Жаңалықтар

Хабар-ошар

Бәсекелестік жаңа заңмен қорғалады

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

«Ақтөбе»

Кәсіпкерлікті кеңінен өрістету, бәсекеге төтеп беруге қабілеттілікті қалыптастыру бүгінгі күннің басты шаруаларының біріне айналуда. Осы тұрғыдан «Бәсекелестік туралы» жаңа Заңның қабылдануы ілгері қадам ретінде танылды.

Заң қабылдануымен ғана емес, күнделікті тіршілікке батыл енгізілуімен, қолданыс табуымен де құнды. Ол үшін аталған Заң талаптарын мүдделі мекемелер, ұйымдар басшылары, сондай-ақ кәсіпкерлер жете білгені жөн.

Республика Бәсекелестікті қорғау агенттігі жаңа Заңның нормаларын түсіндіру жөніндегі республикалық кең ауқымдағы акциясын Ақтөбеде жалғастырды.

Бұған дейін мұндай шаралар Шымкент, Атырау  және Өскемен қалаларында өткізілген болатын.

Облыс әкімдігінде өткізілген семинарда Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасына енгізілген өзгерістер туралы Агенттік төрағасы Мәжит Есенбаев байыпты баяндама жасады.

«Бәсекелестік туралы» жаңа Заң 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Оның бір ерекшелігі, осы мерзімнен бастап күшін жойған 2006 жылғы 7 шілдедегі «Бәсеке және монополистік қызметті шектеу туралы» және 1998 жылғы 9 маусымдағы «Жосықсыз бәсеке туралы» Заңдардың, осы бағыттағы екі қаулы мен монополияға қарсы орган бекіткен заңға бағынышты сегіз нормативтік-құқықтық акті ережелерін біріктіреді. Қазіргі дағдарысты деп аталынатын кезеңде бұл Заңның маңызды болып табылатын тағы бір себебі – тұтынушылардың заңды құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді және ол жосықсыз бәсекелестіктің жолын кесуге бағыт ұстанады.

Мәжит Төлеубекұлы атап көрсеткендей, «Бәсекелестік туралы» Заң тікелей әрекет етеді және басқа заңдарға бағынышты актілерге сілтеме жасайтын нормалардың жоқтығымен айырықшаланады.

Жаңа Заңда алғаш рет монополия ұғымына, тауарларды өндіруге және сатуға, сатып алуға немесе оларды пайдалануға мемлекеттің айрықша құқығына түсініктемелер берілген.

«Бәсекелестік туралы» Заңның тағы бір ерекшелігі, монополияға қарсы заң және концессия, яғни мемлекеттік меншікті пайдалану аясындағы заңнамалар арасындағы қарама-қайшылықтарды жояды.

Семинарға қатысқандар жаңа Заңды қолдану тәжірибесіне қатысты сұрақтарға нақты жауаптар алды, сонымен бірге өздеріне қажетті толық құжаттар жиынтығын қолдарына ұстады.

Семинарда мәселелерді талқылауға байланысты Агенттіктің департамент директоры Н. Пичкарев, бәсекелестік саясатты дамыту және қорғау орталығының президенті В. Иванов сөз сөйледі.

Семинар жұмысына облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова қатысты.

Кәсіпкерлер қаржыдан тарықпайды

Өткен аптада облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалованың төрағалық етуімен облыстық әкімдікте шағын және орта бизнесті несиелендіруге байланысты жиын өтті.

Оған кәсіпкерлермен қатар екінші деңгейдегі банктердің өкілдері, аудан әкімінің экономика жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Жиынның басты тақырыбы – кәсіпкерлерді қаржыландыру. Осы жиында баяндама жасаған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының директоры Жеделбек Мұрзағалиев 2009 жылы шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында 120 миллиард теңге бөлінгендігін атап өтті. Бұл қаражат 12 екінші деңгейдегі банктер арқылы үлестіріледі. Несиелеу мөлшері 12,5 пайыздық өсіммен 7 жыл мерзімге дейін және әрбір алушыға 750 миллион теңгеге дейін беріледі. Несие беру шарты бойынша кәсіпкерлердің кепілге қоятын мүлкімен қатар техникалық-экономикалық негіздемесі болуы тиіс. Ең бастысы, негізгі қарыздан құтылу үшін алғашқы 12 айда жеңілдіктер қарастырылады. Қаржыландыру айналымдағы қаражатты көбейту, өндірісті модернизациялау сияқты оңды істерге бағытталған.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат қомақты. Алайда жекелеген кәсіпкерлердің білімдерінің кемшіндігіне байланысты бұл қаражаттан қағылып жатқандар көп. Кәсіпкерлердің сауатсыздығына жиын барысында сөз алған банк өкілдері де қынжылыс білдірді.

Қазір қаржыландыру ұйымдары мен қорларының алдындағы міндет – мемлекеттен бөлінген қаражатты жергілікті кәсіпкерлердің игеруіне күш салу. Осы арада Хромтау, Мұғалжар және Мәртөк аудандарынан басқа аудандардағы жайбарақаттық та сынға ілікті.

Серік ӘБДІБЕК.

Әзірбайжан жақындай түседі

Кеше Ақтөбе облысына ресми сапармен Әзірбайжан Республикасы бас елшілігінің жетекшісі Рашид Маммадов пен вице-консул Эмиль Мурадзаде келді. Мәртебелі қонақтар аймаққа экономикалық-сауда және мәдени байланыстарды жолға қою үшін келген. Яғни бұл – біздің аймаққа әзірбайжандық елшілік өкілдерінің алғашқы сапары.

Жұмыс сапары жоспарында облыс әкімі Елеусін Сағындықовпен, оның орынбасарларымен, құқық қорғау органдары, сондай-ақ облыстағы ұлттық-мәдени орталықтардың басшыларымен, әзірбайжан диаспорасы өкілдерімен кездесуге үлкен маңыз берілді.

Қаламен  танысқаннан кейін елші облыс басшысы Елеусін Сағындықовпен кездесті.  Аймақ басшысы мәртебелі қонақтың облысқа келгеніне өз ризашылығын білдіріп, бұл кездесудің дәстүрге айналатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде Әзірбайжан елшісі Рашид Маммадов облыс әкіміне қабылдағаны және жылы сөзі үшін алғысын білдірді. Келіссөздердің пайдалы болғанын айтып, сауда-экономикалық саладағы екі жақты қарым-қатынастарды нығайтудың пайдалы болатынын атап көрсетті.

Елшінің сөзіне қарағанда, оған біздің қаламыз қатты ұнаған. Ол қаланың осы заманға сай бейнесіне, даму қарқынына риза болған. Дағдарыс жағдайына қарамастан, облыс экономикасының әр саласында өндіріс көлемінің ұлғайып отырғаны сүйсінтеді. Бұған қоса аймақта үлгі боларлық жобалар аз емес. Әзірбайжан жағы  оларға қатысуға әзір. Және оған инвестиция салуға дайын екендіктерін білдірді. Сондықтан да Ақтөбе облысына сапары барысында  шешілуге тиісті міндеттің бірі осы өзара әріптестік бағытында болашағы зор нақты шаралар белгілеу болатын.

Облыс әкімі атқарушы биліктің Мемлекет басшысының иыққа жүк түсірген дағдарыс кезеңінде еңбеккерлерді әлеуметтік қолдау, әсіресе, айлық жалақыны уақытында төлеу жөніндегі еңбек заңдылығын сақтау туралы тапсырмасын орындай отырып, бұл мәселені қатаң бақылауға алғанын еске салды.

Елеусін Сағындықов кәсіпорын жетекшілері ішкі резервтер мен активтерін барынша пайдалана отырып, бірінші кезекте жұмысшылардың, қарапайым адамдардың жағдайын жасауы керек деп санайды. Айлық жалақыны кешіктіру немесе жұмысшыларды жаппай босату туралы әңгіме болмауы керек. Оған ешқандай негіз жоқ.

Тұтастай алғанда, екі жақ алға қойған барлық мәселелерді шеше алған аса пайдалы, қажетті әңгіме болды деген пікірге келді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Комиссияның атауы өзгерді

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлованың төрағалық етуімен қала әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Жиында алғаш сөз алған комиссия хатшысы Роза Есқазина аталған комиссияның өткен жылы атқарған жұмыстарына тоқталды. Сондай-ақ, әйелдерге, балаларға, қарттарға  қатысты дөңгелек үстелдер өткізіліп, бірқатар жұмыстардың атқарылғаны туралы айтты. Мәселен, көп балалы отбасы татулығын нығайту мақсатында арнайы кештер ұйымдастырылып, өзге де  мерекелік шаралар жиі өткізілген. «Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінде өткізілетін жәрмеңкелер арқылы жұмыссыз әйелдер тұрақты жұмысқа орналасқан.  Мәселен, өткен жылы 5854 адам тұрақты жұмысқа орналасса, оның 1870-і әйелдер екен.

Отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылатын шаралар қала көлемінде ғана емес, ауылдық жерлерде де жиі қолға алынған. Жиында әйелдер құқығын қорғау мәселесі де сөз болды.

Басқосуда қала әкімінің орынбасары бұрын  комиссияның атауы «әйелдер істері  және гендерлік саясат жөніндегі комиссия» болып келсе, енді  «әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия» болып  өзгеретінін айтты. Алдағы уақытта  комиссия  кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы  саласында әйелдердің еңбек етуі, жаңа жұмыс орындарын ашу секілді түрлі бағытта жұмыс істейді. Атаулы күндерде қайырымдылық іс-шаралары мен  түрлі дөңгелек үстелдер өткізу жұмысы келер жылы да жалғасын таппақ.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікірсайыс

Оқушылар үш тілде бақ сынады

Сейсенбіде №19 Ақтөбе орта мектебінде облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен «Инновациялық технологиялар арқылы оқыту» орталығы арнаулы орта оқу орындары оқушыларының арасында «Үштұғырлы тіл: бүгіні мен болашағы» атты пікірталас турнирін өткізді.

Ақтөбе облысында тілдерді қолдану мен дамытудың 2009-2010 жылдарға арналған Өңірлік бағдарламасын орындау барысында өткен турнирге 150-ге жуық колледж оқушылары қатысты. Пікірсайыстың басты мақсаты –  мемлекеттік тілдің бәсекелестікке қабілеттілігін қамтамасыз ету, оған талдау жасау, қаламыздағы тілдік ахуалдың бүгіні мен ертеңі жайлы ой-пікірлерді, ұсыныстарды ортаға салу, сонымен қатар жастарды өз ойларын ашық айта білуге, ұлттық патриотизмге баулу.

– Үштұғырлы тіл саясаты 2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жолдаған Жолдауынан туындаған болатын. Бұл мәселе Президенттің 2008 жылғы Жолдауында қайта мағынасын тапты. Себебі мемлекеттің алға ұстап отырған үлкен стратегиялық мақсатында Қазақстанның азаматтары жоғары білімді, көп тілді меңгерген болуы керек. Және халықаралық аренада өз орнын таба білетін бәсекеге қабілетті мамандар даярлануы қажет.

Жастар арасында түрлі тақырыптарда пікірсайыстардың жиі өтіп тұрғаны дұрыс. Себебі пікірсайыс балалардың ойлау, қисындық дәйектеу жүйелерін, сөйлеу мәдениетін, тіл мәдениетін қалыптастырады. Сонымен қатар танымдық, эстетикалық мүмкіндіктерін көтереді, тарихы мен Заңын білуге, оларды құрметтуге үйретеді. Үш тілді еркін меңгеретін оқушылар тіл білімін одан әрі дамытады. Пікірсайыс барысында біз оқушылардың айтқан құнды ұсыныстары мен ойларын тыңдап қуандық. Бұл –  тілдерді дамыту жұмысына  жастардың қосқан үлесі, –  дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасы бастығының орынбасары Гүлайым Төлебаева.

Сайысқа қатысқан 35 топтың 14-і – қазақ, 13-і – орыс, ал қалғаны ағылшын тілдерінде  бақ сынады. Бір қуантатыны, жастардың үш тілде де еркін сөйлеуі.

– Мұндай жоғары дәрежеде өткен сайысқа алғаш қатысып отырмын. Сайыс арқылы біз үштұғырлы тіл жайындағы өз ойларымызды еркін айтып, оны ары қарай дамытуға үлес қосуымыз қажет, – дейді Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжінің 1-курс оқушысы Айбар Оразалин.

Ал оқушыларын пікірсайысқа дайындап, олардан үлкен үміт күтетін Ақтөбе заң колледжінің оқытушысы, полиция майоры Талғат Әбдірахманов өз ойын былай білдірді:

– Келешекте  Қазақстан бүкіл әлемде үш тілді  пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Мұны Елбасымыз да жиі айтып жүр: «…Қазақ тілі –  мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі, ағылшын тілі – жаһандық ойдағыдай кірігу тілі». Сондықтан біздің жастарымыз үш тілді де еркін меңгергенін дұрыс деп білемін.

Пікірсайыс барысында оқушылар өз ойларын анық жеткізе білді. Қорытындысында қазақ лигасы бойынша 1-орынға Ақтөбе кооперативтік колледжінің студенттері лайық деп танылды. Ал Ақтөбе политехникалық колледжінің студенттері 2-орынды иеленсе, 3-орынды Батыс Қазақстан гуманитарлық заң колледжінің студенттері алды. Орыс лигасы бойынша 1-орын Ақтөбе байланыс және электротехника колледжіне берілді. Екінші орынға Батыс Қазақстан гуманитарлық заң колледжінің студенттері, ал үштікке гуманитарлық колледж студенттері ілікті. Ағылшын тілі бойынша бақ сынаған жастар арасында 1-орынды Ақтөбе гуманитарлық колледжі, 2-орынға ауыл шаруашылығы колледжі, ал 3-орынға Ақтөбе политехникалық колледжінің студенттері лайық деп танылды.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Сыр сүлейінің сапары

Сейсенбі күні Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филармонияда «Менің Отаным – Қазақстан» атты кеш өтті. Жиынға Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері Алмас Алматов пен Ыбырай Балтабаев қатысты.

Бұдан бұрын осындай басқосулар Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде, обыстық «Алақай» қуыршақ театрында және Әйтеке би аудандық Мәдениет үйінде өткен болатын. Бұл жолғы жиында облыс аймағындағы жырлардың орындалу ерекшеліктері және өңірде туристік орталық ашылса, шетелдіктерді жыраулық-күйшілік дәстүрмен таң қалдырып қоймай, осы өнерді жас ұрпақтың бойына сіңірту мәселесі де сөз болды. Жиында сөз алған  Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының меңгерушісі, халықаралық «Тұран» мәдениеттану орталығының президенті, профессор Алмас Алматов мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға  тоқталды.

-Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша  бірнеше жылдан бері Ақтөбе облысының аймағында  зерттеу жұмыстарын жүргіздік.  Оның ішінде облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау инспекциясы, облыстық мәдениет басқармасы және жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, түрлі  ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолға алып, ғылыми басқосулар өткіздік. Өңірдегі жыраулық дәстүрді зерттеу жұмыстары өз нәтижесін берді. Алдағы уақытта жинақталған құнды дүниелерді баспа бетіне жарияламақпыз. Сондай-ақ, Ақтөбе өңіріндегі жыршылық-жыраулық өнерді насихаттау жұмыстары да өз жалғасын таба бермек. Бұл ұлттық-мәдени мұрамызды жетілдірудің бірден-бір басым бағыты болмақ. Өйткені өнер  өзінің мұрагер ұрпақтары арқылы дәстүрлі сипатқа айналады. Сондықтан да біз ата дәстүрді жаңғырту және кейінгі ұрпақты тәрбиелеудің негізгі бағыттарын айқындауымыз керек,-деді.

Жиынға қатысушылар Алмас Алматовтың шығармашылығымен де танысты. Өнертанушы соңғы жылдары Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 12 томдық мұрасын жинастырып, оның төрт томын кітап етіп  шығарса, «Көрұғлы» музыкалық эпосын оқу құралы және  күйтабақ ретінде жарыққа шығарды.

Сондай-ақ, Америка мен Парижде қазақтың киіз үйін тігіп, табысқа жеткен Балтабай Ыбыраев әңгімелері де жиналғандарды бір серпілтіп тастады. Шараны ұйымдастырушы облыстық-тарихи мәдени мұраларды қорғау жөніндегі инспекция бастығы Бекарыстан Мырзабай бұдан бұрынғы кездесулерде Қобыланды және өзге де эпостық жырлардың орындалу ерекшеліктері, туристік орталық қалыптастыруда жыраулық дәстүрді жаңғырту мәселелері сөз болғанын айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Сайғақтың екі ұңғымасы іске қосылады

Өткен аптада «Дастан» бизнес орталығының мәжіліс залында экологтар «Темір ауданындағы Сайғақ кен орнының техникалық жобаға сәйкес №№9,10 ұңғымаларының құрылысын салу және өндіру, оның қоршаған ортаға әсерін бағалау» тақырыбында қоғамдық тыңдау өткізді. Басқосуға облыстың бірқатар департаменттерінің басшылары мен жергілікті атқарушы органдардың жетекшілері, жоба авторлары мен мұнай-газ мекемелерінің өкілдері қатысты.

Қоғамдық тыңдауда «Маерск ойл Казахстан» компаниясының өкілетті өкілі Аманжан Абаханов Сайғақ кен орнында басталатын №9,10 ұңғымалардың құрылысы жайында баяндай келе, жобаның мақсаты мен бірқатар мәселелер жайында әңгімелеп берді.

Облыста Сайғақ кен орны 1995 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Темір ауданының Шұбарқұдық ауылынан 12 шақырым жерде орналасқан бұл кен орнында қазір 5 ұңғыма іске қосылған. Мекеме жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Енді алдағы уақытта Сайғақтың тағы да екі ұңғымасы іске қосылмақ.

Аталмыш ұңғымалардың болашақта қоршаған ортаға әсерінің жоқтығы жайында баяндаманы «Азия эколониг» мекемесінің өкілі Дана Сапарғалиева жасады.

Қоғамдық тыңдауға қатысушылар аталмыш кен орнындағы екі ұңғыманың іске қосылуы жергілікті халықты қосымша жұмыспен қамтамасыз ететінін, экологиялық жағынан кен орнының қоршаған ортаға ешқандай зияны болмайтынын бір ауыздан қолдады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Мешітте осындай алқа бар

Жақында Ақтөбе қалалық орталық мешіті жанынан ұстаздар кеңесі алқасы құрылды. Мұндай діни кеңес беру орталығы Қазақстанда бірінші рет ашылып отыр.

Ұстаздар кеңесі алқасын ашудағы мақсат – мұсылмандардың проблемасын шешуге кеңес беру.

Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Талғат Қожамұратовтың айтуынша, сұрақтар, арыз-шағымдар жазбаша нұсқада қабылданады.

Ханафи масхабы бойынша пәтуаларға сүйеніп, шариғат шеңберінде жауап береміз. Тұрғындар өздерін ойландырып жүрген мәселе төңірегінде сұрақ қоюларына болады. Сонымен қатар кеңес отырысында отбасылық мәселелер де қаралады. Кеңес жұмысы жалпы мұсылмандар арасында болып жатқан проблемаларды шешуге, қолдан келгенше көмектесуге, кеңес беруге бағытталған. Мысалы, жас жұбайлар мен олардың ата-аналары арасында немесе ерлі-зайыптылардың арасында түсініспеушіліктер болып жатса, бұл мәселелердің шариғат шеңберінде қалай шешілетіндігін қарап, кеңес береміз.

Қазір кейбір ерлі-айыптылар некесін АХАЖ-да емес, мешітте қидырып жатыр.  Мешітте некелесіп, кейін жұбайлар түсініспей, ажырасатын болса,  олар сотқа арыз бере алмайды. Мұндай жағдайда мәселе қалай шешіледі? Міне, осындай сауалдарға жауап береміз, – дейді Т. Қожамұратов. Ол кеңес отырысы әр жұмада жұма намазынан кейін, сағат 15.00-де болатындығын айтады. Сұрақтар мен арыз-шағымдарға жауап беру мерзімі оның күрделілігіне байланысты.

Негізінен, бір аптаның ішінде жауап беруге тырысамыз. Қазір мұсылман дінін жамылып әрекет етіп жүргендер жоқ емес. Олардың, діни секталардың арбауына түспеу үшін адамдар өзінің рухани қуатын күшейтуі керек. Ол үшін діни дәрістер алған жөн. Сабақты Діни басқарманың  орталық мешіттерінен алу керек. Бұл – бір. Екіншіден, сауатты адамдардан сұраған дұрыс. Мысалы, облыстық уағыз-насихат тобының мүшелерінен кеңес алған жөн. Үшіншіден, Діни басқарманың келісімімен жарық көрген кітаптарды оқу қажет.  Сонымен қатар қоғаммен бірге болу керек, – дейді Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Талғат Қожамұратов.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Жұқпалы жедел ішек ауруынан сақтаныңыз!

Облыста жұқпалы жедел ішек ауруы асқынып тұр. Соңғы 12 аптаның ішінде облыстың 13 тұрғыны осы ауруға шалдығыпты.

«Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті» мемлекеттік мекемесінің бөлім бастығы К.Омарованың айтуынша, жұқпалы жедел ішек ауруына шалдыққан жандардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар көп. Оның үшеуі – бір жасқа дейінгі бүлдіршіндер. Жұқпалы жедел ішек ауруына қатысты екі жағдай Мұғалжар ауданында тіркеліпті.

Мамандар бұл ауруға бүлдіршіндердің түрлі жағдайда шалдығатынын айтады. Мәселен, анасының жеке бас гигиенасын сақтамауының салдарынан он айлық бала мандаринді еденде домалатып ойнап, аузына салғанның кесірінен осы аурудың зардабын тартыпты. Сондай-ақ, осы тектес екі жағдай да ата-аналардың қарапайым санитарлық мәдениетті сақтамауының кесірінен орын алыпты. Оның бірі – анасы бір жас та он айлық баласын дұрыс қуырылмаған жұмыртқамен тамақтандырса, екінші бір бүлдіршін бір тәулік бойы тұрып қалған салатты жеген. Ал төртінші бір жағдай, бір жарым жастағы бүлдіршіннің қораптағы «Птичье молоко» шоколадын түгелімен жеуінің салдарынан болған.

К.Омарова  ересектер арасында да жұқпалы жедел ішек ауруының белең алып отырғанын айтады. Ересектер арасындағы қауіпті жұқпалы жедел ішек ауруының бірі тәулік бойы тұрып қалған шаян салатын жеудің әсерінен орын алыпты.

Мамандар жұқпалы жедел ішек ауруынан сақтанудың бірнеше жолын айтады. Соның бірі аурудың алдын алу үшін ең әуелі тамақтанар алдында жеке бас гигиенасын өте мұқият сақтау қажет.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Мәуліт мерекесі тойланды

Өткен сенбі күні Жастар сарайында  «Нұр Ғасыр» орталық мешіті және облыстық қажылар бірлестігінің ұйымдастыруымен  Мәуліт мерекесі өтті.

Екі дүниенің пайғамбары Мұхаммед аләйһиссәләмнің  туған күні былтыр облыстық филармония ғимаратында аталып өтілген болатын. Облыс аумағында тұңғыш рет кең көлемде мерекеленген Мәулітке жұртшылықтың ықыласы ерекше болған. Сондықтан да ұйымдастырушылар биыл ұлық мерекені Жастар сарайында  өткізуді ұйғарыпты. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің басшылығы  бұл ұсынысты қуана қабылдаған. Айта кету керек,  осы айда Жастар сарайында пайғамбарымыздың туған күні екінші рет аталып отыр. 12 наурыз күні мұнда әйгілі «Ясауи» тобы концерт қойып, республикалық «Сенім. Білім. Өмір» бірлестігінің өкілдері ұлағатты әңгіме айтқан болатын.

Кеш Мұхаммед пайғамбардың  (с.ғ.с)  өмір жолы, хақ діні – Исламды тарату жолындағы орасан зор еңбегін бейнелейтін  бейнефильммен басталды. Бұдан кейін сахнаға медресе шәкірттерін ерте шыққан «Нұр Ғасыр» мешітінің найб имамы Бақытбек Тәжімбет құран оқыды. Пайғамбарға салауат айтылды.

Облыс әкімінің орынбасары Жеткерген Оралмағамбетов жамағатқа облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың ықыласын жеткізіп, мерекемен құттықтады. Елбасы саясатының, облыс әкімінің мұрындық болуының арқасында  шаһарымыздың қақ ортасында аспанмен таласқан әсем мешіт бой көтергенін тілге тиек етті.

Облыс әкімінің орынбасарынан кейін сахнаға «Нұр Ғасыр» орталық мешітінің  бас имамы Бауыржан Есмахан көтеріліп,  уағыз айтты. Хақ пайғамбарымыз хақындағы, Мәуліт мерекесінің тарихы  туралы әдемі әңгімелер  жиналғандарды ұйытып қана қоймай, жүректеріндегі сенімді бекіте түсті.

Мереке кезінде ұлттық дәстүрлеріміз де ұмыт қалған жоқ. Мәуліт жыры айтылған соң  жиналғандарға Нарымбет ақсақал бата берді.  Әділбек Сарин, Орал Байсеңгір,  Әсет  Оразалин секілді әншілер діни әуендер шырқады. Осы кештің сценарийін жазып һәм жүргізген Жастар сарайының директоры Орал Байсеңгір оқыған ақын Сәтжан Дәрібайдың діни тақырыптағы өлеңдерін де жұртшылық жылы қабылдады.

«Адамға алғыс айтпау – Аллаға шүкіршілік етпегенмен бірдей».  Сондықтан да мерекені ұйымдастырушылар Мәуліт күнін ұлықтауға қол ұшын созған азаматтарға ризашылықтарын білдіріп, Алғыс хатпен марапаттады.

Жиналған жамағат келесі Мәулітке жетуге жазсын деген игі тілекпен тарасты.

Бек СҰЛТАН.

Біз халықпен біргеміз!

Өткен аптаның сенбісінде Ақтөбе қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында Наурыз мерекесі тойланды.

Көктеммен таласа келген Наурыз мейрамы – бір күн емес, ай бойы тойланатын ұлттық мереке. Сондықтан наурыз айында жұртшылық бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, ақ тілектерін арнауы керек. Биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты Халыққа қызмет көрсету орталығы ұжымы мерекені ай соңында атап өтті. Далаға дөңгелене киіз үй тігіліп, қазан асылды, бауырсақ, Наурыз көже пісірілді. Ал той қонақтары – жергілікті тұрғындар, Әділет министрлігі органдарының қызметкерлері, әр аудандағы орталықтың жетекшілері, БАҚ өкілдері…

Наурыз – халқымыздың ұлттық мейрамы. Сондықтан біз өз мерекемізді өзгеше етіп атап өтуіміз қажет. Халыққа қызмет көрсету орталығына халық көп жиналатын болғандықтан, біз жыл тойын жұртшылықпен бірге қарсы алуды жөн көрдік. Тойдың ерекшелігі – кеңес берушілер ұлттық киіммен  халыққа қызмет көрсетеді, – дейді мекеме басшысы Бауыржан Бекет.

Далаға тігілген киіз үй іші сәнді жабдықталған. Бағалы жәдігерлік бұйымдар мен қымбат аң терілерін осы жерден табасыз. Ал есік алдына орналасқан диірмен мен келі-келсап та алыстан көз тартады. Қазақы көйлек пен сәукеле киіп, мың бұрала билеген қыздарды көргенде, тура жайлаудағы қазақ еліне келгендейсің.

Тойға келген қауым киіз үйге кіріп, дәм татты. Ұжым қызметкерлері жұртшылыққа ыстық бауырсақ, Наурыз көже, шұбат таратты. Мереке барысында әсем әндер шырқалып, билер биленді.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

«Нұр Отан» : Анықталды, ұсыныс жасалды

Апта басында «Нұр Отан» ХДП-ның облыстық филиалы ғимаратында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің мәжілісі өтті.

Мәжілісте облыстық прокуратураның аға прокуроры Сұлушаш Каренова, облыстық қаржы бақылау және мемлекеттік сатып алу комитеті басқармасының бастығы Нұртай Князов, медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитеті департаментінің директоры Рақымжан Арыстан облыстық білім беру және денсаулық сақтау салаларына қатысты мәліметтер келтіре сөз сөйледі.

Ал облыстық экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі департамент бастығының орынбасары Серік Берденов: «…Өткен екі ай қорытындысы бойынша білім беру саласында 3 қылмыстық іс қозғалды, оның екеуі сотқа жіберілді және біреуі тергелуде. Мұғалжар ауданы Саға орта мектебі мұғалімдерінің еңбекақысын иемденген мектеп директорының үстінен бөтеннің мүлкін ұрлау фактісі бойынша 2 қылмыстық іс қозғалып, сотқа жіберілді. Аталған қылмыстық істер мемлекетке 492,4 мың теңге шығын келтірді. Одан басқа, қаламыздың №22 балабақшасына бала алу туралы арызды кейінгі күнмен тіркеу және қабылдау үшін қала тұрғынынан 20 мың теңге талап еткен «Қалалық білім бөлімі» ММ-ның мектепке дейінгі бөлімінің бас маманына пара алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп  жатыр, жақында сотқа жіберіледі.

Ал денсаулық сақтау саласында өткен екі айда 1 қылмыстық іс қозғалды. Облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің өндірістік кәсіпорындарды бақылау бөлімінің бас маманы «Краз 255 Б» маркалы автокөлігіне санитарлық-эпидемиологиялық тексеру актісін жасап бергені үшін азамат А.Кужановтан 5 мың теңге алған. Қазір бұл факт бойынша  қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде», – деді.

Сонымен қатар баяндамашы Тәртіптік кеңеске сыбайлас жемқорлық сипаттағы құқық бұзушылық жасап, яғни өз қызметтік бабын пайдаланғаны туралы №28 «Көркем» мектепке дейінгі ұйымының меңгерушісі үстінен де шағым түскенін айтты.

Облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бастығы Құралай Әлжанова жасаған баяндамадан түйгеніміз: «…Материалдық-техникалық база жақсарды десек те, қазірдің өзінде 10 медициналық мекеме (оның ішінде 4-уі туберкулезге қарсы күрес жүргізетін мекемелердің ғимараты) күрделі жөндеуді қажет етеді…

Жыл сайын жоспарлы қорытынды дезинфекция жасау үшін перзентханаларды жабу проблемасы көтеріледі. Осы жағдайды түзету үшін облыстық перзентхана салынуы қажет. Санитарлық қызмет биылғы тексерулер нәтижесінде 742,225 теңге көлемінде 94 айыппұл салды. Мұғалжардың перзентхана бөлімшесі мен Мәртөктің аудандық ауруханасы қорытынды дезинфекцияға жабылды.

Ал білім саласында өткен жылы Ақтөбе мен Шалқар қалаларында жаңа мектептер пайдалануға берілді. Облыс бойынша 69 мектептің жиһаздары жаңартылды. 116-сына компьютерлер, 78-не интерактивті құрылғылар мен 15-іне спорттық бұйымдар алынды. Алайда Ақтөбе қаласының селолық мектептірінің 20 пайызына, Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз, Қобда, Мұғалжар, Темір және Хромтау аудандарындағы мектептерге күрделі жөндеу жүргізіп, материалдық-техникалық базасы жаңартылуды қажет етеді. Облыста 53 ауыл мектебінің жиһаздары ескірген, Әйтеке би, Ырғыз, Мұғалжар, Ойыл, Хромтау және Шалқар аудандарында жиһаздар жаңартуды талап етіп тұр. 182 ауылдық мектепте спортзал жоқ».

Облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Күлпаршын Айдарханова өзі басқарып отырған департаменттің бала құқығын қорғауда біраз шаралар жасап жатқанын айтты. Әсіресе, кезінде тағдыр айдап балалар үйіне тапсырылған балалардың ата-анасымен тұрған үйлерін іздестіріп, балаға тиесілі баспананы қайтарып алу жұмыстарымен айналысып жатқандары көпшілікті елең еткізген игілікті іс болды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабыр мен облыстық білім беру басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергенов жиналғандарға өз салаларының жетістіктері мен жасалып жатқан жұмыстары туралы жеткізді.

Облыстық филиал жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңесінің мүшесі Келдібай Еспағамбетов, облыстық мәслихат депутаты Валерий Фалалеев айтылған мәліметтерге қатысты өз ой-пікірлерін білдірді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button