Жаңалықтар

Эпидемиологиялық жағдай бақылауда тұр

Кеше облыс әкімдігінде коронавирус індетіне қатысты эпидемиологиялық жағдай мәселелері талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауовтың айтуынша, өңірде жағдай тұрақты.
— «Ауруханалардағы кереует жүктемесі 78%-дан 14,8%-ға азайды. 3198 кереует резервке ауыстырылды. Жедел жәрдем бригадасын шақырту үш есеге азайды, науқастарды ауруханаға жатқызу 10 есе азайды. Алты зертхана күн сайын 1900 зерттеу жүргізе алады. 21 654 тестілеу аппарты бар, — деді Нұржауған Қалауов.
Күзде болуы мүмкін COVID-19-дың келесі толқынына дайындық жүргізіліп жатыр.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының ауа-тамшылы бөліміндегі, Ақтөбе медициналық орталығының №2 инфекциялық стационарындағы, мамандандырылған емдеу-сауықтыру кәсіпорнындағы жөндеу жұмыстары аяқталды, емдеу мекемелері барлық қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Инфекциялық стационарлардағы кереуеттер 275-тен 567-ге дейін, провизорларда 430-дан 3336-ға дейін өсті, қосымша орындар дайындалып жатыр. 1371 немесе 89% төсек орын оттегімен қамтылды. Стационарларда 395 оттегі концентраторы, 625 оттегі баллоны, 381 оттегі жастығы бар. Лизинг арқылы 41 жедел жәрдем көлігі сатып алынбақ.
Стационарлар мен провизорларда дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс заттарының үш айлық қоры жинақталды. Кадр мәселесі қалалық емханалардың, ауруханалардың медицина қызметкерлері мен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессорлар мен оқытушылар құрамы есебінен шешілетін болады.
37 бақылау тобы 827 карантин тәртібінің бұзылғанын анықтап, 699 материал қаралды.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудан әкімдеріне дайындық жұмыстарын жандандыру керектігін тапсырды:
— «Барлық емдеу мекемелеріне барып, дәрілік заттардың, құрал-жабдықтардың барын, олардың жарамды екендігін тексеріңіздер. Біз кез келген жағдайға дайын болуымыз тиіс. Жуырда өңірде тұмауға қарсы иммундау науқаны басталады. Вакцина егуді иммунитеті әлсіз топтардан бастаңыздар. Сондай-ақ бақылау топтарының да жұмыстарын күшейту керек, — деді аймақ басшысы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button