Жаңалықтар

Мәскеуде шыққан монография

Белгілі зерттеуші-ғалым, дипломат, филология ғылымының докторы, кәсіби қаламгер Серікқали Байменшенің Мәскеудің «Языки народов мира» баспасынан  жарық көрген «Жігер» атты монографиясында ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында қазақ әдебиеті мен ұлттық баспасөздің дамуына елеулі үлес қосқан, Орынбордағы «Құсайыния» медресесінің (1915) және Уфадағы «Ғалия» медресесінің түлегі (1918), танымал жазушы-драматург, педагог-журналист, өмірден ертерек өткен Жиенғали Әділұлы Тілепбергеновтің (1895-1933) көркем-публицистикалық мұрасы жан-жақты зерттеліп, зерделенеді. Қазақ әдебиеті мен ұлттық журналистика жылнамасында өз қаламының көрнекті ізін қалдырған қадірлі қаламгер Жиенғали Тілепбергеновтің туғанына биыл 125 жыл толатынын ескерсек, жаңа зерттеудің қажеттілігі мен маңызы айқындала түссе керек.

Зерттеусөз бастауындағы: «Өткен ғасырдағы өткінші қоғамның бастау-бұлақты кезеңінде қалам ұстаған шын мәніндегі қаһармандар шығармашылығына бүгінгі күрделі әдебиетке қойылар талап деңгейінен қарау қисынды болмас-ты. Бұл әдебиет қарлығаштары сан алуан жанрда жарыса жазып, өздеріне Құдай берген қабілетті әрқайсысы шама-шарқынша таныта алды. Жан-жақтан жамырай шығып, өзіндік үндерін жария етті, телегей таланттарымен Әдебиет атты алыпты асқақтатты. Ұлт азаматтарының осынау тұлғасы мен тағдыры – біздің қайталанбас тарихымыз. Олардың шығармашылығы — қайта-қайта айналып соғатын түпқазығымыз. Алдыңғы буынның бұл бұйырымды мұрасы – ұмыту санатына жатқызылмайтын қазына» деген пайымдау аталған еңбектің түпкі мақсатын бірден аңғартады. (Монография авторының Қазақстаннан тыс жерде қызмет атқарып жүргені, еңбектің басқа елде жарық көруі бұл зерттеуді ертерек таныстыру мүмкіндігін шектегенін айта өткен жөн болар. Дегенмен «Ештен кеш жақсы» дегендей, сол жетпестіктің орнын осы мақаламызбен толықтыру ниетін жұртшылық дұрыс  қабылдар деп сенеміз).

Жиенғали шығармалары Уфа медресесінде Бейімбет Майлин екеуі бірлесіп шығарған қолжазба «Садақ» журналынан бастап, ХХ ғасыр басындағы «Қазақ», «Алаш», «Абай» сияқты ұлттық басылымдарда, 20-жылдардағы «Кедей», «Сыр бойы», «Бостандық туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Ауыл тілі», «Жұмысшы», «Ауыл» газеттерінде, «Әйел теңдігі», «Жаңа әдебиет», «Қызыл Қазақстан», «Жаршы», «Балға» журналдарында жарияланып тұрғаны белгілі. Көзі тірісінде үш кітабы — «Перизат-Рамазан», «Тілші» пьесалары мен «Таңбалылар» хикаяты жарық көрген.

Бұл еңбектері күні кешеге дейін жұртшылық назарынан тыс қалып, қайта дүния көрмей келгені мәлім. Сол сияқты өзінің өндіріп жазатын дәуірі енді туған шақта қаламын қапияда «қолынан түсіріп алған» Жиенғалидің әдебиет тарихындағы орны, шығармашылық мұрасы да ХХ ғасырдың елуінші жылдарының орта шеніне дейін елеусіз жатты. Жиенғалиді жұртшылыққа тұңғыш рет 1955 жылы сол кездегі жас зерттеуші Тұрсынбек Кәкішев «Әдебиет және искусство» журналындағы мақаласы арқылы таныстырып,  жиенғалитануға тыңнан жол салды, болашақ зерттеулер үшін бағдар тұтар берік негіз қалап берді.

Академик Рахманқұл Бердібайдың «Имандылық» деген мақаласында мынадай қызық дерек бар: «1957 жылдың жазға салымғы айларының бірінде мені Қазақстан Жазушылар одағы партбюросына шақырды, — дейді ол. —   Осының алдында ғана мені «Қазақ әдебиетінің» 1956 жылы жарияланған, ел арасында көп пікір тудырған материалдарын ұйымдастырушы деп кінәлап, жұмыстан босатқан… «Не болды екен» деп қанша ойласам да, газет ісіне қайта оралып соғарлық ешнәрсені есіме түсіре алмадым. Сөйтсем, «қырағылар» көңілі көншімепті, «Қазақ әдебиетіндегі» бір мақала «әшкереленбей» қалыпты. Ол — белгілі ғалым, ұстаз  Б.Кенжебаевтың қысқа ғана бір материалы. Оны «редакцияға хат» үлгісінде газетке даярлап, «Өтелмеген парыз» деп тақырып қойып бастырған мен едім… Қазақстан Жазушылар одағының партбюросы дәл сол мақаланы тексеруге арнайы шақырылғанын білдім… «Өтелмеген парыз» деген мақалада 20-жылдарда белсенді еңбек еткен бір топ журналшы, жазушылар еңбегін архив шаңынан тазартып, зерттеу, жарыққа шығару мәселесі көтерілген болатын. Солардың қатарында Ж.Тілепбергенов,   С.Сәдуақасов    секілді   бес-алты қаламгердің есімі аталған. Міне, осылардың ішінен С.Сәдуақасовтың атына көзі түскен біреу Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне көшқұлаш арыз жазып, «Қазақ әдебиеті» газеті партияның Қазақстанда жүргізген саясатына қарсы шыққан Смағұл Сәдуақасовты дәріптеп отыр» деп байбалам салыпты…».

Міне, бұл да, Т.Кәкішевтің мақаласында айтылғандай, Жиенғали шығармашылығының зерттелуіне, еңбектерінің қайта жарық көруіне кезіндегі «талқылаулардың» қаншалықты керте болғанын көрсететін бір мысал. С.Байменше өз зерттеуінде осындай жайларды да байыпты баяндай отырып, Ж.Тілепбергеновтің қысқа қаламгерлік ғұмырының қалыптасу табиғатын,  көркем һәм көсем сөйлеген мұрасын  нақты кезеңге бөліп, басылымдар бойынша саралап, жанрлық ерекшеліктерімен айқындай отырып, талдап-таразылайды.

Жазушы өмір сүрген кезеңнің, шектеулі (коммунистік) шеңбер аясында жаратылған шығармаларының, авторлық ұстанымының, идеялық тұжырымдарының бүгінгі бостан оймен сабақтаса алмайтын сәттері бар екенін де зерттеуші автор ашып көрсетеді.  Соған орай бұлардың ең бастысы — қазақ қаламгерінің қолынан шыққан, кезінде оқырманын тапқан, қоғами-әлеуметтік өмірде, әдебиет тарихында орны болған туындылар екенін, ұлттық сөз өнерінің кез келген кезеңіндегі шығармашылық жемістерін жат көруге болмайтынын ескерте  өткен. Монографияда жазушы қолтаңбасының ерекшеліктерін талдауға, шеберлік үлгілерін сипаттауға, шығармашылық зертхана белгілерін пайымдауға көбірек мән берілгенін зерттеудің осы тұжырымдама тұғырында дамығаны деп таныдық.

Жинақтай айтсақ, Серікқали Байменшенің Мәскеуден шыққан бұл монографиясы — Жиенғали Тілепбергенов шығармашылығын шын мәнінде түбегейлі зерттеп, түгендей талдап, татымды бағасын берген туынды. Монография кіріспесіндегі «Ұлағатты ұстаздарым: профессор Тауман Амандосовтың, академик Зейнолла Қабдоловтың, профессор Темірбек Қожакеевтің, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің, академик Рымғали Нұрғалидің ұмытылмас ұлық тұлғаларына тағзым!» деген шәкірттік жүрекжарды сөздерден өмірде де, өнерде де ғылыми әдеп пен адами ізеттілікті берік ұстанатын зерттеуші-ғалымның, қолтаңбасы айқын қаламгердің айнымас азаматтық ұжданы танылатынын баса айтқымыз келеді.

Әдетте академиялық баяндаулары басым келетін тектес зерттеулерге қарағанда, автордың Жиенғали Тілепбергенов туралы зерттеуін  «…Ортақ өнерге олжа сала түссем деген үміт-тілегі одан да зор еді. Амал не, жазмыш қарсы келді. Айы асып, күні өткен ауру жазушының кендірін кесті. Сөйтіп, жетелі жігер ғайып боп, жеріне жетпей үзілді…» деп түйіндеуі де монографиядағы мәтіндеу мәнерінің жаңашыл қалыптасқанын, көркемдік элементтерінің ғылыми-публицистикалық баяндаумен сәтті ұштастырылғанын ұғындыра түседі. Осынау салмақты да салиқалы зерттеуді әдебиеттану  қазынасына өзіндік орнымен қосылған елеулі еңбектің бірі деп санаймыз.

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,

филология ғылымының кандидаты,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Қазақстан журналистикасының қайраткері.

Нұр-Сұлтан қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button