Жаңалықтар

Хромтау ауданына барды

Nur Otan партиясының хатшысы Әлібек Әлденей Nur Otan партиясы жақтастары лигасының мүшесі Ерлан Саировпен бірге Ақтөбе облысына келіп, кандидаттармен және партияластармен кездесті. Жиын барысында алдағы бесжылдықта жастардың мәселесін шешу жайы талқыланып, кандидаттардың үгіт-насихат барысы туралы пікірлері тыңдалды.  

Партия хатшысының айтуынша, қазіргі таңда жиі көтерілетін мәселелердің бірі — жастардың баспаналы болуы мен саяси өмірге араласуына қатысты. Кандидаттар қазірден әрекет етсе, алдағы 5 жылда мұндай мәселелерді туындатпауға болады. Ол үшін кан­дидаттар қазіргі үгіт-насихат кезінде жастарға қатысты халықтан түскен сұрақтарды ұсыныс ретінде «Жастар – Отанға!» бағдарламасы­на енгізулері керек.

— Сіздердің қазіргі үгіт-насихат жұмыстары шеңберінде беріп отыр­ған ұсыныстарыңыздың бәрі сол бағдарламаға кіруі керек. Бағдарлама қыркүйек-қазан айларында талқы­ланады. Сондықтан сіздердің мақ­саттарыңыз партиялық тізімге кіру ғана емес, өз ұсыныстарыңызды бағ­дарламаға енгізуге ықпал етіп, болашақта соның іске асырылуын қадағалау, — деді партия хатшысы.

Оның айтуынша «Jas Otan» Жастар қанаты жол картасының 216 жобасын әзірлеген. Онда әрбір өңір, қала және аудан бойынша жастардың негізгі проблемаларын шешуге қатысты нақты шаралар көрсетілген. Қазақстандық жастар аталған құжатпен танысып қана қоймай, сонымен қатар jasotan.kz және primaries.kz сайттары арқылы ұсыныстарын жолдай алады.

Кандидаттармен еркін форматта әңгімелесу барысында партия хат­шысы жастарға неліктен арнайы квота бөлінгенін айтты.

 Мем­лекет ауыл шаруашылығында субсидияны не үшін береді? Бастапқы уақытта сол саланы қолдау үшін, соған бір импульс беру үшін қол­данады. Тура сол сияқты партияда беріп отырған 20 пайыздық квота жастарға берілген мүмкіндік. Сондықтан да сол мүмкіндікті тиімді пайдалану керек, — деді ол.

Сондай-ақ партия хатшысы мәслихаттарда әйел адамдардың үлес салмағы 12 пайыздан аспайтынын жеткізді. Мұнымен қоса соңғы 2-3 жылда көпбалалы аналардың мәселелері жиі көтерілген. Партия хатшысы отбасы құндылықтарына қатысты осындай мәселелердің шешілуі үшін әйел адамдардың мемлекеттік органдарда, әйелдерге қатысты комиссияларда көбірек болуы қажет екенін айтты.

Іссапардың екінші күні партия хатшысы партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұловпен бірге Хромтау ауданына бар­ды. Мұнда Ақжар селолық окру­гінде орналасқан №104 дауыс беру учаскесінің санитарлық-эпидемия­лық талаптарға сәйкестігін тексеріп, «Ақжар ауылдық округі» бастауыш партия ұйымы мү­шелерімен кездесу өткізді.

Кездесуде партия хатшысы Елба­сының тапсырмасы бойынша Nur Otan партиясы алдағы 5 жыл­ға әрбір өңір, қала және ау­­дан бойынша өзінің 216 сай­лауал­ды бағдарламасының жоба­ла­рын жариялағанын айтып, хром­таулықтарды primaries.kz сай­ты арқылы өздерінің ұсыныстарын енгізуге және талқылауға шақырды.

Партия тұрғындарымен кез­десу қорытындысы бойынша қа­лыптасқан нақты мәселелердің кар­тасы негізінде сайлауалды бағдарламалардың жобалары әзірленді. Оны primaries.kz сайтынан көруге болады. Ұсыныс беруге сіздердің де мүмкіндіктеріңіз бар. Мұндағы қамтылған мәселелер шын мәнінде сіздер үшін өзекті ме, жоқ па, соны білу үшін ақылдасуға келіп отырмыз, – деді партия хатшысы.

Бұдан соң Әлібек Әлденей Хромтау қаласынан праймеризге қатысушы кандидаттармен және аудандық ұйымдастыру комитеті, есеп комиссиясы мүшелерімен кездесті. Іс-шара барысында дебат өткізу және дауыс беру орнымен танысты.

Партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жантас Нұримовтың айтуынша, партияішілік сайлауға Хромтау ауданынан 31 кандидат қатысуға ниет білдірген. Олар тау-кен өн­діру өнеркәсібі, білім беру, медицина, кәсіпкерлік және тағы да басқа сала өкілдері. Барлық кандидат партия мүшелерімен кездесулер өткізіп, өздерінің сайлауалды бағ­дарламаларымен таныстыруда.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Nur Otan праймеризіне Ақтөбе облысы бойынша 486 кандидат қатысып жатыр. 7 қыркүйектен бастап кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Оның ішін­де 16 жерде 87 пікірсайыс өткізу жос­парланған болса, бүгінге дейін оның 28-і өткізілді. Сондай-ақ осыған дейін 2 416 кездесу ұйымдастырылған, оның 234-і онлайн түрде өтті.

А.БОЛАТБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button