Жаңалықтар

«Жасыл кеңсе»: экологиялық тазалық — ел құндылығы

Тренинг

Ақтөбеде «Жасыл кеңсе» республикалық конкурсына қатысу және «Жасыл кеңсе» қағидаларын енгізу бойынша тренинг өтті.  Тренингте 2019 жылы өткен бірінші байқаудың қорытындылары, сондай-ақ «Жасыл кеңсені» іске асыру принциптері және екінші республикалық байқауға қатысу шарттары туралы айтылды.

Тренинг барысында Жасыл экономиканы қолдау коалициясының атқарушы директоры Асхат Сүлейменов кеңсені жасылға айналдырудың бірнеше әдістері барын және олардың көпшілігі айтарлықтай қаржыландыруды қажет етпейтінін айтты.

 «Жасыл кеңсені» енгізу — қалдықтарды азайту және ресурстарды үнемдеу қағидасына негізделген. Осының арқасында білікті көшбасшы өз компаниясының шығындарын оңтайландырады және оның беделін едәуір арттырады. Бүгінгі таңда «жасыл кеңсе» барлық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, — деді ол.

Айта кетейік, еліміздегі компаниялардың экологиялық саясатын қалыптастыруға және кеңселердің ресурстарын үнемдеуге бағытталған «Жасыл кеңсе» конкурсы биыл республика аумағында екінші рет ұйымдастырылып жатыр. «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту» коалициясы мен  Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының  Нұр-Сұлтандағы бағдарламалар офисінің қолдауымен 10 маусым мен 30 қыркүйек аралығында 10 номинация бойынша республикалық конкурс өткізуде. Оған мемлекеттік органдардың, білім беру, денсаулық сақтау, сауда құрылымдарының, өнеркәсіптің, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және басқалардың өкілдері он номинация бойынша қатыса алады.

«Жасыл кеңсе» — барлық ресурстар үнемделген және қоршаған ортаны қорғауға арналған кеңсе деп аталады.Конкурс экологиялық өмір салтын, «жасыл» және төмен көміртекті технологияларды насихаттауға, қоғамдық пайдаланудағы ғимараттардың экологиялылығын, жайлылығын және эргономикалығын арттыруға, озық тәжірибені, үздік технологиялық шешімдерді таратуға, экологиялық жауапты ұйымдарды брендтеуге бағытталған. Конкурсқа қатысу шарттары http://greenoffice-kaz.org/ сайтында және    https://www.facebook.com/greenofficekz/  фейсбук желілерінде көрсетілген,— дейді жоба үйлестірушісі Асыл Оқапова.

Байқаудың нәтижелері 2020 жылдың қазан айында жарияланып, қатысушылар сертификаттармен, ал жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button