Жаңалықтар

Белсенділер үні

Өткен жексенбіде Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің алдындағы алаңға демократиялық партияны құрушы белсенділер тобы жергілікті биліктің рұқсатымен бейбіт митингіге шықты.

Алаңға шыққан белсенділер биліктен азаматтардың несиелерін кешіруді, саяси тұтқындарға бостандық беруді, шетелдіктерге жерді сату және жалға беруді тоқтатуды талап етіп, өз тілек-ұсыныстарын жеткізді.

Бейбіт митингіге қатысқан белсенділердің бірі, облыстық қооғамдық кеңестің мүшесі Көшкінбай Ахметовтің айтуынша, Қазақстанда әлі демократиялық партия құрылған жоқ, дегенмен алаңға шыққандардың дені — партия құруға ниетті азаматтар.

  • Біздің бүгін алаңға шыққандағы мақсатымыз — өз талап-тілектерімізді билікке жеткізу. Өздеріңізге белгілі, қазіргі пандемия жағдайында халық көптеген қиыншылықты бастан өткеріп отыр, жұмыс орындары жабылып, табыс азайды, індет елдің экономикасына кері әсер етті. Осындай жағдайда билік несиеге амнистия жариялауы керек. Бұл, алдымен, елдің экономикасын жандандыруға мүмкіндік береді. Себебі несие банктерге түседі, ал одан банктердің лимиті көбейеді. Егер халықтың қарызы азайса, олардың сатып алу қабілеті артады. Ал бұл экономикаға жаңа серпін береді, — дейді К.Ахметов.

Митингте белсенділердің бірі Марат Қойлыбаев жерді шетелдіктерге сату жөнінде айтқан өзге азаматтардың пікірімен келіспейтіндігін жеткізсе, Ғалым Дәулеталин өткен жылы қазақстандықтардың банктер алдындағы берешегін мемлекет есебінен кешіру үшін

Ұлттық қордан қаржы бөлінгенін, осы орайда халықтың қаржылық сауаттылығын көтеру керектігін айтты.

Бейбіт митинг кезінде қоғамдық тәртіп бұзылған жоқ, санитарлық талаптар сақталып, жергілікті полиция мен жедел жәрдем қызметі жұмыс істеді. Сондай-ақ алаңда жергілікті билік өкілдері журналистердің сауалдарына жауап берді. Алаңға шыққандар көп ұзамай  үйді-үйіне тарасты.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Ақтөбе қаласы бойынша өңірлік жетекшісі Жанар Айтбайдың айтуынша, елімізде биылғы жылдың 6 айы бойынша екінші деңгейлік банктер мен ипотекалық ұйымдар арқылы азаматтардың алған несие көлемі — 2,407 трлн теңге (388 602 қарыз).

  • Бүгінгі күні елімізде ипотекалық қарыз алушыларды мемлекет тарапынан қолдау мақсатында қайта қаржыландыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша осы бағдарлама арқылы жалпы мөлшері 176,7 миллиард теңгелік 28,3 мың қарыз мақұлданып, оның 27,3 мыңы қайта қаржыландырылды. Қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі — 2035 жылға дейін. Сонымен қатар өткен жылы мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету мақсатында екінші деңгейлі банктер мен шағын несиелік ұйымдар 300 мың теңгеге дейін кепілсіз несиелерді кешірді. Атап айтсақ, осы қолдауға 300 мыңға жуық азамат ие болды.

Ал биылғы төтенше жағдай мен карантин кезінде азаматтарды қолдау мақсатында елімізде несиені өтеу 90 күнге (16 наурыз-15 маусым) кейінге шегерілді, — дейді Ж.Айтбай.

Оның айтуынша, биыл бұл мүмкіндікті елімізде 2 миллионға жуық азамат пайдаланған. Кейінге шегерілген төлем мөлшері — 268 млрд теңге.

 Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button