Жаңалықтар

Элмираның қолөнер бұйымдары

Декреттік демалыста отырған ақтөбелік Элмира Серікқызы «Бастау» жобасына қатысып, жеке кәсіп ашты.

Жиырма төрт жастағы Элмира Серікқызы «Бастау» жобасы арқылы 21 күн онлайн-курстан өтіп, нәтижесінде 555 мың теңгеден астам қайтарымсыз грант қаражатына ие болады.

Жеке тігін шеберханасын ашуды ойлағаныммен, оны жүзеге асыруға қаржы жағы мен үшін қолбайлау болды. Декреттік демалыста бос отырмай, әлдебір жұмыстармен айналысу керек болды. Сөйтіп, «Бастау» жобасына қатысуға бел будым. Бала күтімімен үйде отырған мен сияқты аналар онлайн-курстан өтудің тиімділігін сезіне бастады. Курсты қашықтан оқып, арнайы сертификатқа қол жеткіздім. Бизнес-жоспарымды сәтті қорғап, грантқа ие болдым, — дейді «Әдемі-ай» ұлттық қолөнер орталығын ашқан Элмира Серікқызы.

Жеке үйінің бір бөлмесін ұлттық бұйымдар тігу үшін орталыққа айналдырған «Бастау» жобасының түлегі грант қаражатына арнайы үтік пен кестелеу машинасын сатып алған.

Бүгінде ол ұлттық нақышта атаулы белгілермен түрлі бұйымдар тігеді. Соның бірі — автокресло жапқыштары мен қыз жасауы.

Элмира болашақта адамдарды тұрақты жұмысқа алып, толыққанды орталық ашуды жоспарлайды.

Қазір оның бұйымдарына сұраныс жоғары. Ол өз қолынан шыққан туындыларын

@ademiai_brend инстаграм әлеуметтік парақшасында жарнамалайды.

Биыл «Бастау» жобасы аясында 1400 тыңдаушыны оқыту жоспарланған. Оның 754-і курстан өтіп, қазіргі күні 434-і кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алып жатыр. Мамандардың айтуынша, биыл «Бастау» жобасы бойынша 527 түлек қаржыландырылған. Оның 70-і — несие алса, 457-і — грант қаражатының иегері. Олардың арасында 2018-2019 жылдары аталған жобаға қатысып, курстан өткен түлектер бар.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button