Жаңалықтар

Шәууәл оразасының сауабы қандай?

Қасиетті рамазан айы санаулы күндерден кейін аяқталады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болғай!) рамазан оразасын шәууәл айында тағы 6 күн оразамен жалғастырған адам бір жыл бойы ораза ұстағандай болатынын айтқан.

Рамазаннан кейінгі шәууәл айының алты күндік оразасы төңірегіндегі көпшілік көкейіндегі сауалдарға жергілікті арнадан тікелей эфирге шыққан облысымыздың бас имамы Төлеби Оспан жауап берді:

— Қасиетті Құранда әр жақсылықтың он есе қарымы болатыны айтылған. Ислам ғалымдары шәууәл айындағы алты күндік оразаның сауабы туралы хадисті осымен байланыстырады. Яғни рамазандағы отыз күнге шәууәлдің алты күнін қосқанда, 36 күн болады, мұны он еселегенде, үш жүз алпыс күнді құрайды. Бір жыл мерзімнің қалған күндері — ораза ұстауға болмайтын Ораза айт пен Құрбан айтының күндері, — деді ол.

Шәууәл оразасы Рамазан айтынан кейінгі күндерден басталады.

— Бірақ кімде-кімнің парыз оразадан қалған қарызы болса, алдымен соны өтеп алғаны абзал. Шәууәл оразасы нәпіл ораза болып табылады, ол ешкімге міндеттелмейді, әркім өз қалауы бойынша ұстайды. Бұл жерде тек Пайғамбарымыздың хадисінде айтылған бір жылдық оразаның сауабы ғана мақсат тұтылады, — деді Төлеби Оспан.

Бас имам шәууәл оразасын ұстаудың тәртібі жөніндегі сұраққа:

— Оны алты күн қатарынан немесе бөліп-бөліп ұстауға да болады. Шәууәл оразасы тек осы айда ғана ұсталады, — деп жауап берді.

Сондай-ақ тікелей эфир барысында 24 мамырға белгіленген Айт намазын мешіттерде өткізу жөніндегі мәселенің әзірге нақтыланбағаны айтылды.

— Індетке байланысты биыл Рамазан айт мерекесін жылдағыдай атап өту мүмкін болмай отыр. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы тарапынан нақты қандай шаралар жоспарланатыны алдағы күндері жария етіледі. Әрине, індеттің одан әрі таралуының алдын алу мәселесі басты назарда болады. Өйткені, ең алдымен, басымыздың амандығы, отбасымыздың, халқымыздың амандығы керек. Амандық болса, алдағы жылдарда талай рамазанды, Айт намаздарын қауым болып, бірге өткереміз. Алла соған жеткізсін! — деді бас имам.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button