Жаңалықтар

Жұмысшыларға жайлы жағдай жасауды көздейді  

Кәсіподақ

Қыркүйек айында өтетін Кәсіподақтар федерациясының кезекті 26-шы съезін ақтөбелік белсенділер де асыға күтіп отыр. Олар онлайн режимде өтетін басқосуда жұмысшылардың мүддесін басты назарға алмақ. 

Бұл қатарда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс мекемелері жұмысшыларының салалық кəсіподағы Ақтөбе филиалының мүшелері де бар. Ақтөбеде соңғы бір жыл ішінде ұйымға мүше жұмысшылар саны 5 мыңнан 8 мыңға дейін өскенін, яғни кəсіподаққа деген еңбек адамдарының сенімі артып келе жатқанын айта кету керек.

— Биыл елімізде жарияланған төтенше жағдай мен карантин талаптары күшейтілген кезеңде де ақтөбелік коммуналдық тұрғын үй және құрылыс саласы мекемелерінің жұмысшылары эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мейлінше үлес қосты. Қазіргі кезде облыста əлеуметтік нысандар құрылысы қарқынды жүргізілуде, 43 нысанда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Біздің салалық кəсіподаққа қарасты бастауыш ұйымдардың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Сондай белсенді әрі кәсіподақ жұмысын ілгерілетіп отырған бастауыш ұйым жетекшілерінің бірі — «Акпром» серіктестігінің бастауыш кəсіподақ төрайымы Галина Булахты өзгелерге үлгі ете аламын. Съез еңбекшілердің мүддесін қорғауға бағытталған тиімді шешімдер қабылдап, салалық кәсіподақтар рөлін арттырғалы отыр. Бұл өте құптарлық, — дейді салалық кəсіподақ филиалының жетекшісі Қуанбай Коктов.

Ақтөбедегі рельс арқалық зауыты да кәсіподақпен бірлесе жұмыс істеп жатқан өндіріс орындарының бірі. Кәсіпорын тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Қазіргі кезде  зауытта 800-ден астам жұмысшы еңбек етеді. Олардың дені кəсіподақ ұйымына мүше. 5 бастауыш  кəсіподақ ұйымы және бар. Бұлар ұжым мүшелерінің санитарлық режим талаптарына сай жұмыс жасауын қадағалап, олардың еңбек құқығын қорғайды. Айталық, қорғаныс заттарының болуын, антисептиктермен қамтылуын,əлеуметтік арақашықтықтың сақталуын, т.б. бақылайды. Нәтижесінде зауыт барлық санитарлық талаптарға сай өндірістік қуатын еселеп, екі маусымда жұмыс жасап тұр.

Жалпы, еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған бұл іргелі кәсіпорын заманауи озық технологиялармен жабдықталған. Ұйым Кəсіподақтар федерациясының кезекті 26-ші съезінде көтерілетін басым бағыттарға үлкен сенім артады.

«Тұрақтылық пен қауіпсіздік — басты назарда. Əсіресе қазіргі пандемия кезінде кәсіпорындағы əр жұмысшының өзінің ертең қысқартылмайтынына сенімді болуы, еңбек құқықтарының  қорғалуы — басты мәселе. Біз де өндірістегі еңбек қауіпсіздігін нығайту, бастауыш ұйым мүшелерінің әлеуметтік қорғалуына өз үлесімізді қосудамыз. Жыл өткен сайын кəсіподақтың қоғамға қажет екені іс жүзінде нақты дəлелденіп отыр», — дейді Ақтөбе рельс арқалық зауыты кəсіподағының өкілдері.

Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button