Жаңалықтар

Мемлекеттік  қызметшілердің жауапкершілігі күшейеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын насихаттау мақсатында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мәңгілік ел» мәжіліс залында дөңгелек үстел өтті.

Жоғарғы оқу орнының профессорлары, ұстаздары және ақпараттық ағартушылық штабының мүшелері бас қосқан дөңгелек үстелге студенттер Zoom платформасы арқылы онлайн қатысты. Бұл шараны әлеуметтік желі арқылы облыс тұрғындары да көрді.

Негізгі мақсат — Жолдаудың V тарауындағы «Қолжетімді әрі сапалы білім» атты бағытты талқылау. Бұл туралы философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов Жолдаудың  іс-қимылға, әрекеттерге арналғанын, халықтың өзгерісті, әлеуметтік оянуын талап еткен кезеңге келіп отырғанын айтты. Ақпараттық ағартушылық штабтың мүшесі, «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Раукен Отыншин өз сөзінде қазақтың салт-дәстүрін парамен шатастырып алмау керектігін айтты.

Біздің салтымызда көрімдік, байғазы беру секілді жоралғылар көп. Қанымызға сіңген дәстүрді жоққа шығаруға болмайды. Бірақ мемлекеттің қалтасын өз қалтаңмен алмастырмау керек. Пара алу, пара беру — мәселе шешудің көзі болмауы тиіс. Біздің ақпараттық ағартушылық штабында белгілі ғалымдар, қоғам белсенділері, ақын-жазушылар, дәрігерлер, түрлі мамандық иелері бар, «Адалдық алаңы», арнайы мониторингтік топпен бірлесіп жоғары және орта арнаулы оқу орындарында, мемлекеттік мекемелер қызметкерлерімен кездесулер өткіздік. Одан басқа түрлі акцияларға қатысып, аз қамтылған отбасалары мен мүгедек жандарды тегін азық-түлікпен қамтамасыз еттік. Ел игілігі үшін мұндай игі шараларды жалғастыра беретін боламыз, — деді Раукен Сағызбайұлы.

Білім саласындағы кемшіліктерге жол бермеу, әсіресе сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде сөз болды. Бұдан былай сыбайлас жемқорлық заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.

Жиынға арнайы қатысқан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік қызметшілерге талап пен жауапкершіліктің күшейетініне тоқталды.

Жемқорлықпен қоғам болып күреспесек оны тоқтата алмаймыз. Сол себепті жазаны да күшейту керек. Бұдан былай сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша сотталған адамға жеңілдік болмайды. Яғни бұрынғыдай айыппұл салынбайды. Бірден бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар мерзімінен ертерек шығу алынып тасталады. Бастапқыда қанша жыл кесілді, сол уақытын толық өтемейінше босатылмайды. Ал мемлекеттік қызметкерлердің шетелдік банктерден есепшот ашуына қатаң тыйым салынады. Міне, бұл мәселелерді халыққа жеткізіп, кеңінен таратуымыз керек. Осындай кездесулер арқылы әрдайым құлақтандырып отырамыз, — деді Ғ.Досанов.

С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button