Жаңалықтар

Тәжірибесі үлгі болған…

Ұзақ жылдар бойы Байғанинде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған  Сматолла ағайды бала кезден білеміз. Білетін бір себебім, әкеміз «Ақжар» кеңшарының директоры болды.

1965 жылы аумақтық басқармалар тарап, Байғанин ауданы қайтадан ашылды. Орталығы бұрынғы Жарқамыс емес, Қарауылкелді болып белгіленді. Ол бұған дейін жай ғана теміржол станциясы еді. Бұл жерде мекемелерден автожөндеу цехы болды (ол кезде МТС ашылмаған), басқа ештеңе жоқ.

Мекемелерге ғимарат, қызметкерлерге баспана керек. Аудандық партия комитеті, аудандық кеңес атқару комитеті, басқа да аудандық мекемелер жаңа мекенге қоныс аударды. Соған байланысты енді бірінші хатшы болғаннан кейін, ол кісіге көп еңбектенуге тура келді. Ол кезде керемет болып тұрған да ештеңе жоқ еді. Аудан орталығын тұрғын үйлермен қамтамасыз ету үшін «мұнша құрылыс саласың» деп кеңшарларға бөліп берді. Әр кеңшар аудан орталығынан өздеріне міндеттелген тұрғын үйлердің құрылысын салды. Осындай жұмыстарды  бақылап қарап, ауданның бірінші басшысы шаруашылықтарды тыным таппай аралап жүреді. Мектеп оқушысы болсам да есімде, біздің ауылға да жиі келетін. Ол кезде қонақүй, мейрамхана, дәмхана  деген жоқ, үйде болады. Сонда көріп, әкеммен әңгімесін талай тыңдап жүрдім.

Мен еңбек жолымды 1971 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында аға мал дәрігері болып бастадым. 1975 жылы әкем қайтыс болғаннан кейін баланың үлкені ретінде отбасына қарауға, қара шаңыраққа  оралуға тура келді. Ол кезде бірінші хатшының пәрменінсіз еш мәселе шешілмейді. Мен де Сәкеңнің қабылдауына келдім. Сонда маған айтқаны: «Әкең Жұбекең (Жұбан) сияқты ақты ақ, қараны қара дейтін адал бол!» деді. Содан Сәкеңнің батасын алып, «Ақжар» кеңшарында мал дәрігері болып қызметке кірістім. Сол кездегі үрдіс, тәртіп бойынша ұсынылып, мен де партияға өттім, партия билетін Сәкеңнің қолынан алдым.

Аса іскер, парасатты бірінші басшының ақыл-кеңесі, тәжірибесі кейін өзім осы ауданда «Байғанин» асылтұқымды қой кеңшарының директоры, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1992-1999 жылдары аудан әкімі қызметтерін атқарған кезде талай кәдеге асты, пайдасы тиді. Сондықтан мен әкеммен ұзақ жыл қызметтес, сыйлас болған, өзімізге аға ретінде жол көрсеткен Сматолла ағамызды әр кез құрметпен еске алып отырамын.

Бұл ағамыз Байғанин ауданының экономикасын көтеруде, әлеуметтік жағдайын жақсартып, мәдениеті мен тұрмысын жақсартуда ұзақ жыл, өлшеусіз еңбек сіңірді. Әсіресе, кадр мәселесіне ерекше ықыласпен қарады. Соның нәтижесінде жергілікті кадрлардың үлкен қатары дайындалып, өсті. Және оларды қызғыштай қорғап, сақтады. Өзі қызмет істеген ұзақ жылда бірде-бір кадрдың орынсыз зәбір көруі, жұмыстан қуылуы, сотталып-шатылуы сияқты жағдайлар болған жоқ. Қайта Сәкеңнен  кейін, аудандық партия комитетінің бір бюросында бірнеше басшы кадрларға науқаншылдықпен орынсыз кінә тағылып, жұмыстан қуу қаупі туғанда, мен осы ағамыздың кадр саясатындағы ұзақ жылдар ұстанған жолын, тәжірибесін айтып, тоқтатқаным бар. Ол кезде аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы едім.

Байғаниннің территориясы белгілі, 6 миллион гектар жері бар. Бірақ Жемнің арғы бетіндегі біраз жер — «Ембі-5» аумағы әскерилерде болды. Кеңес өкіметінің кезінде малдың саны жоспарлы өсіп тұрды. Бұрыннан да малды аудан Байғанинде де төрт түлік мал жақсы өсті. Мал көбейгесін оған жайылым керек. Әсіресе, жылқы малына кең жер керек. Сол мақсатта әскери зонамен шектес жерлер бар, сосын олардың уақытша рұқсат ететін жерлері болатын, сол жайылымды, соған байланысты су жоқтықтан игерілмей жатқан жерлерді іске қосуға ауданның бірінші басшысы көп еңбек етті.

Ол жерлерде су жердің астында, терең түтікті құдықтар арқылы алу керек.  Мәселен, Оймауыт, Дияр жағында мұндай су 500-600 метр тереңдіктен шығады. Ал Мұғалжар, Шалқар жағында 200-300 метр тереңдік жетіп жатыр. Сәкең осы мәселелерді облыс басшыларының алдында  қойып, сол жайылымдар суландырылып, соның арқасында жылқыларды Жемнің арғы бетіне көшіру мүмкіндігі туды. Өйткені бұл кезде бірсыпыра шаруашылықтардың, соның ішінде Байғанин атындағы, «Алтай» кеңшарларының жерлері тар еді. Сөйтіп, айналымға тың жайылыстар қосып, шаруашылықтардың өрге басуына, малдың төлді, шелді болуына бағытталған көп жұмыстар жүргізілді. Осындай мақсатты жұмыстар Сәкеңнің кезінде жүзеге асты.

Жайылым мәселесінде түйіні қиын жағдайлар да болды. Мысалы, Үстіртті «Оймауыт» пен «Дияр» кеңшарлары пайдаланды. Оны алдында, сол Сәкеңнің кезінде, қоймай жүріп Маңғыстау облысы алған. Бұл енді ауданның ықтиярынан тыс, жоғары жақтан шешілген мәселе еді. Оны марқұм жоғары жақтың талабы деп кезінде талай айтты да, кітабында да жазды. Үкіметтің қаулысымен берілген кезінде. Кейін Нұрсұлтан Назарбаев Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тұрғанда хат жазып, бұл жерлерді қайтып алдық. Сол жерлерді қайтып алғанымыздың пайдасы, бір жылы сол Маңғыстаудың Шағыл деген жерінде газды игерді. Алайда олар бұрынғы ізбен Маңғыстаудан рұқсат алған да, бізбен санасуды қажет деп таппаған. Сол жайды мен аудан әкімі ретінде облыстық басшылықтың алдына, жер қатынастары комитетіне мәселе етіп қойдым. Содан біздің жақтан адам жіберіп, жерді уақытында қайтып алғанымыз бар, ендігі пайдаланудың заңсыздығын дәлелдеп, айыппұл салынып, бюджетке 2 миллион теңге қаржы түсіргенбіз. Ол кезде, яғни тоқсаныншы жылдары 2 миллион теңге көп ақша.

Бұл жерде мен негізінен мал өсірумен айналысқандықтан жер, жайылым мәселесі — Байғанин ауданы үшін маңызды болғанын айтқым келеді. Ал бірінші басшы ретінде Сәкең осы мәселелерді ұдайы назарда ұстап отырды. Әсіресе, қуаңшылықты болған жылдары ұйымдастыру шеберлігін, басшылықтағы мол тәжірибесін анық көрсетті. Есімде қалған бір жай, аудан үшін 1975 жылдың жазы қиын болды. Сағыз өзенінің бойындағы шаруашылықтар тұйыққа тірелді. Жерлері кебір, ащылы. Ойылға қарай —Теректі мен Берсиевке қарай кетсең, жерлері құмсақ, жақсы, ал біздің өңір олай емес, ащылы, ондай жерлер жауын тимесе, құрып кетеді.

Осы кезде Сәкеңнің тікелей нұсқауымен Сағыз бойындағы шаруашылықтар малдарын жайылысқа күзге дейін Жем өзенінің арғы бетіне шығарды. Бұлағы бар жерлер, сосын бұрынғы құдықтың ізі болған тұстарды аршып, жоқ жерлерге қосымша құдық қазып, шаруашылықтар  күзге дейін отырды.

Ал мал азығын дайындауға, шөп шабуға, шалғай болса да Доңызтау, Шошқакөлге қарай шықты. Бұл — Шалқармен шектес, көктемде су жайылатын шабындықты жерлер. Сол жерлерді пышақпен кескендей қылып, шабыны жетпейтін әр шаруашылыққа бөліп берді. Бұған дейін ол жақты «Оймауыт» кеңшары пайдаланып келген-ді. Басқа Ырғыз ауданы сынды қашық аймаққа бармай, шөпті өзінің қыстақтарына ауданның өз аумағынан дайындап, тасып алды. Сәкеңнің кезіндегі біз көрген қуаңшылықтың қиыншылығы сол. Кейін оның талайы болды. Біз де сол тәжірибелі ағаның салған жолымен мұндай қиындықтарды жеңіп отырдық.

Бір жылы әкім болып тұрғанымда ауданда қатты қуаңшылыққа тап болдық. Бұл кезде біз шаруашылықтарды таратпай, қоғамдық малдың басын азайтпай сақтап келгенбіз. Малдың бәрін бірдей ауданның аумағында азықтандыру, қыстатып шығару қиын болды. Қай жаққа көшіреміз деп ойланып, ақырында жолын таптық. Байғанинмен шектес Ойыл, Шалқар аудандарының иесіз тастап кеткен баздарын, мал қораларын қайта жөндеп, сол жерлерге шөп дайындап үйіп, ауданның біраз малын қыстатып шықтық. Шындығына келгенде, бұл да сол — Сәкеңнен үйренген тығырықтан шығудың ұрымтал жолдары еді.

Жетпісінші жылдары Шұбартау ауданының жастарды қой шаруашылығына көмекке шақырған бастамасын Ақтөбе облысында Байғанин ауданы алғашқылардың қатарында қолдады және бірінші болып жүзеге асырды. Олардың қатарында «Жас дәурен», «Жас ұлан», «Алтын арай», «Армандастар», «Құрдастар» сияқты шопандар бригадалары бар. Әр шаруашылықта екі-үштен қой өсіруші комсомол-жастар бригадасы құрылды. Олардың өздерінің мал шаруашылығының шеберлерінен белгіленген тәлімгерлері болды. Әр бригадада он бес шамалы орта мектепті енді бітіріп келген өрімдей жастар еңбек етті. Оларға аудандық партия комитетінің тікелей бақылау, қадағалауымен барлық жағдай жасалды. Тұратын қоныстары жайлы, барлық талапқа сай болды. Жылжымалы автомонша, автодүкен, газет-журналдар да уақытында жеткізілді, автоклуб ұдайы барып қызмет көрсетіп отырды. Сондай жан-жақты жағдай, қамқорлықтың жасалуының арқасында жастар алаңсыз еңбек етті. Белгілі мерзімі аяқталған жастарға жоғарғы оқу орындарына жолдамалар беріліп, оқуға жеңілдікпен түсті. Сөйтіп, мектеп бітірген жастар кезекпен мал шаруашылығына көмекке келіп, еңбектің дәмін татты, тәрбиеленді.

Бұл істі ұйымдастыруда Сматолла Беркімбаев басқаратын аудан күллі облысқа жақсы үлгі көрсетті. Кезінде бірсыпыра аудандардан Байғанинге делегациялар келіп, қой өсіруші комсомол-жастар бригадасындағы  іс-тәжірибелерді үйреніп, өздерінде жалғастырды. Қандай бастаманы қолға алса да, қатаң талап қойып, нәтижесіне жетпей тынбайтын Сәкеңнің атқарған талай жұмысының бұл да бір парасы ғана.

Түрікпенбай АЙЖАРЫҚОВ,

Байғанин ауданының Құрметті азаматы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button