге асырылуда.  Бұның бәрін айтып отырған себебім, осы тектес мәселелер алдымен облыстық мәслихатта қаралады, ал біз қаржы бөлінуіне ықпал етеміз, қолдау көрсетеміз.

Ал жеке қабылдауыңызға келетін көпшілік тұрғындардың арыз-шағымы қандай?

— Әртүрлі. Қазіргі таңда тығырыққа тап болған, жағдайы нашар азаматтар көп. Басты мәселе осында жатыр. Әбден мезгілі жеткен әлеуметтік мәселелерді — жұмыссыздық, қымбатшылық, басқа да проблемаларды шешу үшін мемлекет кешенді бағдарламаларды тез арада іске асыру керек деп ойлаймын. Мысалы,  осындай қиын-қыстау уақытта тұрғындар неліктен тар автобуста бір-бірімен тығылысуы керек? Ақтөбедегі жолдың нашарлығы да әбден жыр болды. Балаңды балабақша, мектепке бергің келсе де, түрлі кедергілерге кезігесің. Әрине, осы тектес мәселелер бізге, депутаттарға келіп тіреледі.

Соңғы жылдары Ақтөбедегі жағымсыз иіске қатысты шағымданушылар күрт артты. Бұл орынды деп білемін. Алысқа бармай-ақ қояйын, соның кесірінен үйдегі екі балам да аллергиямен ауыратын болды. Өскелең ұрпақтың денсаулығына алаңдайсың… Жалпы, Ақтөбеде экологиялық мәселелер өте өзекті боп тұр. Өкінішке қарай, мұнымен айналысып жатқан ешкім жоқ. Қанша зауыт бар, барлығы  ауаны бүлдіріп жатыр.

— Пандемияны әр адам әрқалай қабылдады. Сіздің түйгеніңіз?

— Халықтың жағдайының төмендегенін байқадым. Көмек сұрап келушілер де көп болды.

Әріптестерімізбен бірігіп, 4 концентратор алып бердік. Құрылғыларды Ойыл, Қобда аудандарына жөнелттік. Өйткені коронавирус жайлаған кезде ауылдық жердегі жағдай тіпті қиын болды.

Сондай-ақ көпшілік қайырымды жандардың ұйытқы болуымен ауруханаларда қызмет етіп жүрген дәрігерлерге түскі ас тараттық. Блок-бекеттердегі жігіттерге де жомарт азаматтардың қолдауымен осылай демеу жасадық.

Пандемия шағын және орта бизнес өкілдерінің де жұмысын біраз тұралатты. Соның кесірінен шығынға ұшырап, мүлде жабылып қалғандар да бар.

— Кәсіпкер ретінде сізді не толғандырады?

— Біз мынаны түсінуіміз керек: енді ештеңе бұрынғыдай болмайды. Нақты іске кірісетін кез жетті. Мысалы, өзімнің мейрамханамның бағытын өзгертіп, жергілікті тауар өндірушілердің өнімін саудалайтын орталық етіп жасақтап жатырмын. Неге десеңіз, мейрамхана көп, ал тойға баратындар аз. Мына індет бұрынғыдай шашылып, қарызға батып, той жасаудың қажеттігі жоқтығын, «көрпемізге қарай көсілу керектігін» түсіндіргендей болды. Сондықтан осындай алмағайып уақытта бизнесімді басқа бағытта дөңгелетуді дұрыс деп шештім.

Кәсіпкер ретінде айтар болсам, Үкімет пандемия уақытында бізді салықтан босатса, банктегі несиемізді өтеу уақытын кейінге шегерсе деген тілегім бар. Өйткені ешқандай пайда жоқ, тек шығынға батып отырмыз.

30 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан адаммын. Үкімет тарапынан кәсіпкерлерді шынымен қолдайтын кешенді бағдарламалардың іске асырылғанын қалаймын.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында кәсіпкерлікті қолдау жөнінде жақсы айтты. Құзырлы органдарға нақтылы тапсырмалар берілді. Енді сол іске асса, жақсы болар еді.

—  Өзіңіз көпбалалы әкесіз. Сіздің ойыңызша, осы топтағы азаматтардың жай-күйі қалай?

— Әлгінде халықтың жағдайын айттым ғой, сол қатарға көпбалалы отбасылар да кіреді. Бізде мемлекеттің басты байлығы — адам екенін барлығы біледі, бірақ қолдау жағы кемшін. Бұл жағынан азаматтардың тұрмысын жақсартатын, өмір сүруіне қолайлы жағдай тудыртатын нақтылы, жүйелі бағдарламалар қолға алынуы керек. Көпбалалы отбасылар, әке-шешесінен айырылғандар, жалғызілікті жандар, жалпы, әлеуметтік жағынан осал топтарға уақытша емес, шынымен жағдайын оңды өзгертетін іс-шаралар жасалса екен деймін. Өйткені мемлекеттің өзі біз бен сізден, яғни адамдардан тұратынын ұмытпау қажет.

Осы орайда көпбалалы отбасылардың балаларына ақысыз медицина мен білім берілсе, бұларға нағыз көмек болар еді.

Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button