Жаңалықтар

«Мені ешкім де иліктіре алмайды»

Жұбан десе Желтоқсан еске түседі: ол — ұлт басына қара бұлт үйірілген сол бір күндері Колбиннің алдында қазақ жастарын қорғап сөз сөйлеуге ерлігі, азаматтығы жеткен бірден-бір тұлға еді. Екінші жағынан, 86-ның желтоқсанында ұлт намысын ту етіп алаңға шыққан жастар — бесіктен-ақ Жұбан жазған «Мен — қазақпынның» рухымен тәрбиеленген ұрпақтың өкілдері болатын…

Жұбан Молдағалиевтің 1986 жылы желтоқсанның 31-інде Жазушылар Одағы үйінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.В.Колбинмен болған кездесуде сөйлеген сөзінен үзінді ұсынып отырмыз:

«… Мен біздің көпұлтты еліміздің халықтарының бауырластығынсыз қазақтардың тіршілігін көз алдыма елестете алмаймын.  Өзімнің бүкіл өмірбаяныммен, өзімнің алғашқы жолымнан соңғы жолыма дейінгі бүкіл шығармашылдығыммен мен осы бауырластықты бекемдеуге ұмтылдым. Басқа нанымға  мені ешқашан  ешкім де иліктіре алмайды.

Бірақ, естігенімдей, өртсөндіруші машиналарды — су атқылағышты, айбарлы иттерді, көп қатпарлы резеңке тоқпақтарды сұрқия арандатудың құрбаны болған жас жігіттер мен қыздарға қарсы ойланбастан шұғыл   ала жүгіруді қостаймын десем, онда өз арымның алдында, сіздердің барлықтарыңыздың алдарыңызда ақ-адал болмас едім. Мені мына мәселелер  толғандырады:  өкімет органдары тәртіпті қалпына келтіруге көмек көрсетуге шақырғандардың және жуасытушы құралдармен қаруланғандардың барлығы етегіне намаз оқыған интернационалист екеніне біздің көзіміз жете ме? Олардың арасында тәртіпсіздікке қатысушыларды ызаландырып, ашындыру  үшін жағдайды пайдаланған және соның салдарынан ұлтаралық алауыздықты қоздырған жаны да, қолы да таза емес адам болмады ма екен?! Көзімен көргендердің айтқанындай, 17-18 жастағы қыздарды шашынан сүйрей  сабаған солар емес пе екен? Ақырында,  сонан кейінгі күндері қалалық транспортта, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда тіл тигізу мен қоқан-лоқы жасау солардан шығып отырған жоқ па екен? Мен сондай ұят  оқиға және оның артынша не болғанын естігенде, жасырып қайтейін, осы күнге дейін өмір сүргеніме өкіндім…

Соғыс  жылдарында қазақтар Отанымыздың адал әрі қаһарман қорғаушыларының бірі болды. Осы ер, кеңқолтық, жомарт, өршіл әрі кәдімгі аңқау, ұлттық шектеушілік мүлде жат халық өзінің кеңдігін тың игеру кезінде де көрсетті. Тыңға сан түрлі адамның келгені ешкімге құпия емес, оның ішінде бұрынғы қылмыскерлер де, ақша қуған уақытша құлқынын тойдырушылар да болды. Осындай адамдардың байырғы халықтың ұлттық намысына тиетін әрекеттер жасағаны аз емес. Бірақ қазақтардың партия шақырып отырған істің ұлылыған түсінуге ұстамдылығы жетті.

Қазір басқаша жағдай орнады. Республикада ұлттық арасалмақ өзгерді. Бұның өзі тыңдағы көп жерде қазақ мектебінің саны күрт кеміп кетуіне әкеп соқты, ал қалалардағы істің жайын айтпаса да болады. Тіпті Алматыдағы қазақ мектептерінің  саны, егер қателеспесем, екеу не үшеу. Ал балалар бақшасының мәселесі бұдан да өткір. Және де ана тілін меңгеру дәл осы балалар бақшасынан басталатыны бізге белгілі. Кейбір қазақ ауылдары, тіпті кей жердегі аудан орталықтарының әлеуметтік жағдайлары тең емес. Тыңда — әдемі жаңа үйлер, ал  бұларда — тоқал тамдар, оларда — асфальт жолдар, ал  бұларда — бабаларынан қалған баяғы керуен жолы.

1972 жылы біз, бір топ жазушы, Жангелдин ауданында болып, бір кезде қала болған қазақ сахарасындағы революция бесігі аталған оның орталығы Торғайдың қораш күйін көріп жағамызды ұстадық. Сол кезде онда, совет өкіметі құрылғанына 55 жыл болғанда, тіпті телеграф байланысы жоқ еді.  Ал олай болатын себебі мынау екен: бұрын бұл аудан қараған Қостанай облысының басшылары, қазақтар бәрібір ата жұртынан ешқайда  кетпейді, сондықтан ең алдымен жағдайды  келімсектерге  жасау керек деп ұйғарыпты. Қазақтардың ұстамдылығы мен бекзаттығын осындай көзқараспен сынауға бола ма екен? Айтқандайын, осының бәріне, әлбетте, республика басында отырған құрметті «ұлт басшыларының» ризашылығымен жол берілді.

Қандай ұлтқа жатпайық: біздер — жазушылар үшін өте бір кіді мәселе — ол өзіміз жазып жүрген, өзіміз оқып жүрген ана тілінің проблемасы. Онсыз біздің өмір сүруіміздің мәні жоқ. Сонымен бірге біз тілдердің өзара байланысын, өзара баюын құптаймыз. Орыс тіліне қарап мен былай деймін:

— Ты выгоды не ищешь хмурым днем,

Не видишь в криках о себе резона.

Ты чтишь язык — пусть говорят на нем

Хоть тысяча людей, хоть миллионы.

Бірақ саяси алыпсатарлар, біздің ұлттың мешелдері өздерінің мансаптық құлшыныстарында кейде ақылға қонымсыз іске дейін барды. Отыз жыл бұрын олардың Волга, Орал өзендерінің, Орал қаласының, тағы басқалардың қазақша атауларын ресми қолданудан шығарып  тастауға қолдары жетті. Сіздер жақсы білесіздер, мәселен,  елдің зердесінен Пугачев көтерілісін өшіру үшін, Жайық сөзін қолдануға ІІ Екатерина тыйым салған. Енді, міне, 250 жыл  өткен соң оған екінші рет — бұл  жолы Қазақстан терминологиялық комиссиясы тыйым салды. Бірақ халық  ондай тыйымға құлақ аспады: оларды ежелгі қазақ атауларымен атап келеді.

Немесе басқаша  күлкілі жағдай. Қазақ тілі — бай тіл. Одан кез келген тілден қысқартылған сөзге аббревиатура табуға болады. Осыдан отыз жыл бұрын КПСС сөзі —  СОКП, ал СССР — ССРО, ВЛКСМ — БЛҚЖО, ТАСС   — СОТА және т. б. т. с. с. айтылатын. Бірақ бізді кенеттен, әрине, Мәскеуден емес, сол әлгі жергілікті ақылгөйлер тек орыс аббревиатурасын қолдануға мәжбүр етті. Міне, содан бері орыс және қазақ сөздерінің ерсі, күштеп таңылған тіркесі әлі келеді, егер сондай бір тіркесті таратып оқысақ, ол, мәселен былай болады: «Всесоюзный ленинский коммунистический союз молодежи Орталық Комитеті». Осындай ешкімге қажетсіз интернационализммен кейбіреулер нарқы төмен болса да, өзіне саяси дәулет жинады.

Соңғы айтарым: кейде тіпті басшы жолдастардың қазақ жастарының республика жоғары оқу орындарындағы (ЖОО) саны, айталық, орыс студенттерінен көп екен дегені кінәлағандай, тиісті министрлікке ескерткендей естіледі.  Ал олар Қазақстанда көп болмағанда, қайда болмақ? Алыстағы қазақ ауылдарындағы оқушылар, орыс тілін меңгермеген шопандар мен механизаторлардың балалары Мәскеу, Ленинград, Куйбышев, Новосібір немесе Украина ЖОО-да конкурстық сынақтардан өте ала ма?

(Қазақшалаған Кәкен ХАМЗИН).

***

Қайрат Жұмағалиев

Ағаның асыл қасиеті

Қазақстан Жазушылар одағының кең залы. Бұл зал кімді көрмеген… Мұхтар Әуезовті де, Сәбит Мұқановты да, Ғабит Мүсіреповті де, Ғабиден Мұстафинді де, Тайыр Жароковты да, Әбділда Тәжібаевты да, Қалижан Бекхожинді де, Хамит Ерғалиевті де көрген. Енді, міне, бұл кең зал заманның тарылғанына да куә болды. Зал толы қаламгерлер қауымы. Залды бір  ауыр тыныштық басқан. Әшейінде әзіл-оспақ айтысып, дуылдасып отыратын қаламгер қауым бүгін аса ұстамды да сабырлы.

Иә, Колбин қатысқан осы жиналыс көп ащы шындықтың бетін ашуға тиіс еді…

Жазушылар залында бір-біріне мүлде ұқсамайтын және ұқсағысы да келмейтін қауым.

Қазақстанға келер алдында Грузияда қызын өлтіріп кеткен  екен деген әңгімені естіген бір жазушы «біздің Алматы тыныш әрі қауіпсіз қала, сенбесеңіз сізді кешкі қала көшелерімен алып жүруге мен әзірмін», — деді.

Енді бірі орнынан түскен бұрынғы республика басшысын жамандап, Колбинге «Сіздей Ленин типті басшыны біз отыз жылдай күткенбіз. Енді сол күн туды» деп қырық бет арыз жазған ақсақал драматург болды. Сол кісіге Қонаев өзінің тұрған үйін   беріп кетіп еді. Жақсылығы жамандық боп қайтты-ау десті жұрт  жиналыс тарағанда. Жұбан Молдағалиев сөз алғанда зал «қарт солдат не айтар дейсің» дегендей сыңай танытқан-ды. Бірақ сәлден кейін зал сілтідей тынып, шыбынның ызыңдағаны білінді.

«Алаңда қыздарымның шашын жұлып, ұлдарымды дубинкамен бастан ұрып, алаң қызыл ала қанға боялғанын көргенде мен — Ұлы Отан соғысының ардагері, окопта мұз   төсеніп, қар жастанған қарт солдат, мына  сорақы сұмдықты көзіммен көргенше сол қанды майданда неге қаза тауып, мәңгі қайтпай қалмадым деп, осы күнді көргеніме өкіндім» дегенін естігенде отырғандар ақынмен бірге шамырқанды.

Жұбан ақын көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналды. Жалпы халық бейбіт күндегі ақынның жасаған ерлігіне тәнті болып, басын иді. Алайда халықтың қорғаны болып, қызғыштай қорыған батыр ақын жұрттың бәріне бірдей жақты деп айту қиын. Әріптестер ішіндегі күншілдер енді жымысқылықпен ақынның атын, атағын шығармауға, баспасөз бетін бермеуге жанталасты. Тіпті, шалқар шаһар Алматыда ұлы ақын жалғыз қалғандай көрінді. Жазушылар  одағын басқарып жүрген кезінде жанынан қалмайтын жандайшаптардың қалың тобы енді қатты сиреді. Сондай күндердің бірінде Қазақ теледидары Әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясының басшысы, белгілі ақын, айтыс өнерінің айтулы жетекшісі Жүрсін Ермановтың рұқсатымен Жұбағаңды өзіне арналған телехабарға шақырып, бір сағаттық сұхбат  ұйымдастырдым. Дәйім тың, ширақ жүретін, сәнді киініп жүретін кербез ағамыз маған біртүрлі шаршаңқы, өңі салыңқы көрінді. Бірақ сауалдарыма салиқалы, сабырлы жауап қайтарып, көп мәселелерге деген көзқарасын нақты білдіріп отырды. Ол хабар қазір Қазақ теледидарының алтын қорында сақтаулы.

Бір қарағанда Жұбағаң сұсты, салқын адам сияқты көрінетіні рас. Алайда сөйлесе келе, сырласа келе оның  жаны жарқырап, ашыла түсетін. Және достыққа адал, берік адам еді. Сол кезде Жоғарғы Кеңестегі жұмысынан босап қалған, қазақ детективінің атасы Кемел Тоқаевты, сондай-ақ көрнекті прозаик Бердібек Соқпақбаевты Одаққа жұмысқа тартып, қамқорлық жасағанын ақын ағаның асыл қасиеті деп білемін.

(«Егемен Қазақстан» газетінен.)

Жұбан Молдағалиев

Әлия

Берлиннің бұзып кірген дарбазасын,

Менің бір қазақ жігіт замандасым

Көрсетті қыз суретін, отырғанда

Әр түрлі әңгіменің шалып басын.

Қара шаш, аққұбаша, ашық қабақ,

Жүзіне келешектің көзін қадап,

Қиялдың құшағында отырғандай

Суреттен қазақ қызы тұрды қарап.

Жүрегім толқын ұрып, күйіп жаным,

Бояудай бетке шығып ыстық қаным,

Көңілім көрген сайын елжіреді,

Сездіріп қазақ қызын сағынғанын.

Көзімді тұтқын етіп раушан жүзі,

Туғандай балқып нұры таң жұлдызы,

Соншама неге маған ыстықсың сен,

Неліктен қарақат көз қазақ қызы?..

Кідіріп ұмытқандай әлденесін,

Көзіне елестетіп қыз бейнесін.

Суретке сүйінгендей қарап қойып,

Күрсініп, айтты жігіт әңгімесін.

— Күн мұнар, көк түтін боп майдан үсті,

Сұрапыл соғыс сонша болды күшті.

Қиратып жаудың шебін алған шақта

Жаралы жатқан жанға көзім түсті.

Бетінен танытпады аққан қаны,

Қосылған аққан қанға майдан шаңы.

«Қош елім, қош туған жер» дегенде ол,

Даусынан тани кеттім Әлияны.

«Қарындас, Әлияжан, мақтанышым!»-

Дедім де батыр мерген қызды құштым.

«Әперші, мылтығымды, бір атайын,

Ақырғы оқ түу Берлинге жеткенше ұшсын».

Әпердім. Ақырғы рет жиып күшін,

Кезеніп жау жағына, қайрап тісін.

Мылтығын бұрынғыдай берік ұстап,

Атты ол, деді-дағы: «Отан үшін!»

Өзегін өртегендей қайғы шоғы,

«Аһ» ұрды мылтық шіркін, ұшты оғы.

Шықса да оқпен бірге кеудеден жан

Мылтықтан айырылмады мерген қолы.

Нақ сонда майдан түзі гүрсіл қақты,

Тағы да алғы шепті жалын жапты.

Ақырғы Әлияның атқан оғы

Жандырып жатқандайын дұшпан жақты.

Ерлігін есімізде тудай сақтап,

Есімін ұран етіп алға аттап,

Ел сүйген ер қыз үшін кек алысып,

Еңсеріп жау әскерін кеттік аттап…

Соққандай ер жүрегі әр кеудеде,

Қоспаймыз жырға неге, әнге неге?-

Деп тынды солдат жігіт. Ойладым мен:

Ескерткіш емес пе осы әңгіме де?

***

Махаббат ерлігі

Келеді әйел. Жоқ оның бір аяғы,

Қысқы тоңға балдақ жиі таяды.

Құлатпайды қолтықтаған күшті қол,

Ол қол өзін күзетшіге саяды.

Келеді еркек. Су қараңғы жанары.

Жығылады-ау, көп тосқауыл бар әрі!

Жоқ, өтеді сүрінбей де, адаспай —

Өзге екі көз оны бастап барады.

Күллі Алматы біледі бұл екеуін,

Ерлі-зайып, музыканттар екенін.

Жас еді олар, сұлу еді бір кезде,

Жармасқанда екеуіне екі өлім.

Екі өлім мен екі өмір белдесті,

Келер күндер жеңді «барса келместі».

Ажал қашты бір аяқ, қос көзді алып,

Жеңгендерге жаңа көктем лебі есті…

Келе жатыр күле қарап, нық басып,

Екі бірдей үлкен өмір жұптасып.

Махаббаттың қанатымен, көзімен

Тосқауылдың талайынан шықты асып!

***

Ақұштап Бақтыгереева

Ерлікті көзбен көрген күн

(поэмадан үзінді)

Желтоқсан — 86, ызғарлы күн,

Мұз бен қар жылжығандай құздан бүгін

Өттің де астан-кестен, ойда жоқта

Артыңа ұмытылмас із қалдырдың.

Айтамыз ертегі етіп ол күндерді,

Батыр деп мадақтаймыз жан білгенді,

Халыққа жаңа жылдық сәлем жолдап

Жазушылар үйіне Колбин келді.

Біреулер бастық көрсе қуанатын,

Біреулер жалпылдады сұрап атын.

Бір кезде жазушылар мінбесіне

Барады көтеріліп Жұбан ақын.

Қазақша акцент, толқыған қатал үнмен:

«Замандаспыз, — деді оған, — қатар жүрген.

Желтоқсанның көргенше он алтысын

Бір күн бұрын батсамшы батар күнмен».

Қорғағанмын жаудан мен Совет елін,

Әлі күнге Отанды ән етемін,

«Мен — қазақпын!» — деуші едім білгеннен соң,

Шовинизм дегеннің бар екенін.

Ұрпағыңа халің бар не дер енді,

Қорладыңдар бұл қазақ деген елді.

Қыздарымды сүйретіп бұрымынан,
Ит таласын деп пе едім немеремді?

Ақынша айтсам, «ұлы» елдің бұл мазағын,

Менің далам көтерді күллі азабын.

Тың жерімді игерген «бауырларым»,

Тракторға таптатты қыр қазағын.

Оныңа да шыдады халқым менің,

Берді емес пе билігін, алтын кенін,

Тұңғыш тұрсың, алғашқы дәмін татып,

Түсінбейсің, замандас, салтын елдің.

Бір еместей өзіңмен жолым бүгін

Мен айтпасам паш етер сорымды кім?

70 жылдай, құрбым-ау, келесіңдер

Пайдаланып қазақтың момындығын.

Деп үйреттің: мәңгүртсің, бәрің надан,

Тіл мен діннен айрылды елім, бабам.

Кеше алаңда сабаған сенің тегің

Ал таяқты жегендер менің балам.

Ақын жүрек тартуда содан қайғы,

Шыдамаспын айтпауға жарам жайлы,

Кешір мені, замандас, осы жолы

Жұбан саған пікірлес, бола алмайды».

Намыс пен кек түнеріп қабағында,

Мұң аралас жас тұнып жанарында.

Ел алдында арқадан жүгі түсіп

Ақын тұрды тазарып ар алдында.

Тынып қалды зал тегіс күбірлемей,

Бір адамның жанары күлімдемей.

Біз отырдық төбеден жай түскендей

Арқамыздан құмырсқа жүгіргендей.

Кетті залды ақынның өртеп демі,

Әлі есімде, біреулер селт етпеді.

37 қуғынын көрген сорлы

Қол соғудан сескеніп, жер тепкені.

Жұбан — бөрі, өзгелер қояндардай,

Колбин жүзі сәл қанға боялғандай,

Зал гуілдеп, бір кезде жер тепкенде

Ұйқысынан бар қазақ оянғандай.

Жұбан-аға, ғашық ең гүл-өмірге.

Сызат түсті-ау сол күні жүрегіңе.

Әлі айтады көргендер ерлігіңді,

Қадіріңді көрмеген біледі ме?

Санасыздар тыңдады, күлді, кетті,

Уақыт өтті жаралап бір жүректі,

Сен қасқайып тұрғанмен сыр білдірмей,

Қолыңдағы ақ парақ дір-дір етті.

Сонда сенің сөзіңді Ерлік дедік,

Біз ерлікті көзбенен көрдік дедік,

Одан кейін тағы да қалған қазақ

Руларға араны бөлдік келіп.

Елдік емес, ісіміз бас пайдалық,

Ертеңгіні жатпаймыз әсте ойланып.

Қол соққанмен сөзіңе өлгеннен соң,

Қабіріңе тоғыз жыл тас қоймадық…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button