Басты жаңалықтарЖастар

178 мың жас ақтөбеліктің бүгіні мен болашағы

Еліміздің қозғаушы күші — жастар екені айтпаса да белгілі. Қазіргі кезде жігіттер мен қыздар, қоғамның қай саласында болсын, өте белсенді. Жыл иелері — волонтерлердің басым бөлігін де осы топтағы азаматтар құрайды. Мемлекеттік қызмет, кәсіпкерлік, өзге де салаларда еңбек етіп жатқан кейінгі буынның саны аз емес. Ал олардың тынысы қалай? Өңірдегі студенттердің саны қанша? Нешеуі шетелде білімін шыңдап жүр? Арнаулы есепте тұрған «қиын жастардың» халі нешік?

Біз осы және басқа да сауалдарды облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Сәбит Мұқановқа қойып, төмендегідей жауап алдық. Сонымен…

Ақтөбеде 1992 жылғы жастар көп

Ресми деректерге сүйенсек, облыста 881 мыңнан астам тұрғын болса, солардың 20 пайызын жастар құрайды. Яғни Ақтөбеде 178 712 жас бар. Соның 95 264-і қалада, қалғандары ауылда тұрады.

Жас ерекшеліктеріне тоқталсақ, 1992 жылы дүниеге келгендер көп. Бұл 14-29 жас аралығындағы жігіттер мен қыздардың жасына қарай салыстырып, арнайы есеп жүргізгенде белгілі болды. Өйткені осыдан 28 жыл бұрын бала туу көрсеткіші өте жақсы болыпты. Керісінше, 18 жастағы бозбала мен бойжеткендердің саны аз.

Осы орайда жастардың арасында еріктілердің біршама екені біз үшін зор мақтаныш. Айталық, өңірде биылғы тамыз айында волонтерлік топтардың саны 77-ге жетті. Олардың құрамында ұзын саны 1929 үлкен жүректі жас бар.

Биыл 2 миллион теңгеге дейін гранттар беріледі

 Бүгінгі таңда өңірде 29 жасқа дейінгі жеке кәсіпкерлердің саны — 7427. Соның 5837-сі қалада тіркелген. Қазіргі уақытта 6887 іскер жас нақты жұмыс істеп жатыр.

Атқарушы билік осы топтағы жас ақтөбеліктерге ерекше көңіл бөліп, жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, биыл облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Ақтөбе облысында жастар кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға бағытталған облыс әкімінің грантын тағайындау» жобасы жүзеге асырылу үстінде. Яғни өз кәсібін бастаймын деген жастарға 300 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін грант береміз. Байқауға 7 бағыт, атап айтқанда, ауылды дамыту, мәдениет және бос уақыт, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлер, білім беру кіші жобалары, салауатты өмір салты, спорт, экология, абаттандыру және туризм бойынша өтінімдер қабылданып, қыркүйек айына дейін арнайы комиссия ең үздік жобаларды таңдап, жеңімпаздарды анықтайтын болады. Қызығушылық танытқандар бізге хабарлассын.

2282 жас жұмыссыз жүр…

Жастар арасындағы жұмыссыздық — өзекті мәселелердің бірі.

Бұл түйткілді шешу үшін бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылып тұрады. Мысалы, бүгінгі таңда бос жұмыс орындарына — 6739, «Жастар тәжірибесіне» — 1989, әлеуметтік жұмыс орындарына — 381, уақытша сипаттағы қоғамдық жұмыс орындарына 4528 жұмыссыз жас жіберілді. Сондай-ақ, әлгінде айтылған 27 жәрмеңкенің нәтижесінде 454 жас жұмыспен қамтылды.

Осы жылдың ІІ тоқсаны бойынша өңірде жұмыспен қамту орталықтарында 2282 жұмыссыз жас тіркелген. Жалпы, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі — 3,2 пайыз.

Ақтөбеде қандай мамандықтар қат? Жоғарыдағы мәселеге ұрынбас үшін не істеу керек деген сұрағыңызға келсек, ақпараттық технологиялардың дамыған заманында IT саласындағы мамандар қашанда сұранысқа ие. Біздегі қызметкерлер облыста мұғалімдер (орыс тілі, ағылшын тілі, биология пәндері бойынша) мен дәрігерлердің жетіспейтінін анықтап отыр. Өндіріс және энергетика салаларында да кадр тапшылығы бар. Пандемия кезінде қызмет көрсету, жеткізіп беру сынды қызмет түрлеріне де сұраныс артқанын байқадық.

Тұтастай алғанда, білім беру, медицина, фармацевтика, өнер және мәдениет, сервис, экономика және басқару, метрология, стандарттау және сертификаттау, геология, тау-кен өнеркәсібі және пайдалы қазбаларды өндіру, мұнай-газ химия өндірісі, энергетика, металлургия және машина жасау, көлік, байланыс, телекоммуникация және ақпараттық технологиялар сынды мамандықтарға  сұраныс басым.

Болашақ түлектерге мамандық таңдауға қатысты берер кеңесім, әуелі өзінің жан-дүниесі қалаған, сосын еңбек нарығындағы ахуалды бақылап, бір шешімге келсе деймін.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Ресми деректерге сүйенсек, облыстағы жастардың арасында жігіттердің үлес салмағы басым: олардың саны — 90 812. Ал ақтөбелік 29 жасқа толмаған қыз-келіншектер 87 900-ге жетіп отыр.  Барлығы — 178 712 жас.

Жас кәсіпкерлерге берілетін гранттар, өзге де сұрақтар бойынша жас оқырмандардың облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасындағы мамандарға жолығуына болады. Мекенжайы: Ақтөбе қаласы, Әбілқайыр хан даңғылы, 21 «Б». Телефон нөмірі: 8/7132/56-47-97.

Биыл диплом алғандар. Шетелде оқитын жерлестер

Биылғы оқу жылын 4 жоғары оқу орны бойынша барлығы 6235 студент, арнаулы кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарын 5483 жас бітірді. Ал қанша түлектің «балмұздақ» атанғанын қыркүйек айының басында білеміз. Өйткені жоғары оқу орындары мен кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында құжаттарды қабылдау әлі жалғасып жатыр. Көбіне-көп ақтөбелік талапкерлер Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне түсуге және Нұр-Сұлтан, Алматы, Орал қалаларына білім қууға аттануға ықыласты.

Жыл сайын шетелдік оқу орындарына түскен, сол жақтан дипломын алған жас мамандарға да талдау жүргізіледі. Бүгінгі таңда облыс жастарының 1557-сі шетелде оқып жатыр. Дені көршілес Ресейде (1297 ақтөбелік) болса, қалғандары Кытай, Чехия, Польша, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Германияда білім алуда. Сыртта оқығандардың 20-25 пайызы сол елде қалатыны анықталып отыр. Олар негізінен Ресейде қоныстанып қалатын славян ұлтының өкілдері.

Арамызда «тентектер» де бар… 

Жасыратыны жоқ, облыста «қиын жастар» да ұшырасады. Арнаулы есепте тұрғандары бар. Бірақ біз құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында рейдтер ұйымдастырып, есепте тұрған әр ақтөбелікпен жекелей жұмыс жүргіземіз. Соның әсері мен пандемия кезіндегі шектеулерден болуы керек, 2020 жылдың І жартыжылдық қорытындысы бойынша жастар арасындағы құқықбұзушылықтың көрсеткіші, 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 31,1 пайызға азайды. Жыл басынан бері 742 жас қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бұл өңір бойынша жалпы құқықбұзушылық жасағандардың 43 пайызын құрады.

Әсіресе, топтық төбелес, ұрлық, тонау фактілері өршіп тұр. Қазіргі таңда арнайы есепте тұрған 200-ден астам жасөспірім бар.

Онлайн жұмыс ойдағыдай бола ма?

Пандемия жастармен тікелей жұмыс жасау бойынша қиындықтар туғызғаны рас. Бірқатар кездесулер, семинар-тренингтер, басқа да оқыту курстарын «Zoom» платформасы арқылы жүргізуге тура келді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер арқылы жастар арасында атаулы, мерекелік күндерге орай әртүрлі онлайн-байқаулар, челлендждер ұйымдастырдық. Бұның бәрі, әрине, жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін қолға алынды.

Өзіміз туралы аз-кем айтсам, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасында барлығы 8 адам жұмыс істейді. Сонымен бірге, бізге қарайтын облыстағы 14 жастар ресурстық орталықтарында 116 қызметкер бар. Оның 14-і облыстық, 7-еуі Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығында тіркелген. Бұл ретте жастар ресурстық орталықтарының көпшілігі әкімдік ғимараттарында орналасқандықтан, жастардың емін-еркін кіріп, ақпарат, кеңес немесе басқа да қызметтерді алуына қиындықтар туындап жатады. Алдағы уақытта бұл мәселелр өз шешімін табады деген сенімдемін.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button