Жаңалықтар

Орталық тынысы бақылауда

Сейсенбіде облыс əкімінің орынбасары Руслан Хамбаров облыс аумағында жүйке ауруымен ауыратын тұлғалар тәрбиеленіп жатқан əлеуметтік қызмет көрсету орталығында болды.
Әуелі орталық тұрғындарымен кездесіп, жағдайларын көрді. Карантин кезеңінде жасалып жатқан шаралармен танысқан Руслан Хамбаров орталық тұрғындарының денсаулығының ең негізгі мәселе екендігін атап өтіп, індеттің алдын алу мақсатындағы жұмысты үйлестіру, қажетті жағдай жасау, дəрі-дəрмекпен қамтамасыз ету үнемі жергілікті атқарушы органның бақылауында болатындығын жеткізді.
1987 жылы салынған орталық ғимаратын аралап көрген облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров:
— Қазіргі уақытта қазандық пен орталықтың әкімшілік ғимаратының құрылысына жобалық-сметалық құжаттар жасалып жатыр. Әкімшілік ғимаратты салу арқылы қосымша жатын орындар көбейтіледі. Себебі, қазіргі таңда тағы елу шақты адам осы орталықтың қызметін алуға кезекте тұр. Материалдық-техникалық базасы да кезең-кезеңмен жаңартылатын болады. Орталық тұрғындарына қолайлы жағдай туғызу әлеуметтік қорғаудың маңызды тетігі болуы керек, — деді.
Ал орталық жанынан құрылған қоғамдық кеңес мүшесі, өңірге танымал азамат Марат Қойлыбаев қоғам тарапынан орталықтың тыныс-тіршілігінің бақылауда болатындығын, ортақ мәселелерді бірігіп шешу қажеттігін айтты.
Орталық директоры Сәбит Сәрсенов әлеуметтік қызмет көрсету орталығы тұрғындарының денсаулықтары қалыпты деңгейде екенін, тұрғындар мен қызмет көрсетушілер арнайы медициналық тексерістен өткізілгенін, жағдайдың тұрақты екендігін баяндады. Сондай-ақ қызметкерлер арасынан екі адамның өкпе қабынуымен ауырып, денсаулық сақтау мекемелерінде емделіп шыққаны да айтылды.

А.ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button