Айша апайдың тәлімі
Кеше Әлия Молдағұлова атындағы гуманитарлық колледждің мәжіліс залында осы білім ордасының ардагері, «Ыбырай Алтынсарин» белгісінің иегері Айша Базарбаева туралы «Өмір жолы — өнеге» атты ой-толғамдар жинағының тұсаукесері өтті.
Аталмыш шараға облыстық білім басқармасы, облыстық кадрлар білімін арттыру және қайта даярлау институтының өкілдерімен қатар, ардагер-ұстаздың шәкірттері, колледждің оқытушылар құрамы мен бір топ оқушылары қатысты. Кеште колледж директоры Зейнолла Төлеубай ұзақ жыл осы білім шаңырағында еңбек еткен Айша Базарбайқызының өнегелі өмірі мен кәсіби шеберлігі жайында сөз етті.
Колледж қызметкері Назира Бөрібаеваның айтуынша, жинақ 100 данамен жарық көрді. Жинаққа Айша Базарбайқызы жайында әріптестері мен шәкірттерінің, құрбылары мен тума-туыстарының ой-толғамдары еніпті.
Шәкірті Дина Мұхамедиярова ұстазына арнап толғау арнаса, колледждің «Айдана» дуэті көңілді әнмен кешті әсерлей түсті.
Арайлым НҰРБАЕВА.
Әншінің аты ұмытылмасын
Облыстық өлкетану мұражайында атақты әнші Қызыл Тұрдалыұлына арналған «Қызыл әнші» атты тарихи-танымдық кеш өтті.
Кешке облысқа белгілі мәдениет саласының мамандары мен студенттер қатысты.
Өз заманында елге белгілі болған сегіз қырлы, бір сырлы Қызыл Тұрдалыұлының есімі бүгінгі күні дұрыс насихатталмай келеді. Ол Темір ауданы Бабатай ауылында дүниеге келген. Тумысынан даусы ерекше Қызыл жастайынан домбыра тартып, ән салған. Өнерпаз сері, күрескер палуан, қайратты, қолы ашық мырза кісі болған. Әнші-композитор Қызыл Көкжар жәрмеңкесінде түрлі сайыстарға түсіп, киіз үй, сиыр, атан түйе, тіпті бір үйір жылқыға дейін сыйлық алып отырған.
— Соңғы уақытта Қызыл әнші насихатталмай келеді. Кейінгі ұрпақ ол туралы аз біледі. Биыл әншінің туғанына 150 жыл толмақ. Жанашырлары болғанда оны жоғары деңгейде атап өтуге болатын еді, — дейді кешті ұйымдастырушы тарихи-өлкетану мұражайының археология-антропология бөлімінің аға ғылыми қызметкері Азамат Қалмағамбетов.
Кездесуге келген мәдениет қайраткері Е.Құрманбеков, ақын Н.Қалауов студенттердің сұрағына жауап беріп, белгілі термеші Х. Өтеғалиев әншінің және Мұхит әндерін орындады. Қаламыздағы мультипрофильдік колледждің оқушылары да әнші әндерін нақышына келтірді.
Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.
«Арқалы жырау жырласын»
Өткен аптада Ақтөбе политехникалық колледжінің «Мұнай және газ ісі» бөлімі «Арқалы жырау жырласын» атты кеш өткізді. Аталған шара Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Кешке ақынның ұлы Момын Байғанин мен оның келіні Манар Байғанина қатысты. Колледж оқытушысы Тоғжан Дәулетярова жиналғандарды құттықтап, ақын жырынан үзінді оқыды. Бұдан соң жастар ақын туындыларын жатқа оқыса, енді бірі ән айтып, өз өнерлерін ортаға салды. Жиын барысында Момын Байғанин оқушыларға әкесі туралы әңгімелеп, қонақкәдеге күй тартты. Өз кезегінде Н. Құрмансейтова, Г. Қосымбаева, А. Тасыбаева секілді бірқатар оқытушылар ақын мұрасының тәрбиелік маңызы жөнінде өз ойларын білдірді. Кештің соңында «Мұнай және газ ісі» бөлімінің меңгерушісі Г. Баймағамбетова қонақтарға алғысын айтып, оқу орнының атынан естелік сыйлықты табыс етті.
К. ҚОПАЕВА.
Студент және күзгі кеш
Өткен аптада «Парасат» клубы мен Студенттер үйінің жастары күзге арналған думанды кеш ұйымдастырды.
Алтын күзді көзге елестетердей етіп безендірілген акт залына жастармен бірге Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушылары және жатақхана қызметкерлері келді. Сайысқа бес жұп қатысты. Әрқайсысы өз өнерлерін ортаға салды, соның ішінде, әсіресе, сән үлгілері көптің қызығушылығын туғызды. Сахнаға жастардың бірі компьютер дискілерінен, енді бірі шағын айналардан, үшіншілері ыдыс жуатын темірден жасалған көйлек киіп шықты. Мұны көрген жұртшылық таңданыстарын жасыра алмады. Олардың жанкүйерлері түрлі-түсті бояумен жастардың аты жазылған плакаттарды жоғары көтеріп, енді біреулері ұрандатып даурыға дем беріп отырды. Баянсұлу Бөкенова мен Әліби Зайтжановтардың жұбы «Қара жорға» биін келістіре билесе, Қарлығаш Тілетісова мен Бақытбек Шаненов шағын көріністі шебер ойнап шықты. Бәсекелестерін өнерлерімен басып озған Шыңғысхан Түменбаев пен Пернегүл Бегімбай «Күз ханзадасы мен ханшасы» жүлдесін жеңіп алды. Өзге қатысушылар да марапаттан құр қалған жоқ. Кеш соңында аталмыш оқу ордасының оқытушысы Думан Сарбаев жеңімпаздарды құттықтады. Осы шараға белсене қатысқан студенттерге институт ректоры Ғ.Нұрышевтың атынан Алғыс хаттар тапсырды.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



