Жаңалықтар

Еншісін «еңбектен» алды

«Бастау-Бизнес» арқылы кәсіпкерлік курсты оқып, «Еңбек» бағдарламасымен 4 миллион теңге несие алған Айзат Тарыбай сол ақшаға жылқылар сатып алды. Бұған дейін әртүрлі жұмыс істеген ол тәуекелге барып, кәсіпкерлік жолға біржола бет бұрған болатын.

Былтыр ғана бастаған бизнесінің жемісін күзде көрмек. Жылқылары құлындап, бір малы екеу болды. Қазіргі нарықта жабағының еті пұлды әрі сұранысқа ие.

Алдына үйір жылқы салып, «Еңбектен» еншісін осылай алған жас кәсіпкер тек мал шаруашылығымен айналысып қоймай, ауысқан ақшаға азық-түлік дүкенін ашты.

Дүкеннің жұмысын кәсіпкердің анасы Дәмелі Нұртанова жүргізбек. Қазіргі таңда «ALIHAN» дүкені тұтынушыларына қызмет көрсетіп жатыр.

Мемлекеттің қолдауымен жүзеге асқан жылқы өсіру кәсібі тағы бір қызмет көрсету нысанының қосылуына себеп болды.

— Кәсіптің бір ғана саласымен айналыспай, алдағы уақытта бизнесіміздің іргесін кеңейткіміз келеді. Бұған мемлекет мүмкіндік беріп отыр.

Жалпы еңбек еткен адамға қандай кәсіп болмасын көзін тапсаң, берері мол болады.

Біз бағып, баптап отырған жылқылардың төлі, еті күзде біраз өнім береді.

Мал басын көбейтіп, оның өнімдерін дүкен сөрелеріне қойып, кәсіпті жандандыруға мақсат қойдық. Алда біраз жоспарларымыз бар, — дейді жас кәсіпкер А.Тарыбай.

Венера АСҚАРҚЫЗЫ, Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button