Басты бет » Жаңалықтар » Үш ұрпаққа жалғасқан сабақтастық

Үш ұрпаққа жалғасқан сабақтастық

Әулет

Облыс өңірінде алғаш рет мұнай көзі 1931 жылы анықталып, 1978 жылы Жаңажол мұнай конденсаты кені ашылды. Мұнда мұнай мен газ қоры таскөмір қыртысының қуатты корбонат қабатынан табылған болатын. Сөйтіп, қарт Мұғалжар өңірі мұнайлы өлкеге айналған еді. Міне, сол уақыттан бері қара алтынды игеру ісі өлкемізден көптеген мұнай майталмандарын шығарды. Ал мұнайшылар қатарын өңірге жақсы танымал, мұнай мұхитының үстінде туып-өскен сағалық Төкеновтер әулеті толықтырады.

Бұл әулет ел экономикасының күретамырына айналған мұнай-газ

саласында жемісті еңбек етуде. Жазы аптап ыстық, қысы қытымыр өңірде жеті қат жер қойнауынан мұнайды игеру оңай шаруа емесі анық. Десе де біздің кейіпкерлеріміз бұл кәсіпті жүрек қалауларымен таңдағандарын айтады.

Отбасының тірегі Нұғман Төкенов ұзақ уақыт «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамындағы мамандандырылған көлік басқармасында қажырлы жұмыс жасады. 2012 жылы зейнеткерлік демалысқа шығып, құрметті мұнайшы атанды. Өмірінің өнегелі шақтарын мұнай саласында еңбек еткен жанның іске асар, кәдеге жарар ізгілікті істері де аз емес. Бүгінде оның ұлдарының барлығы мұнай саласында белді қызметтер атқарып жүр.

Ризық-несібесін қара алтыннан тауып отырған мұнайшылар отбасының үлкен ұлы Тәңірберген Төкенов мұнай-газ өндіру басқармасында оператор, екінші ұлы Ғалымжан Төкенов сол цехтың бастығы, үшінші ұлы Нұрлы Төкенов «Актобе-

Энергонефть» басқармасында мастер, ал төртінші  ұл Дүйсен Төкенов «СНПС-

Ақтөбемұнайгаз» мамандандырылған көлік басқармасында жүргізуші болып жасайды.

Әулетте мұнай саласын меңгерген мұнайшылар сабақтастығын бүгінде үшінші ұрпақ жалғастыруда. Зейнеткер-мұнайшы Нұғман атаның немересі Жарас Төкенов те мұнай-газ өндіру басқармасында 2014 жылдан бері  оператор қызметін атқарады.

«Актобеэнергонефть» басқармасында басшылық қызметте жасайтын Нұрлы Нұғманұлы кішкене кезінен болашағын ауыл іргесінде өндіріліп жатқан мұнаймен байланыстырғанын айтады. Бүгінде ол Саға ауылында, қара шаңырақта ата-анасының қолында тұрады.

— Әкем Нұғман — мұнай саласының ардагері. Ауыл тұрғындарының жартысынан көбі осы салада қызмет етеді. Көзімізді ашқалы

көргеніміз бен естігеніміз бұрғылау, мұнай өндіру, мұнай мен газды дайындау жұмыстары туралы болды. Үлкен ағаларым мұнай ісі мамандығын таңдады. Біз де сөйтіп, осы мамандықты меңгердік. Шүкір, бүгінде осы қара алтынның арқасында өсіп-өніп, өркендеп жатырмыз, — дейді Нұрлы Нұғманұлы.

Бүгінде жасы 70-тен асқан Нұғман Төкеновтің қимылы ширақ, денсаулығын айтып, шағымданбайды. Отасқандарына 53 жыл болған жұбайы Айсұлу екеуі бес ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан он бес немере сүйген үлгілі отбасы. Бүгінде балаларының қызығын көріп, немерелерінің қуанышына бөленіп, бақытты ғұмыр кешуде.

Ұрпағына дұрыс бағыт-бағдар берген әке «жапырағын жайған бәйтерекке» айналып отыр. Ал бақытын бағалаған мерейлі отбасы — береке-бірліктің қайнар көзі.

Бұл мұнайшылар отбасы мамандық сабақтастығын сақтап қана қоймай, әдептілік, көргенділік, мейірімділік, жанашырлық сияқты қымбат қасиеттерді де ұштастыра білген үлкен шаңырақ.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ,

Мұғалжар ауданы.