Жаңалықтар

ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына үміткер Б.Н.Қаниевтің сайлауалды бағдарламасы

Сенат депутаттығына кандидат болып тіркелуім мен үшін білдірілген үлкен сенім деп білемін. Қазақ жерінің киелі өңірлерінің бірі  Ақтөбе  жерінде туып-өсіп, осы өлкенің барлық тынысын көз алдымда өткізген маған туған жерімнің өзекті мәселелері мен әлеуметтік жағдайы жақсы таныс.  Ат жалын тартып мініп, еңбек майданына араласқаннан бері осы өңірді дамыту жолындағы сан алуан жұмыстарға, әсіресе, ауылшаруашылығы саласын өркендету ісіне белсене араласып келемін. Осы еңбектерімді бағалаған халық қалаулылары менің кандидатурамды жоғары палата депутаттығына ұсынды. Бұл көрсетілген құрметті халық алдында жасайтын адал еңбегіммен ақтағым келеді.

Осының барлығын ескере отырып, егерде Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты болып сайлансам, өмірлік тәжірибем мен білімімді, күш-жігерімді жұмсай отырып, мынадай өзекті мәселелердің оң шешімдерін табуға жұмыс жасайтын боламын:

– Елбасы саясаты мен Президент тапсырмаларында  көрсетілген басым бағыттар бойынша жұмысты толық көлемде орындап, халықтың жақсы өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасауға ықпал ету;

– Жерлестерімнің өзіме аманаттап берген өзекті мәселелер төңірегіндегі сауалдардың  және халықтың өтініштері мен мұқтаждықтарының  нақты шешілу жолдарын қарастыру;

– Мемлекеттік бағдарламалардың аясында барлық сала бойынша өндірілетін  отандық өнімдерге қолдау білдіріп, импорттық әлеуеттілікті көтеру,  ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу орындарын көбейту арқылы ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға атсалысу;

– Шағын қалалар мен ауылдық жерлерде бизнеске, аграрлық саладағы шаруашылықтарға нақты қолдау көрсету арқылы және отандық ішкі өнімдерді шығаратын жаңа кәсіпорындар мен заводтарды ашуға заңнамалық қолдау көрсету  арқылы  кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ету,осылайша жұмыссыздық деңгейін төмендету;

– Экологиялық дағдарыс аймақтарындағы туындаған мәселелерді жою жолында қоршаған ортаны қорғау  заңнамасын күшейту, ірі кәсіпорындар мен өндіріс орындарының табиғатты ластағаны үшін салынатын  экономикалық санкциялардың талабын күшейту;

–  «Нұрлы жер»  бағдарламасын іске асыру аясында заңнамалық базаны нығайту және халықты, оның ішінде аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамту жүйесін одан әрі жетілдіру;

-Өңірдің базалық инфроқұрылымын түбегейлі жақсартуға өз үлесімді қосып, елдің транзиттік әлеуеттілігін арттыруға, көліктік-логистикалық инфроқұрылымды құрып, индустриалдық және туристік инфроқұрылымдарды дамытуға, бірыңғай электр энергетикасы желісін дамыту шеңберінде энергиялық инфроқұрылымды нығайту шараларын ұйымдастыруға атсалысу;

– Халықтың сапалы медициналық көмекке қол жеткізуіне  және  емдеу мекемелерінің заманауи  медициналық құралдармен жабдықталуына, денсаулық сақтау саласы мамандарының біліктілігін арттыру жолында тегін оқытуға қол жеткізуге жұмыс жасау;

– Бұқаралық спортты дамыту мақсатында тұрғындарға қолжетімді спорттық нысандарды көптеп салдыруға, тұрғындардың, оның ішінде балалар мен жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына, олардың рухани және физикалық дамуына жағдай жасауға, жастардың патриоттық рухтарын көтеру жолында қажеттіліктерді қалыптастыруға ықпал етіп, қазақстандық патриотизмнің жаңа импульсін құруға атсалысып,  балалар және жасөспірімдердің дамуына арналған  орталықтар аштыруға және оларға қолдау көрсетуге жұмыс жасау;

-Халықтың өмір сүру деңгейін көтеру мақсатында қажетті шаралар мен жұмыс түрлерін қолдана отырып, халықтың әлсіз топтарын, оның ішінде соғыс және тыл ардагерлеріне, еңбек ардагерлеріне, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетім балаларға қолдау көрсетіп, қамқорлық танытуға заңнамалық тұрғыда ықпал етуге, азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағаларының негізсіз көтерілуіне қатаң депутаттық бақылау орнатуға ықпал ету;

-ХХІ ғасырдың жан-жақты дамыған тұлғасын дайындау жолында білім беру мен денсаулық сақтау нысандарының құрылысы мен олардың материалдық базасын жетілдіру жолында қаражат бөлуді көбейтуге ықпал ету, ауылдық жерлердегі интернет байланысының сапасын жақсарту мәселелерін тиісті орындар арқылы шешілуіне бақылау жасау;

-Халықтың мұң-мұқтажы мен өтініштеріне көмек көрсету мақсатында жедел желілер арқылы кері байланыс жүйесін пайдалана отырып, арыз-шағымдарда көтерілген мәселелердің тез әрі тиянақты шешілуі жолында жұмыс жасау;

-Ел аумағында орналасқан, жойылып кетудің алдында тұрған тарихи-мәдени көне ескерткіштерді қалпына келтіруге және оны қорғауға алуға, мәдениет ошақтары мен демалыс орындарының санын көбейтуге ықпал ету.

Парламент Сенатының депутаттығына сайлана қалған жағдайда ел алдындағы жауапкершілігімді сезіне отырып, туған жерім Ақтөбе өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында еңбек етіп, жерлестерімнің алдында туындаған мәселелерді шешудің жолдарын қарастыруға ерекше назар аударамын.

ӨМІРБАЯН

Бауыржан Нұралыұлы Қаниев 1958 жылы 26 қаңтарда Ақтөбе облысы Темір ауданы Перелюбовка селосында дүниеге келген. Білімі жоғары. Мектеп табалдырығын  1965 жылы Қандыағаш қаласындағы теміржолшылар мектебінде аттаған. Жетінші сыныпты бітіргенде әкесін Ырғыз аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы етіп сайлады.Ырғыз орта мектебін 1975 жылы «Алтын белгімен» бітірген. 1981 жылы К.И.Скрябин атындағы Мәскеу ветеринарлық академиясын зооинженер мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1981 жылы Мұғалжар асылтұқымды жылқы зауыты  бөлімшесінің зоотехнигі болып бастады. 1984-2008 жылдары Мұғалжар ауданы «Қазақстан» совхозының бас зоотехнигі, Аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығы, ұйымдастыру бөлімдерінің нұсқаушысы, Мұғалжар аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінің төрағасы, аудандық ауыл шаруашылығы және азық-түлік бөлімі бастығының орынбасары, «Ембі» совхозының директоры, «Ембі» ауылшаруашылық ұжымдық кәсіпорнының директоры, «Жем» АҚ президенті, «Белқұдық» ЖШС директоры, Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары, 2008-2009 жылдары Хромтау ауданы әкімі қызметінде болды. 2009-2016 жылдар аралығында Темір ауданының әкімі. 2016 жылдың шілде айынан бастап Шалқар ауданының әкімі қызметін атқарып келеді.

Бауыржан  Нұралыұлы қызмет жолында көптеген жетістіктерге жетіп, «Құрмет» орденімен, «10 жыл Астана», «Қазақстан Республикасының  Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл»,  «Қазақстан Республикасының  Тәуелсіздігіне – 25 жыл», «I дәрежелі Еңбек  даңқы»,  «Ауылшаруашылық саласының үздігі»,  «Қазақстан Республикасының мәслихаттарына – 25 жыл» медалдарымен, Министрліктердің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталған. «Лучшие люди» энциклопедиясы Тұлғасының құрмет белгісін алған.

«Ақтөбе облысының жыл адамы – 2012»,  Мұғалжар, Темір аудандарының  «Құрметті азаматы» атағына ие болды.

Отбасылы, үш баласы бар.

* Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат

Б.Н.Қаниев республикалық бюджеттен қаражат бөлді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button