Жаңалықтар

Аттылы азаматтар 175 шақырымды бағындырды

Аудан

Мұғалжар ауданында атқа мінген бір топ жігіт Абайдың 175 жылдығына орай 175 шақырымды бағындырды. 5 қыркүйекте таңғы жетілер шамасында Сағашилі ауылынан шыққан аттылы азаматтар Мұғалжар тауына қарай бет алды. Араларындағы ең жасы — 11 жастағы Бағлан Байболатұлы, жасы үлкені  — 61 жастағы Тұрғанбай Айтмағамбетов.  Ал осындай игі шараны ұйымдастырып, басы-қасында жүрген — ат спорты десе жанын салатын, бәйгеге ат жарататын, атқұмар  Айбек Нақбаев пен Сейілғазы Аймағанбетов.

15 адам жолға атпен шықса, қалған қолдаушы топ «КамАЗ», «Газель» көліктерімен азық-түлік, жандық секілді қажеттіліктерін тиеп алып, бірге жүріп отырды. Бізге жіберген бейнематериалдарынан көргеніміздей, бірінші күні Сағашиліден Орқашқа дейін 85 шақырымды еңсеріп тастаған кезде де аттар бабында көрінді. Мән-жайды бізге топ ішіндегі үлкені Тұрғанбай Айтмағамбетов айтып берді.

— Ертеңгісін Сағашиліден шығып, түсте Жұрынға жеттік. Сол маңдағы бір қыстақта аялдап, түстеніп алып, тағы жүрдік. Ағайынды Жұбановтардың ауылы Орқашқа соқтық. Бүркіттің бейнесінің қасында суретке түстік. Сол Қаракөл округінде Бауырбұлақ қорығы бар екен. Сол жерге тоқтап, қондық, мал сойдық. Әрине, аттардың жағдайын бақылап отырдық, ұзақ жолға жиналғанда бабында тұрған, күйлі жануарларды мініп шыққанбыз. Аттар жарады, жолда қалдырмады. Одан әрі былтыр тоқсан жылдығын тойлаған №52 жылқы зауытының негізінде құрылған Бұлақты ауылындағы Ақтанкер ескерткішіне бардық. Ол жерде бізді кеңестік кезеңде Ақтанкер жүйрігіне біраз жыл мініп шапқан шабандоз Дәукен Ершімов қарсы алды. Қазір Қурайлы ауылында тұратын ол біздің атпен жолға шыққанымызды естіп, арнайы ауылға келіпті. Сол кісі мал сойып, қонақасы берді. Ақтанкердің тарихын баяндап берді. Тәжірибелі шабандоз бізге кеңестік кезеңде Ақтангердің арқасында Ресейдің көне ипподромдарының бірі орналасқан Пятигорск қаласында өткен бүкілодақтық ат спорты жарысына барғанын, шабандоз ретінде жарысқа қатысуға салмағы мен жасы келмейтінін айтқанда, Кеңес Одағының Батыры, маршал Семен Буденныйдың өзі Ақтанкердің үстінде шабуға рұқсат беріп, қол қойып, қағаз жазып бергенін, сондағы қуанышын әсерлі әңгімелеп берді. Сапар барысында Мұғалжар тауының ең биік шыңы Айрыққа көтеріліп, көк Туымызды сол шың басына алып шықты жігіттер. Естелік суретке түстік. Қайтар жолда Ақтанкерді баптап-күтіп, бәйгеге жаратқан марқұм Қыдырәлі Құлмағамбетовтің ұлы Аманай Жем бойында  қонақасы берді. Өзі Ембінің жігіті. Біздерді естіп, арнайы келіпті. 175 шақырымды атпен үш күнде жүріп өттік. Сапарымыздың түпкі мақсаты — атқа мініп, тарихи орындарды аралау арқылы жас ұрпақтың көңілін атқа бұру, ат спортына баулу, жылқы туризміне қызықтыру. Әр ауыл — тұнған тарих, — дейді Тұрғанбай Айтмағамбетов.

Тәжірибелі зоотехник, бір кездері жылқы баққан Тұрғанбай Айтмағамбетов қазір атқа мінудің қалып бара жатқанын, қойды мотоциклмен, сиырды джиппен бағатын жастардың барына қынжылатынын айтты. «Төл өнерімізден едәуір жырақтап кеттік. Бұрын тайға мінгізу — үлкен жөн-жоралғымен жасалатын салтымыз болатын. Қазір баласын тайға мінгізетін, өзі атқа міне алатындар сирек. Жеткіншектеріміз атқа міну мәдениетін білмейді. Ат спортын қолға алып, жылқы туризмін дамытатын болсақ, елімізде салауатты өмір салтын ұстанатын адамдар көбейіп, қылмыс азаяр ма еді?! Сондай-ақ, жылқышының мәртебесі көтеріліп, жылқыға субсидия бөлінсе екен. Жылқыға көңіл бөлуден шетелдіктерден едәуір артта қалдық», — деп билік басындағыларға назын да жеткізді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, әлемді әбігерге салған коронавирус кесірінен аттылы азаматтардың бастамасы едәуір кейінге қалып қойыпты. Топ мүшелері өздерінің атпен шыққан сапарына жұрттың қызығып жатқандарын,  алдағы уақытта да осындай ат спортын дәріптейтін, тарихи орындарды аралау шараларын ұйымдастыру ойда барын айтты.

Ал біз Мұғалжар жылқысымен даңқы шыққан ауданның азаматтары текті малды дәріптеу жолында аянып қалмайтындарын ұқтық.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button