Жаңалықтар

«Президенттің аграрлық секторды дамыту туралы тапсырмасын орындауға толық мүмкіндік бар»

Облыс басшысы Оңдасын Оразалин Ырғыз, Әйтеке би, Байғанин және Шалқар аудандарының әкімдерін қабылдады. Олар өздері басқаратын аудандардың осы жылдың алты айы ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы баяндап, екінші жарты жылдың негізгі даму басымдықтарын анықтады. Аудандардағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай да әңгіме өзегіне айналды.
Аудан басшылары жағдайдың тұрақты екенін, қажетті дәрі-дәрмекпен және кереует- орындармен қамтылып жатқандығын айтты.
— Сіздер тұрғындарды толғандыратын мәселелерді жақсы білулеріңіз қажет және соған сай жедел әрекет етулеріңіз керек. Бізде Президенттің аграрлық секторды дамыту бойынша тапсырмасын орындауға барлық мүмкіндік бар. Ниеті бар, ең бастысы жұмыс істегісі келетін шаруаларды барынша қолдау керек. Сіздер әлеуметтік нысандарды, автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарының барлығын сапалы әрі уақытында аяқтауларыңыз қажет, — деді облыс әкімі.
Облыс басшысы Әйтеке би ауданының әкімі Дархан Ермағамбетовтің назарын Қарабұтақ ауылына аударды.
— Бұл — бұрынғы аудан орталығы. Елді мекеннің әлеуеті жоғары. Оның аумағымен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізі өтеді. Барлық мүмкіндікті пайдалану керек,  —  деді облыс әкімі. Кездесу соңында аудандарды әлеуметтік-экономикалық жағынан әрі қарай дамытуға бағытталған бірқатар тапсырмалар берілді. Алдағы уақытта басты назарды ауыл шаруашылығын дамытатын мемлекеттік бағдарламалардың, «Бизнестің жол картасының», нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуын қадағалап отыру тапсырылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button