Жаңалықтар

«Мен қазақ әйеліне қайран қалам…»

Сауытбек ӘБДІРАХМАНОВ.

Ұлтымыздың ұятына айналған ақын

Асан боп туып қазақтар,

Өледі Асан Қайғы боп!

Халқымыздың сан ғасырлық талайлы тағдырының трагедиялық түйінін дәл осылайша, бар-жоғы екі жолға сыйғызып айта алған ақын аз. Сол аздың бірі — ұлтымыздың ұятына айналған азамат ақын Жұбан Молдағалиев.

Сұрапыл соғыстың қан майданында жүріп жазған алғашқы өлеңдерінен бастап егдейген шағындағы, жетпістің жотасына шыққан тұсындағы жырларына дейін ақын жүрегі қашанда елінің, жерінің тынысымен бірге соқты. Жұбан Молдағалиев кітаптарынан өткен ғасырдың елуінші, алпысыншы, жетпісінші жылдарының өлеңмен өрілген көркем шежіресін табасыз. Әрине, бұл айтылғаннан Жұбан жыры тақырыптық салмақтылығымен ғана дараланып тұрады екен деген ұғым тумауға тиіс. Мысалы, «естігенге ат дүбірін, қатты бір үн», «естігенде ат  дүбірін, тәтті бір үн» деген сияқты әуезді рефрен қазақы құлаққа даланы дүңкілдеткен тұлпарлар тұяғының жаңғырығын алып келгендей әсер етеді.

Жастай жесір қалған анашын қатардан қалдырмаған (ол жайында «Жесір тағдыры» поэмасында әсерлі жазылған), өзін жетімдіктің құрсауынан құтқарған өкіметке, оны басқаратын партияға кәміл сеніп, құрметпен қарап келген, өзі ардақ тұтқан ұғымдарды талай рет шабытпен жырға қосқан ақын дәл сол  өкімет, дәл сол партия Алматының қақ ортасындағы алаңда  туған халқының намысын табанға таптатып қойған шақта үндемей қалған жоқ. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан соң іле-шала Жазушылар одағында республиканың бірінші басшысымен кездесу өткізілгенде, кейбір ағайындар ол кісінің Қазақстанға келуін «ширек ғасыр бойы күткенін» жанталаса жеткізіп жатқан шақта қаламгерлер қауымының арасынан суырылып шығып, «Мен — қазақпын, өз халқымды мақтан етемін. Маған  оның қатпарлы тарихы қымбат, ал оның бүгінгі күні одан да қымбат. 17-18 жастағы қыздарды шашынан сүйреп, сабаған жағдайды естіп-білгенде, жасырып қайтейін, осы күнге дейін өмір сүргеніме өкіндім», — деп көкірегін кернеген заман запыранын ақтарып салған дәл осы Жұбан Молдағалиев болатын. Ақынның өрлігі кезінде әдеби ортада біраз шулыған жасаған «Хатшыға хат» атты өлеңінен де танылады. Мұнда автор тоталитарлық қоғам өкілінің жиынтық бейнесін жасаған деп білген орынды.

Қазағының ой-арманы — ақын Жұбан жырының алтын арқауы, қазағының намысы — азамат Жұбан сырының жібек желісі. «Ұлы аманат етейік еркіндікті, Ел құлдықта білмесін, жер күндікті. Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең «Қазақ болу — зор бақыт» деп күн тіпті…», деп жырлап еді Жұбан Молдағалиев «Мен — қазақпын» поэмасында. Өзі аңсаған сол күнді ақын ақыры көре алмай кетті, әттең…

***

Уәлихан ҚАЛИЖАН

Қазақты Жұбанша сүю — бақыт

«…Он тоғызыншы ғасырдағы орыс ақыны Некрасовтың «Ақын болу міндет емес, азамат болу — парызың» деген қанатты сөзін санаға сіңіріп өскен ұрпақпыз. Бірақ ешқашан ойланып, толғанып, ақындық өлең ғана емес, рухани семсер болғанын бажайлап қарай берген емеспіз. Әйтпесе, Бұқардың, Сүйінбайдың, Махамбеттің, бертіндегі Жұбанның жыр жолдарына басқаша қарар едік. Ақындық өнер ғана емес, ұлттың рухы мен қоғамның болашағына әсер ететін заманның қозғаушы күші болғанын кейін ұғына бастадық. Мұхтар аға Мағауиннің «Қобыз сарынын» ХХІ ғасырға жеткенде ғана түйсінгендейміз.

Қазақ үшін Жұбан аға Молдағалиев те сондай биік, сондай жарқын тұлға деп білемін. Жұбан соғыстан кейін халқын жұбата білді. Ес жиып, етек жинағанда «Мен — қазақпын» деп ат ойнатты. Мың өліп, мың тірілген қазақты Жұбанша сүю, қазаққа Жұбанша қызмет ету әркімнің тәлейіне жазбаған бақыт.

…1986 жылдың 31 желтоқсаны. Табиғат та,адам да ызғарлы. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына қан кешіп келген Геннадий Васильевич Колбин жазушылармен кездеспек.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ретінде осы кездесуге шақырылдық. Қара тұман көңіл, қара тұман — өмір. Бір-бірімізбен суық амандасып, залға ертерек кіріп жайғаса бастадық. Есімде қалғаны Жұбан ағаның сұп-суық жүзі, от-жалын сөзі. Лениндік ұлт саясатын тілге тиек ете отырып, Компартияны мақтамен бауыздады. Мінбеде тұрған Жұбан аға кішкене, аласа бойлы көрінген. Бірақ қараған, құлақ түрген, түйсінген сайын ақынның өзі де, рухы да биіктеп, жаныңды жанып, ұйықтап қалған ұятты оятып, қаламгер қандай болуы керек деген сұраққа әрқайсымызға жауап беріп тұрғандай еді.

Ол кезде Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерінің саны бес жүзден асып жығылатын. Байқаймын, бәріміз жерге кіруге тесік таба алмай отырмыз.

Ұлы ақын Пленумда орысша сөйлеген. Сөйлегенде де орыс тілінің майын тамызып, мәйегін алып, өршіл сөйлеген. Жұбан ағаның «Осының бәрін көргенше өліп кетуім керек еді» (соғыста — У.Қ.) деген сөздері менің санамда қалып қойды. Осы сөздерді айтқан сәтте ақын, бәлкім, жазған қағазынан шығып, еркін сөйледі ме екен?!

Жұбан Молдағалиевтің сөзінен ұлтына адалдығы, оған деген жанашырлығы, шексіз сүйіспеншілігі білініп тұрды. Сондықтан ол ұлты үшін бүкіл кеңестік жүйенің от шашқан амбразурасын кеудесімен жапты… Жанын да, арын да таптатқызбай, мың өліп, мың тірілген қазағының болашақ егемендігінің көк байрағына айналды!

(«Астана ақшамы» газетінен).

***

«Мен қазақ әйеліне қайран қалам…»

Жұбан жырының үлкен бір арнасы — Қазақ әйелі — аяулы анасы, асыл жары.

Балалық шағы туралы ақын:

«Мен әкесіз жетім өстім,

Жоқ, дей алман кетік өстім.

Түкірген жоқ бетіме ешкім,

Нысанаға жетіп өстім» — дей келіп, өзі жесірлік тауқыметін қанша тартса да, баласына жетімдік тауқыметін тартқызбай, әлпештеп өсірген анасы Зеріптің еңбегін атап өтеді.

Ақынның анасы Зеріп — жас күнінде айтыстарға қатысып, ауыл-аймағы ақын деп таныған адам. Ұзақ кештерде төрт ұлдан жалғыз қалған Жұбанын алдына алып, мұң-шерін өлеңмен тарқатып, ауыз әдебиеті үлгілерін жатқа айтып отыратын анасы туралы ақын естелігінде: «Ол кісі мені шын мәнінде өлеңмен ауыздандырды» — деп жазған. Жұбан ақынның 41 жыл отасқан жары Софья апай да бір сұхбатында енесі туралы былай дейді: «Мамамыздың ауырып, әлде бір жабырқаған кездерінде домбыра шертіп, шер тарқатып, ойға батып отыратыны да болушы еді. Соған қарағанда, Жұбан ақындығының бір бастауы анасында жатыр-ау деп ойлаймын».

Зеріп — ар-намысын ешкімге таптатпаған, қажет жерінде азулы да айбарлы, абзал жанды Ана. Ақын айтады:

«Анашым, аты — Зеріп, беріде өлді,

Ұлына сүтін, күшін беріп өлді.

Әйелдің алдияры, ақсұңқары

Аптапқа, аязға да берік еді…

Кешқұрым жырлап қазақ дастандарын,

Жаныма шашып еді жастан жалын.

Тежеусіз тоя ішкенім өлең болды,

Сол еркін жамылғаным, жастанғаным».

Сонымен қатар, ақын «Жесір тағдыры» поэмасындағы Айша бейнесінде де: «өз анамның да кейбір кескіндері бар» — дейді.

Ал ақын: «Жар да жоқ Софьямдай жер бетінде» — деп жазса, сол сүйікті жарын да оған таңдап әперген анасы Зеріп екен.

… 1947 жылы Жұбан әлі әскери қызметте болатын. Алматыдағы офицерлер үйінің коменданты болып істеп жүреді. Өзі — пәтерде, қолындағы анасы Зеріп — аурушаң. Ананың баласына ертеңді-кеш айтатын бір тілегі — «Келін әпер!». Бірақ Жұбанның көрсеткен адамын ұнатпапты. Сөйтіп, өздері бір бөлмесінде тұрып жатқан Айшаға, оның көршісі Гүлсімге: «Маған бір жақсы қыз тауып әкеліп көрсетіңдерші» — дейді. Ал бұл кісілер Зеріп анаға бір топ қыздың суретін әкеліп көрсетеді. Солардың ішінен ананың ұнатқаны — Софья ғана. Сейітқали Меңдешовтің жиені екендігін де көңіліне түйіп қойса керек…

Софья апайдың естелігі:

Жақын тұратын, аралас-құраластығы бар Айша апай шақырып жатыр деген соң, жұмыстан келген соң, арнайылап соқтым. Алдында ғана оның апамнан әртүрлі сылтаулармен менің суретімді алып кеткенінен бейхабармын. «Қалыңдық таңдау конкурсына» қатысым бары қаперімде жоқ. Алайда қонақ бөлмеде кереуетте демалып жатырған Зеріп ананы, орындықта газет оқып отырған көзілдірік киген келбетті жігітті көргенде, жүрегім әлденені сезгендей болды. Үй иесі мені бөлмеге кіргізіп, «төрлет, төрлет» — деп төрге оздырды да, өзі әп-сәтте ғайып болды. Зеріп апа мені әңгімеге тартты. Ал газетке үңілген жігіт, қайнаған самауырды алып Айша апа ішке енгенде ғана басын көтеріп, оған:

— Қонақты әкелдіңіз де, өзіңіз жоқ болып кеттіңіз ғой, — деді. Бұл оның даусын бірінші рет естуім еді. Мен кеткеннен кейін анасы Жұбанға: «Осы қыз келінім болса» — деп кесімін айтыпты».

Софья апай да Жұбанмен тағдырлас, жесір әйел, жетім бала боп өсіп, еңбекке ерте араласқан жан екен. Әкесі соғыста қаза тапқан. Ал келін болып ақ босаға аттағанында Жұбан оған бір ғана тілек айтады: «Анамды сыйлауға тиіссің». «Он сегіз жасымда мен осы тілекті заң ретінде қабылдап едім», — дейді Софья апай.

Ана тілегі бойынша бас қосып, ыстық-суықты бірге өткерген жарына ақын арада 22 жыл өткенде былай деп жыр арнапты:

Таныстық, таныстық та үйлендік біз.

Үйі де, күйі де жоқ күйде едік біз.

Жұпыны сен ұяң қыз, мен майдангер,

Тұрмысты кімнен, қашан үйреніппіз?

Бар түгіл жоққа риза, тұра бердік.

Болмады сынық ожау мұра дерлік.

Сенгенбіз «сүйемін» деп ант-су ішпей,

Бұл тіпті болмаса да сірә да ерлік.

Тек кейін қанық болдым мен өзіңе,

Бас ұрдым кісілікке, мінезіңе.

Мың шүкір, миллион шүкір, қабыл алдым

Бақыт деп басқа қонған мұны өзіме.

Дүниеде өзің екен деген мықтым,

Ықпасам махаббаттан неден ықтым?

Не ғалым, не қайраткер болмасаң да,

Әйелдің даналығын сенен ұқтым.

Софья апай: «Жұбанның «Мен сені сүйемін» — деген сөзін алғаш рет 18 жылдан кейін Моңғолияда сапарда жүргенінде жазған хатынан оқып, қатты толқып, көзіме жас алған едім», — дейді бір естелігінде.

Моңғолияға іссапармен аттанып бара жатқан жарына Софья апай:

— Басқалай хабарласа алмасаң, хатпен амандығыңды білдіргейсің, — дейді.

Жұбан ағамыз:

— Хат жазатын уақыт бола қояр деймісің? Амандығымды өзім келгенде бір-ақ білерсің, — деп, шығып жүре беріпті.

Арада бір апта өтер-өтпесте, Ұлан-Батырдан көгілдір конверт жетті. Жұбан былай деп жазыпты:

«Апака, родная моя Софья! Вот я, по твоему подсказу , решил из далекого Улан-Батора, столицы братской Монгольской народной республики, впервые написать тебе письмо. Да, мне никогда не приходилось писать тебе письмо. Более того: мы с тобой еще не объяснились даже в любви. Познакомились и в течение одной недели успели пожениться. Но, спасибо судьбе тысячу раз. Что дала мне именно тебя.

Я всегда горжусь тобой и твоей беспредельной любовью ко мне, хотя и ты, так же как я, ни разу не говорила: люблю. И правильно. Истинная любовь должна подтверждаться жизнью, делами, а тогда, объясняться не надо. И ты, мне кажется, тоже хорошо знаешь, как я дорожу тобой.

Моя самая большая и тайная мечта: сделать тебя и моих детей счастливее всех. Для этой цели я и вижу. Не знаю насколько мне это удается, но я думаю , что мы и сейчас счастливы. Потому что, без слов понимаем друг друга, заботимся друг о друге и дети у нас растут хорошими.

Вот я, через 18 лет после нашей женитьбы, наконец, объяснился с тобой в любви. Видимо начинаю стареть что ли.

В общем, береги себя, родная. Ты мне очень нужна, больше чем когда-либо на свете.

Вот и все. Целую тебя и наших детей. Твой Джубан».

22/1 — 1965г.

Екі жақсы бас қосқан жарасымды ғұмырдың бір парағы, міне, осы…

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Қосымшаны әзірлеген Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button