Жаңалықтар

Ақтөбеде вирусқа қарсы дәрілік препарат шығарылады

Медицина

Өткен сенбі күні Ақтөбеге вирусқа қарсы дәрілік препарат шығару үшін шикізат әкелінді. Алла қаласа, 10-15 күннің ішінде дайын препарат дәріханалардың сөрелеріне шығарыла бастайды.

Ақтөбе облысы әкімдігі өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен вирусқа қарсы дәрілік препарат өндірісіне қажетті шикізат алу үшін (қазынадан тыс) қаржы бөлді. Аталған препарат вирустық аурулар, соның ішінде COVID-19 инфекциясының алдын алу, емдеу кезінде де қолданылады. 

Вирусқа қарсы «Грипповир» препаратын шығаруды «ТК Фарм Ақтөбе» фармацевтикалық зауыты қайтадан қолға алды. Оның бөлшек саудадағы бағасы 1500 теңге тұрады. Бұл аталған препараттың импорттық баламаларының бағасына қарағанда 42 пайызға арзан.

Мақсатты, шұғыл және қайтарымды шарттар бойынша бөлінген 75 млн теңге қаражатқа шикізат Қытайдан әкелінді. Кәсіпкерлер палатасы шекарадан өту және жүкті кедендік рәсімдеуді тездетуге ықпал етті.

10 шілде күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық өңірді тез арада дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету керектігін, індет кезінде дәрі сату арқылы пайда тапқысы келгендерді қатаң жауапқа тарту қажеттігін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев мұның ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін ескере отырып, мемлекеттік органдарға аса қажетті дәрі-дәрмектердің және медициналық бұйымдардың жеткілікті қорын қалыптастыруды міндеттеді.

«Қазақстанда дәрі мен медициналық бұйымдардың көптеген түрін өндіруді жолға қоятын кез келді. Қашанға дейін импорттық дәрілерге тәуелді боламыз? Намысымыз қайда?» — деген еді Президент.

Президент мемлекеттік органдар алдына қажетті дәрілер мен медициналық бұйымдар қорын шығару туралы тапсырма қойған болатын. Біздің облыста да еліміздің басқа өңірлері секілді медициналық препараттар жетіспеушілігі бар екендігі жасырын емес.

Жақында өңірлік коммуникациялық қызметтің тікелей эфирінде брифинг өткізген облыс әкімі Оңдасын Оразалин облыста дәрілік препарат шығарылатынын айтқан-ды:

— Ақтөбедегі «ТК Фарм» фармацевтикалық компаниясы вирусқа қарсы препарат шығаруды жоспарлап отыр, оның шикізатын алып беруге қаражат бөлдік. 250 миллион теңге осы мақсатқа жұмсалатын болады. Бұйырса, бір-екі аптаның ішінде бұл препарат ауруханаларға түседі деген жоспар бар. Осылайша біз тұрғындардың сұранысын толық қамтамасыз етеміз деген ойдамыз, — деген еді аймақ басшысы.

«ТК Фарм Ақтөбе» — еліміздің батыс өңіріндегі жалғыз фармацевтикалық компания. Бұрын компания мия тамыры шәрбаты және термопсис сығындысы секілді жөтелге қарсы және қақырық түсіретін әсері бар құрамдастырылған препараттарды, таблетка түріндегі антибиотикалық, қабынуға қарсы, ішек жұмысын жақсартуға арналған дәрілік препараттар шығарып келген болатын. Өндіріс әлемдік стандарттарға сәйкес келетін құралдармен жабдықталған.

— Дәрілік препараттың саудалық атауы — грипповир-ТК, халықаралық патенттелмеген атауы — умифеновир. Ол 100 миллиграмм капсулалар түрінде шығарылады. Фармакотерапиялық тобы бойынша — вирусқа тікелей әсер ететін, вирустарға қарсы жүйелі қолдануға арналған препараттар, — дейді  зауыттың химик-технологі Нұртай Өмірзақов.

Оның айтуынша, вирустарға қарсы бұл препарат ауыр жедел респираторлы синдроммен (АЖРС) астасқан, коронавирус, А және В тұмауының вирустарын спецификалық түрде бәсеңдетеді, ағзаның вирустық инфекцияларға төзімділігін жоғарылатып, вирустық инфекциялармен бірге бактериялық ауруларға қарсы емде де қолданылады. Белгіленген дозада қолданған кезде ағзаға жағымсыз әсер бермейді.

— Бұл препарат А және В тұмауында, жедел респираторлық вирусты инфекцияларда (ЖРВИ), ауыр жедел респираторлы синдромда (АЖРС), оның ішінде асқынған бронхит, пневмонияны емдеу, оның алдын алу, иммунитет тапшылығы жағдайында, созылмалы бронхит, пневмония, қайталанған герпестік инфекциялар кезінде қолданылады, — дейді ол.

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова бірер күндікте зауытқа арнайы барып, дәрілік препарат шығару жұмысымен танысқан. Н.Өмірзақов кәсіпкерлік палатасы басшысына компанияның жұмысы туралы ақпар берді. Оның айтуынша, халықаралық GMP стандартына сәйкес жұмыс істеп жатқан компанияның әлеуеті жоғары. Дегенмен коронавирустың таралуына байланысты жарияланған карантин кәсіпорынның жұмысына әсер етпей қоймады: өзге елдерден әкелінетін шикізат пен ыдысты жеткізу мәселесі күн тәртібіне шықты, келісімшарттық міндеттемелерді орындау қиындап, кейде өндірісті тоқтатуға мәжбүр болған.

—  Елімізде шыны сауыттар, тығындар мен қақпақтар шығарылса, жақсы болар еді. Қақпақтарды Павлодардан алып тұрдық. Алайда карантин кезінде оның өзін бес облыс арқылы алып өтудің өзінде қиындықтар болды, сондай кездерде өндірісті тоқтатуға мәжбүр болдық. Капсула өнімдерін Ираннан әкелеміз. Онда да кедергілердің болғаны айтпаса да түсінікті. Осындай кедергілер, өндірістің үнемі тоқтап қалуы кезіндегі шығындар дәрі-дәрмектің өзіндік құнына әсер ететіні белгілі, — дейді зауыт өкілдері.

Зауыт басшылығының айтуынша, тіркеу куәлігін алу да ұзақ уақытты керек етеді. Сертификаттау жұмыстары Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жүргізіледі. Кәсіпкердің айтуынша, мұндай рәсімдер өңірлік деңгейде жүргізілсе, әлдеқайда тиімді болар еді.

… Вирусқа қарсы дәрілік препараттың шығарылуы бүгінгі күні өте маңызды болып отыр. Сенбі күні әкелінген шикізаттан 10-15 күннің ішінде алғашқы препарат шығарылып, дәріхана сөрелеріне қойылады. Н.Өмірзақовтың айтуынша, бұл шикізат шамамен 15 000 қорап препарат шығаруға жетеді. Алдағы уақытта тағы шикізат алынбақ.

— Бұл дәрілік препарат 2016 жылы тіркелген болатын. Сол жылдары осы дәріні шығарған едік, алайда сұранысқа ие болмағандықтан, оны шығаруды тоқтатқан болатынбыз. Қазір оның өндірісін қайтадан қолға алдық, — дейді Н.Өмірзақов.

Қауіпті індетті толық жеңіп, халық дәрі-дәрмекке мұқтаж болмайтын уақыт та келер. Лайым, дәрі-дәрмекке сұраныс болмайтын уақытқа жетейік!..

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button