Жаңалықтар

Көненің көзі, жаңаның жайсаңы

Смекең туралы тұшымды әңгімелерді ең алғаш әкем Жұмағалидан естігенмін. Мектеп қабырғасынан ұзай қойған жоқпыз, үйдегі шәй дастарқанында отырғанымызда «құлағыңда қалсын» дей ме, Хайролла Иманалин, Бақи Шанов, Кемейдулла Төлеубай, Сматолла Беркімбаев, Рамазан Нұржанов, Зәкіраддин Байдосов, тағы басқа ағаларымыз жайында сүйсіне айтатын. Сөйтсек, олардың әрқайсысы сол кезде облыстың әр өңірінде лауазымды қызмет атқарып жүр екен. Балаң көңілімізде әлгі ағаларды көруге құштарлық оянғаны да рас. Кейін бірқатарымен аға-іні тұрғысында қатысқанымызды әдемі бұйырмыс деп бағалаймын.

1977 жылы Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді селосында облыстық ақындар айтысы өткізілді. Шалқардың аудандық «Коммунизм таңы» газетінің жауапты хатшысы маған додаға түсетін Данабек Қалмұратовтың жанашыры болып бару міндеті жүктелді. Қарауылкелдіде екі тәулік аялдадық. Аудандық Мәдениет үйі алдында халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің ескерткіші сән-салтанатымен ашылды. Сонда ауданның бірінші басшысы Сматолла ағамызды алғашқы көруім. Бір жағында Алматыдан арнайы келген ақын Фариза Оңғарсынова, бұл кісі республикалық «Қазақстан пионері» газетінің редакторы, екінші жағында облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Асанғали Шыңбаев, үшеуі Мәдениет үйіне кіріп келе жатты. Үлкен-кіші ерекше ілтипатпен жапырлай амандасуда. Сонда ұзын бойлы, тал бойында бір мін жоқ Беркімбаевтың сымбатты бітіміне ризашылығым көпке дейін санамда тұрып қалды.

1984 жылы желтоқсан айында бұған дейін облыстық партия комитетінің партиялық комиссиясына төрағалық еткен С.Беркімбаев Шалқар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Мен – облыстық «Коммунизм жолы» газетінің Шалқар, Мұғаджар, Ырғыз аудандары бойынша меншікті тілшісімін.

Облыс басшылығының оңтүстік өңірдегі үлкен де күрделі аймақ тізгінін Беркімбаевқа ұстатуы бір жағынан дұрыс шешім еді. Бұған дейін Новоресей, Байғанин, Темір аудандарында басшылық қызметте болған Сматолла Молдашұлы — бай тәжірибе жинақтаған, партиялық қызметтің қыр-сырына қаныққан беделді басшылардың бірі. Ұлан-ғайыр жері бар Байғанинде табан аудармай он сегіз жылдай жетекшілік етіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған. Кейін бір әңгімесінде ағамыздың былай дегені бар:

— Шалқарға дейін маған бірнеше ауданға бару ұсынылды. Осы өңірге жол түсуіне басты себеп – ата-бабамның ежелгі қонысы. Сонау отызыншы жылдардың дүрбелеңінде Ұлықұмның бір бөктерінде Қараөлеңді мекен еткен әкем Молдаш пен анам Әбира Новоресей жағында ертерек көшкен ағайындарын сағалап барған екен. Сонан есейіп, ел таныған соң көңіліме туған өлкемде қызмет етейін деген ниет орнықты…

Сматолла Беркімбаев алғашқы келген күнінен-ақ тәртіпті қолға алды. Бұрынғы басшылық тұсында еркінсіп кеткендер үшін етек-жеңді жинақтау оңайға түскен жоқ. Тұрғылықты халықтың негізгі дені оның жиналыс-кеңесті жүргізудегі, күн тәртібіне қойылған мәселені қараудағы ескерімділігін сүйсіне айтып жүрді. Бірінші хатшының табан астында сөз тауып айту шеберлігіне талай мәрте куә болдық.

Беркімбаев теміржолдың Шалқар стансасынан көрші Арал ауданына таяу «Тоғыз» кеңшарының орталығы орналасқан №76 Шілікті бекетіне дейінгі аралықтағы бекеттер мен стансаларды аралауға шықты. Қасында «Казсельхозтехника» бірлестігі Шалқар аудандық бөлімшесінің басқарушысы Мұқанбетпана Үмбеталин екеуміз. Соңғы ондаған жылдар бедерінде ауданның бірінші басшысы жол бойындағы елді мекендерді дәл осылай араламаған. Сматолла Молдашұлымен бетпе-бет жүздесіп, жағдай айтушылар аз болмай шықты. Хатшы әңгімені байыппен тыңдайды, байқағаным – семіз сөйлеп, құрғақ уәде беруге жоқ.

Көпмола стансасындамыз. Жаңылмасам, бастығының есімі Сақи болуы керек:

— Смеке, жылда шопандарға, механизаторларға деп үнді шәйін беріп жатасыздар. Теміржолда жұмыс істейтін біздерге де қарастырсаңыздар, — деді.

Беркімбаев өтініш иесіне қарсы сауал қойды:

— Теміржолда еңбек еткеніңе неше жыл?

Станса бастығы даусын көтеріңкіреп мақтанышпен:

— Қырық үш жыл, — дегені.

Хатшының айтқаны мынау болды:

— Е, пойыздағы жолсеріктерді жақсы білетін болдың. Сен шәйді солардан алып, бізге жеткізсейші қайта…

Сол кезеңде өзбек ағайынның жолаушылар пойыздарының жолсеріктері Мәскеуден қайтар сапарында жәшіктеп үнді шәйін алып шығып, әр келісін екі-үш сом үстемесімен стансалар мен бекеттер тұрғындарына сататын. Смекең соны меңзеп тұр. Өтініш айтушы тосылып қалды. Орынды әңгімеге қайдан жауап қайтарсын?!

Аупартком бюросының мәжілісіне шақырылған лауазым иелері мәлімет-ақпараттарын барынша дайындап келетін. Жүргізіп отырған бірінші хатшы сауалына сол бойда нанымды уәж айтуы керек қой. Бірде кеңшарларда мал басының сақталу жайы қаралды. «Айшуақ» кеңшарында түйеден біршама бас шығын болған. Сонда Смекең директор Өтебалинге қарап:

— Аманғали-ау, түйе деген жарықтық пышаққа көп түсе бермейтін еді ғой, — деп ұялтқан-ды.

Еркін заманның кең тынысымен ағаларымыз баспадан өткен өмір жолдарын баяндайтын кітаптарын шығара бастады. Теміржолдың Ақтөбе бөлімшесіне басшылық етіп жүрген, жүріс-тұрысы орнықты інім Бөріханға ой тастадым.

— Смекең ағамызға айтып көрсеңіз қайтеді? Кейінгі жеткіншек ұрпаққа пайдасы тиер, кітабын дайындап шығарғаны бөтен болмас, — дедім. Қай мәселеге де байыппен қарайтын аға жауабы жедел жете қойған жоқ. Арада бірсыпыра уақыт өткенде ғана менің ұсынысымды мақұл көрген сыңай танытты.

Осылайша екеуміз бір жылдан астам уақыт ынтымақтаса жұмыс істеп, нәтижесінде баспадан қалыңдығы кере қарыс «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» атты кітап өмірге келді.

Сматолла Молдашұлы — әңгімеші, мен қағазға түсірушімін. Екеуміз аптаның сенбі-жексенбі күндерінде кездесеміз. Уағдаласқан мезетте үйіне келемін. Ағамыз қанша уақыт болатынымды сұрап алады да, жеңгемізді шақырып:

— Күміс, қайның екіде кетемін дейді, сол екіге он бес минут қалғанда шәйің дайын болсын, — дейді. Басқа әңгіме жоқ.

Төргі қонақ қабылдау бөлмесіне өтеміз. Көп кідірместен сұхбатты бастап кетеміз. Ол айтып отыр, оқиғаның болған жері, дәл уақыты, оған қатысушы адамдардың аты-жөні турасында бір жаңылысу болсайшы… Және баяндағанда тыңдаушыны еріксіз елітіп, жігін бұзбай жымдастыра айтады. Аракідік қисынын келтіріп, мақал-мәтелді кіргізе қояды. Мен болсам көкірегі құнарлы қазынаға тең ақылман азаматқа жолықтырған тағдырыма ризамын. Смекең біршама көсіліп, сыр шертеді де: «Жанғабыл, қаламыңды былай қоя тұршы, енді кітапқа кірмейтін бір әңгіме айтайын» дейді…

Беркімбаев — аупарткомның бірінші хатшысы, тағы бір ағамыз Бақи Шанов — сол Байғанинде ауатком төрағасы. Халқымыздың тағылымы зор салт-дәстүрлерін орнықтырған киелі мекеннің ат үстіндегі азаматтары кезектесіп орайын келтіріп, аудан басшылығындағы ағаларды үйлерінен шәй-су ішуге шақырады ғой. Қашаннан тәртіпке үйренген Смекең жеңгемізді ертіп, белгіленген уақытта барады. Өзге қонақтар да келіп үлгерген.Тек бәрінен жасы үлкен Бақи аға кідіріп жатыр. Қожайын қипақтайды. Сонда Молдашұлы ауатком басшысын күткенді мақұл көріпті. Осылай отырыспен жарты сағаттан астам уақыт өткізіп, Бәкең мен жеңгеміз кіріп келеді екен. Бұл жай бірнеше рет қайталанады.

Екі басшының үйі бір көшеде қатар орналасса керек. Кезекті шақырыспаның алдында Смекең зайыбына:

— Күміс, сен терезеден қарап тұршы, Бәке-аға үйінен шыққаннан кейін жарты сағат өткен соң біз барайық, — депті.

Бұл жолы төраға Шанов бастаған топ шақырған үйдің төргі бөлмесінде жиналып отыр. Тек бірінші хатшы жоқ. Онсыз дастархан сәні кіре ме?! Ерлі-зайыпты Беркімбаевтар да жетеді. Үлкендігін бетке ұстап Бәкең:

— Ау, Сматолла, күтіп отырмыз ғой, — депті.

— Бәке, өзіңізден үйренбейміз бе? — деген жауапты тез ұғынған Шанов содан кейін кешікпейтін болыпты.

Жалпы, аудан, облыс басшылығындағы адам қиын түйіндерді шешудің жолын таба білсе, іс оңға басары анық. Бұл қасиет біздің кейіпкеріміздің бойына мықтап дарыған.

Облыстың ауыл шаруашылығына тікелей жауап беретін тұлға, облатком төрағасының орынбасары Николай Лавров ауданға іссапармен келгенде оның аң аулауға құмарлығын байқап қалады. Көп ұзамай Беркімбаев Байғанин шаруашылықтарына қажетті мал азығындық жем тапшылығынан Лавровқа қоңырау шалыпты. Мәселе бірден шешілмей іркіліс туындайды, Николай Владимировичтің Бесбай фермасында қанжығасына ірі қабан байланғанда көңілденіп айтқан әңгімесін есіне салады. Сөйтіп, белгіленген мөлшерге тағы да екі жүз тонна жем қостыруға қолы жеткен. Немесе Новоресейдің «Қопа» кеңшарында бас зоотехник қызметінде жүргенінде Орск қаласындағы ет комбинатына малды тірілей кідіріссіз тапсыру үшін былайғы жұртқа көп ашылмайтын мал қабылдаушы Қараноғай Жүсіппен тез ұғысқаны — сүйсінерлік жай.

Өткеннің осындай әдемі әңгімелерінің соңы Күміс жеңгейдің мол дастарқаны басында жалғасады. Жалпы бұл үйдің береке дарыған шаңырағында өзара түсіністік қалыптасқан. Жеңгеміз отағасының қас-қабағына қарап, бар шаруаны үйлестіре қояды. Ұл да, қыз да отау тігіп, бөлек шыққан, қызметтерінде абыройлы, немерелердің бал күлкісінен нәр алып отыр. Әке-шеше ордасын хан сарайына балайды, ерсі әңгіме естімейсің, оғаш қылуа көрмейсің. Бәрі де шаңырақта отырған кенже бауыры Жанат пен келіні Әсемді төбесіне көтеріп, әлпештейді. Құда-құдағилар да адал еңбекті еншілеп, ел-жұрттың ықыласына бөленгендер.

Сматолла ағамның қасында жүріп, құнарлы әңгімесін тыңдағанымда, мархабатқа толы ісін көргенімде ойға түйгенім — кеше мен бүгіннің алтын көпіріндей абыз ақсақалдар тағылымы аз болмапты. Кітап материалдарын дайындап бола бергенде қолындағы баласы Жанатты жұмсап, фотосуреттер жинаумен болды. Сөйтсек, ол Новоресей, Байғанин, Темір, Шалқар аудандарында, Ақтөбе қаласында, облыс аумағынан тыс өңірлерде өзімен қатар жүріп, араласқан, дәмдес, сыйлас болған азаматтардың фотосуреттерін қысқаша өмірбаяндық дерегімен кітабына енгізуді ойлапты. Кісіліктен туған ізгі ниет сәтімен жүзеге асты: нәтижесінде Ақтөбе облысының құрметті азаматы Сматолла Беркімбаевтың «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» атты кітабы энциклопедиялық деңгейде деп айтуға тұрарлық бағалы жәдігер санатына қосылды. Сапалы, көркем дүниені шығарудың басы-қасында белгілі баспагер, журналист Раукен Отыншин ықыласпен жүрді.

Жасы тоқсанды еңсерсе де Беркімбаев бұрынғыша ширақ қалпынан ауытқыған жоқ. Жанында көкірегіне самал, көңіліне жалау жеңгеміз Күміс. Ағайын-туыстың, құда-жекжаттың, жолдас-жораның қуанышты-ренішті сәттерінде төбе көрсетуден жаңылған емес. Іні-қарындастарымыз, келін-күйеубалаларымыз кезектесіп көлікпен апарады, алып қайтады, арасында жеке көлігімен құрақ ұшып жүгіретін Рүстемнің пейіліне еріксіз сүйсінесің. Шаңырақтағы келін Әсемнің риясыз қызметі өз алдына.

Сматолла Молдашұлы қарттыққа міні құрамай ажарлы жетті, өрісті ұл мен келісті қыз өсірді, олардан өрбіген немерелерден шөберелер шалғайына оратылды. Пешенесіне бұйырған қызмет нәтижесінде мәртебелі сарайларға қысылмай кірді, небір асыл тұлғалармен иықтасып, маңдайы жарқырап, төрде отырды.

Даусыз ақиқат – өмір дегенің тақтайдай тегіс жол емес, әр тұста кедір-бұдырлар да кезігеді. Біздің кейіпкеріміз кеңестік дәуірдің шапағатымен орта, кейін жоғары білім алды. Еңбекте өзін көрсетіп, Коммунистік партия мүшелігіне қабылданды. Іскерлік, ұйымдастырушылық дарынымен мәртебелі мансаптарға жоғарылады. Қайда жүрсе де партиялық қағидадан ауытқыған жоқ. Сөйтсе де атақ-даңқы шығандап кеткен Беркімбаевты аяқтан шалушылар да бар екен. Бақай есептен, көре алмаушылықтан туған қарау көзқарасқа өзі Құдайындай сенген Компартия ара түсе алмады.

— «Балаларымның, кейінгі ұрпағымның жүзі жарқын жүрсін» деп, әділдік іздеп, төрт жылдай тынымсыз шапқыладым. Ата-баба әруағына сиынған ниетім орындалды – партиялығымды қалпына келтірдім. Шаршасам да ешкімнің алдында ұнжырғамды түсірмедім. Жүрегімді сақтайын деп уыстап дәрі ішкенімнен құлақты ауырлатып алдым, — деген ол маған бір әңгімесінде.

Қайран Абай айтқан ғой: «Жаман дос басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың, төбеңнен бұлт төнсе, іздеп таба алмайсың». Смекең данышпанымыздың көрегендігіне көз жеткізсем де қанша әңгімелескенімде ешкімнің сыртынан ғайбат сөз айтқан емес, тек болған жайды ешқандай боямасыз дәл жеткізуге тырысты.

Осындай көкірегі даңғыл, жаны көркем аға биылғы шілде айының алғашқы аптасында жалғанның көшіне ілесіп кете барды. Дәтке қуат қыларымыз – өзіне де, өзгелерге де салмақ салмай, «өз үйі-өлең төсегінде» ұрпағының көз алдында Алланың аманатын тапсыруы. Тәңірінің сездіргенінен шығар — мұсылмандық жөн-жобамен кімдерге хабар беру, мәңгілік мекенін анықтау, тағы басқа қазақи шаруаларды рет-ретімен өсиет етіп кеткен.

Асыл ағаның қырық күндік садақасы қарсаңында оның адами қасиеттерін басты нысанаға алып, қағазға түсіруді жөн санадым. Әрине, Беркімбаевтың ұйымдастырушылық қабілетін, қиын түйіндерді дер кезінде шешу қасиетін, үлкенмен де, кішімен де тіл табысқыш мәмілегерлігін ақтөбелік қалың ағайын білетіндіктен ол жағына көп тоқтамадым. Естелігімді ұлы Абайдың тәмсілімен қорытындылайын:

Әуелде жас қартаймақ, туған өлмек,

Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.

Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,

Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек.

Ел-жұрттың ардақтысына айналған абыз аға, пейіште нұрың шалқып, ұрпағыңды желеп-жебеп жатқайсың!

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button