Жаңалықтар

Оттегі концентраттары әкелінді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және облыстық департамент қызметкерлері коронавируспен күреске көмек ретінде бір күндік жалақыларын аударды. Жиналған 27 млн теңгеге 25 оттегі концентраты сатып алынып, еліміздегі медициналық ұйымдарға жіберіліп жатыр.

Дұйсенбі күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов СК «Фармация» қоймасына агенттіктен жіберілген 2 оттегі концентратын қабылдап алды. Облысқа жеткізілген гуманитарлық көмек жақын арада облыстық денсаулық сақтау басқармасына табысталады. Әрі қарай оттегі концентраттары медициналық мекемелерге жеткізіледі.

— Өкінішке қарай, коронавирус індеті бірқатар азаматтарымыздың өмірін жалмады. Бұл індеттен әлі де толық құтыла қойғанымыз жоқ, сондықтан еліміздің әр азаматы өзінің және айналасындағы адамдардың өмірі, денсаулығы үшін үлкен жауапкершілік танытуы қажет. Карантин талаптары жеңілдетілгенімен ауруханаларда көмекке мұқтаж болып жатқан жерлестеріміз әлі де бар, сондықтан біз бір күндік жалақымызды аудару жөніндегі ұсынысты бір ауыздан қолдадық. Облысқа келген гуманитарлық көмек денсаулық сақтау ұйымдарында ем алып жатқан азаматтардың өмірін сақтап қалуға пайдасы тиеді деген сенімдеміз, — деді Ғ.Досанов.

Сонымен қатар департамент басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов Германия, Түркия және көршілес Ресей мемлекетінен келген гуманитарлық көмекке мониторинг жұмыстарын жүргізді.

Айта кетейік, жемқорлыққа қарсы департамент өкілдері, «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, арнайы мониторингтік топ, Денсаулық сақтау басқармасы және СК «Фармация» мамандарынан тұратын арнайы жұмыс тобы коронавирус індетімен күресу жолында облысымызға әкелінген барлық гуманитарлық көмекке мониторинг жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл мониторинг жұмыстарының басты мақсаты — гуманитарлық көмектің тиісті мекемелерге еш кедергісіз жетуін қамтамасыз ету.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button