Жаңалықтар

Есеп берілді, маңызды мәселелер талқыланды

Сессия

Сейсенбі күні Ақтөбе қалалық мәслихатының кезекті 58-сессиясы өтті. Онда Ақтөбе қаласы әкімінің есебі тыңдалып, бірқатар мәселелер талқыланды.

Сессияға Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаттары мен мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.

Сессия отырысын қалалық мәслихат депутаты Аманбай Сакиев жүргізіп отырды.  

Жиында алдымен Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров биылғы жылдың 7 айында жүзеге асырылған жұмыстар туралы баяндап, есеп берді.

Оның айтуынша, биылғы жылы өндірілген өнеркәсіп өнімі 309,8 млрд теңгені құраса, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі — 102,1 млрд теңге. Ал ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі — 13,2 млрд теңге (108,3%).

Биылғы жылдың 7 айында Ақтөбе қаласында құрылыс жұмысының көлемі өткен жылға қарағанда 118 пайызға жетті немесе 34,5 миллиард теңгені құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі — 279,8 мың шаршы метр, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,2 пайызға артық. Ал қаламызда тіркелген шағын және орта бизнес нысандары 48,2 мың бірлікті құрап отыр, өсім қарқыны — 0,8 пайыз. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 7 айы бойынша түсім көлемі 24,6 миллиард теңге болса, игерілген қаржы көлемі 51,8 миллиард теңгеге жетті. Игерілмей қалған қаржы көлемі — 1,9 миллиард теңге. Жыл аяғына дейін барлық қаржы толық игерілетін болады, — деді шаһар басшысы.

Оның айтуынша, биыл облыс орталығындағы орта білім беретін ұйымдарда үш ауысымды оқыту мәселесін жою қолға алынып, бірқатар қала жолдарын қалыпқа келтіру бойынша жұмыстар жүргізілген. Бүгінгі күні қала аумағында және қалаға қарасты елді мекендерде автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарына 2 мердігер мекеме тарапынан 6 бригада жұмылдырылып, жұмыс жасауда. Сондай-ақ Арынов көшесінің бойындағы көпір құрылысының екінші кезеңі жүргізіліп, бірқатар жаңа тұрғын үй массивтерін жарық, су, газ желілерімен қамту жұмыстары қолға алынуда.

Өз сөзінде қала әкімі облыстағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты биыл адамдар көп жиналатын мекемелер алдына 61 дезинфекциялық туннель орнатылғанын, алдағы уақытта да көпшілік жерлерде санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау өте маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар биыл облыс әкімінің есеп беру кездесуінде тұрғындардан келіп түскен сұрақтардың ішінде 4 өзекті мәселе бүгінде қала әкімдігінің тікелей бақылауына алынғанын жеткізді. Олар: Ақтөбе қаласы аумағынан өтетін 8 өзеннің арналарын кеңейту, тазарту және жағаларын бекіту жұмыстарын аяқтау, К.Нокин тұрғын алабында Мәдениет үйін жөндеуден өткізу, «Думан» тұрғын алабына (41- разъезд) электр жүйелерін жүргізу, «Рауан-2» тұрғын алабында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізуге жобалау-сметалық құжаттамалар әзірлеу.

Аталған жобалардың барлығы жыл аяғына дейін жүзеге асырылмақ.

Сессияда қалалық мәслихат депутаттары қаланың дамуына байланысты өз сын-ұсыныстарын жеткізіп, бірауыздан қала әкімінің жұмысына оң баға берді.

Сессия отырысының соңында қалалық мәслихаттың «2020-2022 жылдарға арналған Ақтөбе қаласының бюджетін бекіту», «Қалалық әкімдіктің дербес құрамы», «Мемлекеттік наградалар беру жөніндегі комиссия құрамын бекіту», т.б. шешімдеріне өзгерістер енгізіліп, бірқатар мәселелер бойынша шешім шығарылды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button