Жаңалықтар

Кәсіпкерлік нысандарын рұқсатсыз ашқандар жауапқа тартылады

«Өткен аптада кейбір кәсіпкерлер өз еріктерімен, рұқсатсыз жұмыс орындарын ашқан. Бұл тексеру барысында анықталды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексінде 462-бап бар. Мұндағы талап өте қатаң, салынатын айыппұл көлемі де өте көп. Заң бұзушы 100 айлық есептік көрсеткіштен бастап айыппұл төлейді. Бұған дейін осы бап бойынша кәсіпкерлерді жауапқа тартатын заңбұзушылық болғанмен, түсіндіру жұмыстарын жүргізумен ғана шектелген едік. Амал жоқ, енді тағы да талап бұзылса, осы бап бойынша шара қолдануымызға тура келеді». Бұл туралы жергілікті арнада өткен бағдарлама барысында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева айтты.

Бағдарламаға Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева да қатысты.

23 мамырдағы дерек бойынша жалпы біздің облыста індет жұқтырған 270 науқас тіркеліп отыр.

— Оның 27 пайызы — сырттан келгендер, 50 пайызы — науқастармен қарым қатыснаста болғандар, қалғандары тұрғындардың өздерінің шағымдануы бойынша тексеру қорытындысында анықталды, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Ол өз сөзінде тұрғындарға көпшілік жиналған жерге бармау керектігін ескертті. Барған жағдайда міндетті түрде бетперде кию керек, сөмкеде міндетті түрде антисептик болу қажет.

— 25 мамырдан бастап кейбір нысандарды ашу жоспарланған-ды. Қазір індет өршіп тұр. Сол себепті ашылмайтын болды. Бұл мәселе келесі аптада тағы да бақыланатын болады. Ғимараттардың ашылып, ашылмауы эпидемиологиялық жағдайға байланысты шешіледі. Тұрғындар тарапынан тәртіп пен сабырлылық қажет. Мұның барлығы халық үшін жасалып жатқан әрекет.

Өткен аптада кейбір кәсіпкерлер өз еріктерімен, рұқсатсыз жұмыс орындарын ашқан. Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексінде 462-бап бар. Бұл баптың талабы өте қатты.  Салынатын айыппұл көлемі де көп. Амал жоқ, заң бұзушыларға енді осы бап бойынша шара қолдануға тура келеді, — деді облыстың бас санитары.

Оның айтуынша, рұқсат беріліп, ашылған ғимараттарда санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қатаң сақталуы тиіс.

Тұрғындар қоғамдық көліктерде адамдардың өте көптігін айтып, «мұндай келеңсіздікті шешу үшін бақылайтын мекеме бар ма?» деп сауал қойды. Бұл сұраққа Нұрсұлу Беркімбаева:

— Қоғамдық көліктерде адам саны ондағы орын санынан артық болса, біздің  мекемеге хабарласқандарыңыз жөн. Дереу шара қолданатын боламыз, — деді.

Облыс орталығындағы блок-бекеттердің қашан ашылатынын сұраушылар да көп болды.

Қаланың айналасында 6 блок-бекет бар. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты болғанға дейін блок-бекеттер алынбайды.  Осы уақытқа дейін анықталған 270 жағдайдың 263-і Ақтөбе қаласында тіркелді. Сол себепті де қалаға себепсіз кіруге болмайды. Карантин режимі сақталуда, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

«Індетке сенбеушілер бар. Сендіру үшін әлеуметтік желілер арқылы індетке шалдығушыларды неге көрсетпейсіздер. Мүмкін, сонда сенетін шығармыз» деген мазмұндағы сауал да қойылды.

Бұл — қауіпті індет. Қазіргі жағдай күллі әлемді алаңдатып отыр. Науқастарды көрсету үшін, әрине, алдымен олардың келісімі керек.  Тұрғындар айтқан ұсынысты қабылдаймыз, — дейді Нұрсұлу Беркімбаева.

25 мамыр күні барлық мектептерде соңғы қоңырау қашықтан ұйымдастырылады. Сынып сағаттары онлайн режимінде өтеді. 3-4 маусымда 11-сынып оқушыларына аттестаттар табыс етіледі.

— Түлектерге аттестат табыс ету шарасы әр мектептің бекітілген кестесіне сәйкес кезектесіп өткізіледі. Бұл күнгі шара үздіктерді марапаттаумен басталады. Сағат 10.00-ден 10.40-қа дейін «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлеріне аттестат табыс ету шарасы ұйымдастырылады, — деді Айгүл Арынғазиева.

Биыл Ақтөбе қаласында 3138 оқушы мектеп бітіреді. Олардың 229-ы — «Алтын белгіге», 125-і «Үздік аттестатқа» үміткер.

Айта кету керек, облыс орталығында 257 білім беру мекемесі бар. Оның 83-і — мектептер.  4-тоқсанда жалпы 82 174 оқушы қашықтан оқыды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button