АуылБасты жаңалықтар

Бүгінгі Байғанин

Байғанин — облыстың ең қашық, шалғай аудандарының бірі. Жер көлемі кең. Оңтүстігінде Өзбекстанның Қарақалпақстан республикасымен, Маңғыстау облысының Бейнеу ауданымен, батысында Атырау облысының Жылой, Қызылқоға аудандарымен  шектеседі. Негізінен төрт түлік мал өсіретін өңірдің тірлігі жылдың төрт мезгілінде де тыным таппайды. Қазір — жаз, шаруа қауым үшін тіпті қауырт шақ. Төрт түлік түгел қырда — жайлауда. Бау-бақша, көкөніс түйнектеп жатқан кез. Шаруа қыр мен ойда маңдай терін сыпырып еңбек етуде. Өйткені бүгінгі,  ертеңгі  игіліктің негізі осы күндерде қаланады. Бұл топтамада алыс аудандағы осындай еңбеккер, табанды жандар туралы әңгіме болады. 

ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА…

«Біз біргеміз!» жалпыұлттық акциясы аясында Nur Otan партиясымен бірге халыққа қолдау көрсетуге белсене атсалысқан волентер жастарға Елбасы Н.Назарбаев атынан Алғыс хат берілді. «Біз біргеміз!» акциясы аясында кәсіпкерлерден және аудан жастарынан ерікті түрде 2,5 миллион теңге қаржы жиналды. 193 отбасы азық-түлікпен қамтылып, 8 мыңға жуық қорғаныш маскалары тегін таратылды.

* * *

Аудан әкімі Қайрат Отаров «Жұмыспен қамтудың жол картасы»  бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтіп жатқан Жарқамыс орта мектебінің жай-күйімен танысты. Бұл жұмыстарға аталған ауылдан 7 адам жұмысқа тартылған.

Құрылысты мердігер «СтройМастерКласс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған. Ғимараттың сыртын қаптау, еденді ауыстыру, пандус салу сынды жұмыстар жүргізілмек. Оған 67,6 миллион теңге бөлінген.

Аудан әкімі компания басшылығына жұмысты уақытында, сапалы аяқтауды тапсырды.

Жалпы осы аталған бағдарлама бойынша Байғанин ауданында  83 адам жұмысқа тартылған.

* * *

Қарауылкелді ауылдық округіне қарасты «Мұңал» шаруа қожалығының құрамында 6 пункт бар. Мұнда 3450 асылтұқымды қой, 420 ірі қара, 70 жылқы өсіріледі. Көршілес облыстар мен алыс шетелдерге жыл сайын 600 асылтұқымды қошқар, 700 қой етін, 150 ірі қара малын шығарып сатады.

* * *

Жеке кәсіпкер Д. Шанов басқаратын «Байдәулет» шаруа қожалығының сүт өңдеу цехы бар. Мұнда тұрғындардан сүт жиналып, тәулігіне 500 литр сүт өңделеді. Сондай-ақ аудан орталығындағы «Мерей и К» шаруашылығының мал соятын цехы күніне 7 ірі қара малын соя алады. Мұнда еттің сапасын тексеретін лаборатория, жоғары білімді мал дәрігері, қасапшы жұмыс істейді.

* * *

«Ауыл —ел бесігі» бағдарламасы аясында «САҚ Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарын салып жатыр. Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша көшелерге күрделі жөндеу жүргізілуде. Мұнымен бірге, аудан орталығындағы Қарауылкелді,  Қарауылкелді №2, Қарауылкелді №3 орта мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды.

«АЯНЫҢ»  АЛҒАШҚЫ ҚАДАМЫ

Қазір мал шаруашылығы табыс көзіне айналды. Малдың, мал өнімдерінің бағасы өсуде. Ауылда да, қалада да табиғи өнімге деген сұраныс жоғары. Осыны түсінген ауыл тұрғындары кейінгі жылдары шаруа қожалықтарын құруға ерекше ықылас  танытуда. Сартоғай ауылдық округінде құрылған Естай Сисенбаев басқаратын «Ая» шаруа қожалығы — соның бірі.

Шаруашылықтың 10 мың гектар жері бар. Қазіргі сәтте 200 жылқы ұстап отыр. Басты мақсат — мал басын көбейту. Алда осы шаруаны жүзеге асыру үшін «Аграрлық несие серіктестігі» арқылы 100 миллион теңге несие алуға құжаттар тапсырылды.

Өзінің құрылған күнінен бастап шаруашылық құрылыс жұмыстарымен де айналысады. Шаруашылық 5 терең түтікті скважина, 5 электр желісін шығаратын панель орнатты. Сонымен қатар «Жол картасы» бағдарламасы негізінде 6,5 шақырым жерден тұрақты электр желісін тарту мақсатында жұмыстар атқарылуда.

Бүгінгі күні шаруа қожалығы орналасқан Жалғызағаш мекенін көркейту, абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Ең бастысы, жеке қожалық ауыл шаруашылығы техникасымен толық жабдықталған. Шаруаны жүргізуге қажетті техниканы алыстан іздемейді. Бәрі өз қолдарында бар.

Алғашқы қадамының өзінде жаңа шаруашылық алға үлкен мақсат қойып, биіктерге қол созып отыр.

— Әрине, шаруа қожалығы болғасын, біздің негізгі жұмыстарымыз мал өнімдерін, оның ішінде ет, жылқы сүті өнімдерін өндіру және соларды ұқсату болмақ. Мал сою, жылқы сүтін ұнтақ порошок түрінде өндіру  үшін шағын ет, сүт цехтарын саламыз,—дейді шаруа қожалығының басшысы Естай Ибрагимұлы.

Жылқы өсіруге бағыт ұстап отырған шаруашылықтың сал ауруымен сырқаттанатын  балаларды жылқыға мінгізіп емдеу, яғни иппотерапия әдісін жергілікті жерде енгізуге жұмыстанып отырғаныны да назар аудартады.

Бұл шаруашылық алдағы уақытта жылқы сүтін өңдеп, рынокқа шығаруды көздейді. Ол үшін шаруа басшысының айтқанындай, жылына 30 тонна жылқы сүтін өңдейтін цехтың құрылысын салуға және қосымша 100 жылқы сатып алуға құжаттар әзірленді.

«ШӨП ШЫҚҚАН ЖЕРГЕ ЕГІН ДЕ ШЫҒАДЫ»

Бұл — атақты диқан, ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевтен қалған сөз. Үлкен бір жиында ғалымдар «Ойыл, Байғанин аудандарының жерлері шөл, шөлейт. Сондықтан ондай жерлерде егін шықпайды» деп, қорытынды жасапты. Сонда Шығанақ «Шөп шыққан жерге егін де шығады» деп өз тұжырымын айтқан екен. Соның дұрыстығын осы екі өңірдегі бейнетқор халық егін егіп, кешегі алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдары дәлелдеді. Өзен-су маңына салынған суармалы егісті айтпағанда, шөл, шөлейт деген қырдың өзіне жайқалып егін шықты.

Қазір бұл аудандарда ондай көлемде егін салынбайды, бірақ көкөніс, бау-бақша егуді жалғастырып келе жатқан жекелген шаруашылықтар бар. Биылғы жылы Байғанин ауданы бойынша 80 гектар жерге егіс құрылымы орналастырылды. Оның ішінде ауылшаруашылық құрылымдары 28 гектар егін егіп, жеке тұрғындар 52 гектар жерге бау-бақша және көкөніс салды.

Әсіресе, Миялы ауылдық округінде бұл шаруаны тиянақты жүзеге асырып келе жатқан шаруа қожалықтары ондап саналады. Екі мыңыншы жылдары «Қуаныш-1» шаруа қожалығын ашқан Мырзабай Бабасов соңғы он жылда 2 гектар жерге бау-бақша, көкөніс, қауын-қарбыз егіп, күз айларында өнімін аудан тұрғындарына жеткізеді. Қауын-қарбызының бағасы салыстырмалы түрде едәуір арзан болады.

Он шақты жылдан бері бау-бақша, қияр, қызанақ, картоп өнімдерін өсірумен «Қуаныш» шаруа қожалығы да айналысады. Шаруа қожалығының басшысы Қуандық Ілесов егістіктің көлемін 1,5 гектарға жеткізді. Жерді тиімді пайдалану арқылы әр жыл сайын мол өнім жинап, жергілікті және Атырау облысының көрші ауылдарының тұрғындарын да қамтиды.

Негізінен мал өсіретін «Инаят», «Айдос» шаруа қожалықтары да кейінгі жылдары жер шаруашылығын қатар жүргізіп, картоп, көкөніс, қауын-қарбыз өсіріп келеді.

Бұлардан бөлек аталған округте «Ер-Нұр-Т», «Есет» шаруа қожалықтары да бірыңғай қауын-қарбыз, көкөніс, картоп өсірумен шұғылданып, жақсы табыс тауып жүр.

Ақындары жырға қосқан нулы-сулы қос өзен —Жем мен Сағыздың  бойын  жайлаған байғаниндіктердің суармалы егісті ұлғайтуға мүмкіндігі мол екенін осы шаруа қожалықтарының нәтижелері көрсетіп отырған жоқ па?

ХАМИТТІҢ ФЕРМАСЫ

Сырқаттанса да, шаруа ойда тұр

Әлемді жайлаған індет кейінгі апталарда Ақтөбені де үрейлендірді. Өкпенің қабынуы жиіледі. Байғанин ауданындағы «Эльбрус» шаруа қожалығының басшысы Хамит Жұмабаев туралы жазуға оқталғанымда, ендігі менің уайымым — қалай хабарласып, жүздесу болды. Бір жақсысы, қазір байланысқа еш кінә арта алмайсың, сәтте жалғасуға мүмкіндік бар. Мен де соған сүйендім.

Замандасымыз Хамаңмен бұрын да бір-екі мәрте жүздесіп, әңгімелескенім бар-ды. Ауыл шаруашылығының білікті маманы, оның үстіне жылқы малының қыр-сырын жетік білетін атбегі болатын. Дегенмен, көптен бері көріспегесін, телефонды ыңғайсызданып шалдым. Және ол телефон тұтқасын көтергенде, сырқаттанып тұрғанын даусынан сезе қойдым. Әңгімені одан әрі жалғастырудың жөні жоқ еді. Бірақ жөтел қысып қиналып сөйлеп тұрса да, кейіпкерім әңгімені өзі жалғастыра берді.

— Науқастанып қалып қалада, үйдемін, екі жетіден асып кетті. Ем алып жатырмын,—деп бастады сөзін шаруа қожалығының басшысы. — Анада облыс әкімі Оңдасын Оразалин Байғанин ауданында болғанда, ауылда, малдың басында едім. Менің шаруашылығыма да барды. Қожалықтың басында қазір кіші ұлыммен екеуміз ғанамыз. Бірыңғай жылқы малын ұстап отырмыз. Өйткені ол жерде әйел адам жоқ. Зайыбым қалада немере бағады. Жанымда жүрген кенже ұлым әзір үйленген жоқ. Осы ұлыммен бірге, қос басында жатып, үй, қоражай салып, сол шаруашылықты аяғынан тұрғыздым. Азғантай малдан өсті.

Балаларым басында 50 байтал сатып алып берген. Соны қазір 812 басқа жеткіздім. Жаз жайлау, күз жайлау, қыстау, мал төлдететін орынға дейін — бәріне үй салып, скважина қаздырып, мал өсіруге қажетті керекті түгел жасап қойып едім. Өзім мал маманымын ғой негізі. Салмағы жоғары, етті, сүтті жылқы тұқымын өсіруге бағыт ұстаймын. Қолдағы жылқы тұқымын жаңартып, жылқының жаңа түрін өсіріп жатырмын. Біздің елдің жабағылары 90, шауып шыққанды 110 келі ет береді. Ал менің  жабағыларым қазірдің өзінде, іші-бауырын алып тастағанда 160-170 келі ет беріп тұр.

— Қандай тұқым сонда? Көшім жылқысы ма?

— Көшім деп алдық. Оның өзінің үш түрі бар ғой, жүгіретін жүйрік, жүк тартуға бейімделген салмақты ірі және еттік  бағыттағы түрлері. Мен осы түрлерін будандастырып, жабағыларды жаңағыдай дәрежеге жеткіздім. Енді табынды әлі де іріктеп, қазақтың баяғы суыққа тоңбайтын, боранға ықпайтын, сойсаң ет, ішсең сүт, мінсең көлік болатын, ауырлау, ерекше салмақты, етті жылқысын өсіріп шығармақпын.

Қазірдің өзінде менің ортақол жылқым сойғанда 350 келі таза ет беріп жүр. Бұл жақсы ғой. Жақында бір жылқы сойылған еді. Соның тек қазысының өзі 90 келі шықты. Бұдан бөлек 340 келі ет берді. Бұл аз ба?

— Ол неше жастағы жылқы?

— Екі туған бие еді. Мен табындағы жылқының бәрі сондай болуы үшін алда әлі де іріктеу жұмыстарын жүргізбекпін.

— Қымыз да өндіріп тұрсыздар ма?

— Әлгінде айттым емес пе? Жылқының басында шаруамен айналысып жүрген кенже ұлыммен бір өзім деп. Қостың басында жылқы саууға бағытталған дайындық жұмыстары жасалды. Қондырғылар орнатылды. Сауын жылқылар да іріктелді. Алайда әзір саууды бастағанымыз жоқ. Өйткені ол жерге электр қуаты бармай тұр. Бұл мұқтажымызды әр кез айтып жүрміз. Сосын жылқы сауу үшін штатты көбейту, жұмысқа адам алу керек.  Жылқыны сауа алмай жатқанымның тағы бір себебі, кешеге дейін жылқы жайылатын жер ала алмай жүрдік. Әр маңнан тар, әрі бөлек-бөлек жер берді. Олардың арасында өзге фермерлердің жері бар. Ал жылқы қой емес, тар жерге сыймайды, өзгенің жеріне кіріп кетеді. Көп жылқыға жайылатын кең жер керек. Ақтөбеде ауырып жатсам да, ауданнан күнде хабар айтып жатыр. Кешеден бері жел ар жағынан шығып, жылқы өзгенің жеріне түскен. Ал  ол жердің иелері «ертең шабатын шабындық жеріміз еді» деп қорып, қосқа қайта-қайта шауып келіп жатқан көрінеді. Әлгі фермерлердің жерлері бізге бөлінген жайылыстан 200-ақ метр. Мұндай тар жерге көп жылқы қалай сыяды? Сондай-сондай  қиындықтарымыз бар. Қазір жергілікті билік осы мәселелерді  шешудің жолдарын қарастыруда.

— Электр желісін тартудың мүмкіндігі болмай тұр ма?

— Облыс әкімі келгенде бұл мәселе де айтылды, шешімін табуға тиіс.

Туған жері — Оймауыт

 Байғаниннің Оймауытына екі-үш мәрте жолым түскені бар. Жердің түбі. Ар жағы Доңызтау, Үстіртке жалғасады. Құла дүз, шөл дала. Суын тапса төрт түлік малға жайлы өңір екені көрініп тұр. Табиғатты бас идірген ғылым мен адамның еңбегі мұнда да жерасты суын жер бетіне шығарып, құла дүзді әлдеқашан ел тұрақтайтын мекенге айналдыра бастаған. Әр тұстан бұрғыланған ұңғылардан қысы-жазы атқылаған жерасты суы бірнеше жерде жасанды көлдер құрайды. Кең матау жайылыста еркін жайылған төрт түлік мал осы жерлерге суатқа құлайды.Үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе, отар-отар қой, табын-табын сиыр түс мезгілінде жерасты суынан құралған сол көлдерде үйездеп тұрады. Біздің кейіпкеріміз Хамит Жұмабаев «Жабағылы жас тайлақ, Жардай атан болған жер, Жатып қалған бір тоқты, Жайылып мың қой болған жер» деп Қазтуған жырау жырлағандай, төрт түлік малы жатып өсетін осы өңірде, 1948 жылы дүниеге келген. Жер астындағы судың жол тауып шығуына жағдай жасаған «артезиан құдығы» аталған ұңғылардың ел игілігіне айналуы ол өмірге келген осы жылдардан басталады. Ежелден мал өсірген өңірдің бейнетті еңбегінің сәл де болса, жеңілдей бастаған тұсы бұл. Алысты жақындатып, облыс орталығынан «Ақтөбе-Оймауыт» бағытымен тұрақты «АН-2» ұшағы қатынайтын. Көзін ашқаннан малды өңірдің осы тірлігін көріп өскен Хамиттің де атакәсіпке байлануы негізсіз емес еді.

Жалпы ол кезде ауылда өскен әрбір қазақ баласы құйттайынан үй шаруасына араласып, мал бағып, ат жалын тартып мінген кезде бұл саланы әжептәуір меңгеріп қалатын. Ауырып келген малдың жеңіл-желпі ауруын әке-шешесінен көргенін істеп емдеу — мал бағып өскен қазақ баласы үшін шайдың батасындай болатын. Хамит те бала күніннен малсақ, осындай шаруаларға бейім болып өсті. Оны мал шаруашылығына алып келген де осы салаға деген ерекше ықыласы, шын берілгендігі болатын.

Оймауытта туғанмен, оның балалық шағы әр өңірде өткенге ұқсайды. Олай болатыны, әкесі Ұлықпан Жұмабаев осы аймақтағы алғашқы ағартушы ұстаздардың бірі. 1939 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесін бітіріп, Байғанин ауданына өзінің туған жері Баршақұм бастауыш мектебіне оқытушы болып келген екен. Содан араға жыл салып Қарақоға бастауыш мектебіне ауысады. Сол жерден соғысқа аттанып, Сталинградты қорғауға, Харьков қаласын азат етуге қатысады. Соғыстан оралғаннан кейін ұстаздық қызметін жалғастырып, Абай атындағы орталау мектепте, Қарабұлақ, Теректі, Ащы бастауыш мектептерінде, Аманкелді атындағы орталау мектепте әр жылдарда ұстаздық қызмет атқарады. Тіпті 1952-1953 оқу жылында Қарабұтақ ауданының Тамды бастауыш мектебінде бала оқытады. Осы жақтан облыстық оқу бөлімінің жолдамасы бойынша Байғанин ауданындағы Комсомолдың 30 жылдығы атындағы орта мектепке оқытушы болып оралып, 1977 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін ұстаздық етеді. Қызметтен қол үзбей жүріп Ақтөбе педагогикалық училищесін, Гурьевтің педагогикалық институтын бітіреді. Соғыс мүгедегі, 11 баланың әкесі еді.

— Біздің бала кезімізде соғыс мүгедегі көп еді. Сол сөз біздің құлағымызға әскери атақ сияқты естілетін. Осы күні ойласам, Отан үшін жарты өмірін берген мүгедек, жарымжан деген сөз екен. Бар болғаны 20-21 жаста Отан қорғап, жарымжан болған сол азаматтардың есімдерін келесі ұрпақ білу керек, — дейді әкесі туралы әңгіме болғанда Хамит.

«Эльбрус» жылқы өсіреді

Осындай ұстаздың отбасында тәрбиеленген Хамит еңбекке ерте араласты.

Еңбек жолын «Қарауылкелді» кеңшарында ветеринарлық техник болып бастаған бозбала, кеңес әскері қатарында қызмет етіп оралғаннан кейін де осы жұмысын аталған кеңшардың әр фермасында жалғасырып, мал маманы, ферма басқарушысы болып қызмет жасады. 1989 жылы кеңшардың кәсіподақ комитетінің төрағалығына сайланды.

Кеңестік жүйе ыдырай бастағанда, қайтадан өзінің мамандығына ауысып, «Хазірет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал дәрігері болып жұмыс істеді. Ал 2005 жылы Ақтөбе қаласына қоныс аударып, бес-алты жылдай №10 спорт мектебінде ат спортынан жаттықтырушы болды. Бұған қоса, атбегілік әрі мал дәрігері міндеттерін  атқарды.

Қалада жұмыс істеп жүрсе де, өзінің өскен ортасы — ауыл естен шықпады, қол бұлғап шақырды да тұрды. Сөйтіп, өз кәсібі — ауылшаруашылық саласынан қол үзе алмайтынын түсінді, 2004 жылы өзінің туған ауданынан «Эльбрус» шаруа қожалығын ашты.

Шаруа қожалығы, негізінен, асылтұқымды көшім жылқысын өсірумен айналысты. Қыс қыстауы — Кіші Көкбұлақ. Шаруашылық орналасқан осы мекен аз жылда ірге бекітіп, жақсы өсті. Басына қазіргі заманға сай тұрғын үй салынды. Мал қоралары тұрғызылды. Ет, сүт өнімдерін өңдейтін орындар дайындалды. Өйткені жыл сайын мал көбейіп, одан өндірілетін өнім ұлғаюда.

Қазір фермада жылқының саны 800-дің үстінде. Соның 17 басы ғана айғыр, қалғаны бие. Жыл сайын табыннан жақсы құлын алынады. Құлындардың бір бөлігі жылқы табынын ұлғайтуға қалдырылып, қалғаны күзде базарға шығарылады. Бір тәуірі, жылқы еті қысы-жазы үлкен сұранысқа ие.

Хамит басқаратын шаруашылық мемлекеттік бағдарламалар негізінде де біраз қамқорлықтар көрді. Соның бір игілігі — 6 терең түтікті ұңғымылар қазылды. Қажетті ауылшаруашылық техникаларымен қамтамасыз етілді.

— Жылқы еті мен қымыз — біздің басты өндірісіміз болмақ. Енді осы өз  өнімдерімізді тұтынушыларға тікелей сату үшін  аудан орталығынан дүкен ашуды ойластырудамын. Сонда ғана аудан халқын өз өнімімізбен үздіксіз қамтамасыз етуге толық мүмкіндік болады,— дейді «Эльбрус» шаруа қожалығының басшысы Хамит Жұмабаев.

Бүгінде ол аяғын нық басқан іргелі шаруа қожалығының ғана емес, жапырағын жайған үлкен әулеттің де басшысы. Отбасында жолдасы Бағдагүл екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірді. Олардан ондаған немере сүйіп отыр.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button