Басты жаңалықтар

Облыс әкімі жол жайымен танысты

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбеде жөнделіп жатқан көшелердің жай-күйімен танысты. Бұл туралы аймақ басшысы өзінің фейсбук желісіндегі жеке парақшасында жазды.

— Облыс орталығында жөнделіп жатқан жолдардың бірқатарының соңғы жамылғысы төселіп, аяқталуға жақын. Әлі біраз көшелерде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар жаяу жүргіншілергеарналған тротуарлардың құрылысы да қатар жүргізіліп жатыр. Барлық жұмыстарды күздегі жауын-шашынға дейін аяқтау көзделіп отыр.Сондай-ақ «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы құрылысы созылып кеткен №78мектептің де жағдайын қарап шықтым. Білім ошағының таяп қалған жаңа оқу жылына дайын болуын тиісті жауапты қызметкерлерге тапсырдым, — деп жазды Оңдасын Оразалин.

Қала әкімі баспасөз қызметі берген дерек бойынша, бүгінде Қаратаев және Махамбетов көшелері арасындағы жолды орташа жөндеу басталған. Жақын жердегі үйлердің тұрғындарының айтуынша, мұндағы жолдың жөнделмегеніне алпыс жылдан асқан. Мердігер мекеме «АССАНА-ДорСтрой» ЖШС қыркүйекке дейін 1164 метр жолға асфальтбетон жабындысын төсеуді аяқтауды жоспарлап отыр.

Қаратаев көшесіндегі №17 үйдің тұрғындары өңір басшысынан үйдің маңындағы аумақты абаттандыруға көмектесуін сұраған.

— Биыл біз жүз аулаға асфальт төсеуді жоспарлап отырмыз. Алдымен, Тұрғындарқалашығы ауданындағы, қаланың көне бөлігіндегі жолдарға асфальт төсеуді қолға алдық. Бұл жұмыспен 40-50 жыл бойы ешкім айналыспаған. Футбол алаңдарын, воркаут алаңдар орнатамыз. Ақырындап-ақырындап барлық проблеманы шешеміз, — деді облыс әкімі.

«АССАНА-ДорСтрой» ЖШС екі айдан бері 5 шақырым жолға асфальтбетон жабындысын төсеп, 312-атқыштар дивизиясы даңғылы бойындағы автокөлік жолындағы қозғалысты басқарудың техникалық құралдарын орнатып жатыр. Орташа жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталмақ. Тамыз айында Ш.Берсиев, Қазақстанға 30 жыл көшелері бойындағы жол асфальтталып, тротуарлар салынады. Қала әкімі баспасөз қызметі дерегі бойынша, биыл облыс орталығындағы 97 көшедегі жолдарды жөндеу үшін 14 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. Жолдың, жол құрылысы сапасын қадағалау үшін қала әкімдігі Жол активтерінің Ұлттық орталығымен шартқа тұрды. Салынып жатқан жолдардың құрылысын сонымен бірге жылжымалы лаборатория, қоғам белсенділері де тексеріп жүр.

Қала жолдары жайымен танысқан облыс әкімі Оңдасын Оразалин қала әкімі Асхат Шахаровқа жолдардың сапасына қатысты барлық мәселені бақылауда ұстауды міндеттеп, жұмыстарды күзгі жауын-шашынға қалдырмай,тезірек аяқтау керектігін тапсырды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button