Жаңалықтар

Әуеде 200 секунд қалықтады

Әскер

Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институтының I курс студенттері парашютпен алғаш рет көкке көтерілді.

Болашақ ұшқыштардың оқу бағдарламасында бұл міндетті тәжірибелердің қатарына кіреді. Бірақ одан бұрын жігіттердің жердегі дайындығы мен теориялық біліміне баса назар аударылады.

—  Екі ай көлемінде курсанттар парашюттің негізгі және қосалқы бөліктерімен әбден танысып, ұшудың талаптарын меңгереді. Төтенше жағдай кезінде не істеу керек, оны да үйретеміз. Одан соң ғана әуеде ұшуға жіберіледі, — дейді аталған әскери институттың бөлім басшысы Сергей Кириченко.

Бас-аяғы 18 курсант осылайшааспан әлемімен танысты. Солардың бірі Әлімжан Сақалов өзінің алғашқы әсерімен бөлісті: «Өзіңнің қорқынышыңды жеңіп, тікұшақтың бортынан секіру айтуға ғана оңай. Әсіресе жерден 700 метр қашықта екеніңді білгенде, ерекше күйде боласың. Дегенмен біз бұған ұзақ дайындалдық. Әр қимылымызды асықпай пысықтадық. Сондықтан 200 секундқа созылатын парашютпен ұшу кезінде абдырап қалмадық. Көктегі көңіл күйді сөзбен жеткізу қиын», — деп ағынан жарылды.

Емтиханды тапсырып, әскери техникамен ұшуға рұқсат алу үшін курсанттар осылай парашютпен жылына кем дегенде 6 рет биікке самғауы керек.

Оқу-жаттығу жұмыстары «Хлебодаров» әуеайлағында жүргізілді. Ал курсанттардың парашютпен секіруі Ми-8 тікұшағының көмегімен жасалды.

— Қазіргі таңда институтта 400 курсант оқиды. Олар — армиялық, әскери-көліктік және майдан авиациясының ұшқыштары, жауынгерлік басқару офицерлері, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару және пайдалану жөніндегі мамандар, авиация инженерлері, әскери дәрігерлер. Жігіттерге 91 оқытушыдан тұратын профессорлық-оқытушылар құрамы сабақ береді. Олардың арасында PhD докторлары, ғылым кандидаттары мен магистрлер бар. Бұл — Орта Азия елдерінде әскери ұшқыштарды даярлайтын жалғыз оқу орны, — дейді Ақтөбедегі әуе қорғанысы күштері әскери институтының басшысы Дәурен Қосанов.

Айта кетейік, 46 жылдық тарихы бар еліміздегі бірегей оқу ордасындаәскери-әуе күштеріне, ішкі істер саласы мен Ұлттық қауіпсіздік қызметіне мамандар даярланады. Олар — армиялық, әскери-көліктік және майдан авиациясының ұшқыштары, жауынгерлік басқару офицерлері, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару және пайдалану жөніндегі мамандар, авиация инженерлері, әскери дәрігерлер.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button