Жаңалықтар

Тергеу жүргізіліп жатыр

Анық-қанық

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова Темір ауданында болған оқушы қыздардың төбелесіне қатысты ақпарат берді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, болған оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

— Қазіргі таңда оқушылар мен олардың ата-аналарына қандай шаралар қолданылатындығы туралы тергеу амалдары толық аяқталғаннан кейін ғана белгілі болады. Темір аудандық білім және ішкі істер бөлімдері, прокуратура тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілген. Аталған аудандағы үш мектептің директоры өз еркімен жұмыстан босатылған болатын. Алайда, күні кеше облыстық білім басқармасынан арнайы өкіл барып, бұл істі анықтады. Қазіргі таңда ол директорларды орнынан босату негізсіз болғандықтан, қайтадан тағайындалды. Сондықтан да қазір өз міндеттерін атқарып отыр. Олар лауазымдық міндеттерін дұрыс орындамаған жағдайда ғана белгілі бір шара қолданылатын болады.

Облыстық білім басқармасы тарапынан арнайы мониторингтік топ құрылды. Алдағы аптада толығымен Темір ауданындағы барлық білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру туралы жұмыс жүргізілетін болады, — деді Нұргүл Бертілеуова.

Қазіргі таңда төбелеске қатысқан 10 оқушы қыздың ата-аналарының жұмыс орындарына бала тәрбиелеудегі құқығы мен міндеттері туралы хат жолданған. Сонымен қатар мектептің психологтары мен педагогтері оқушылармен және ата-аналармен жұмыс жүргізуде.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button