Жаңалықтар

«Ана мен қызы» тігін цехын ашты

Ақтөбенің К.Нокин ауылында тұратын Бегімай Балманованың ісі көпке үлгі. Жалғыз өзі екі баланы тәрбиелеп отырған ана ешкімнен көмек сұрамай, тірлік кешіп келеді. Осыдан біраз жыл бұрын күйеуі қайтыс болып, барлық ауыртпалықты өзі көтерсе де мойымады. Екі жыл бұрын Бегімайдың омыртқасында жарық пайда болып, жүре алмай қалады. Отбасының жалғыз асыраушысы болғандықтан Алматы ауданы әкімінің орынбасары Алтынбек Әлжановтың қабылдауына кіреді. Әкімнің орынбасары ананың жағдайын тыңдаған соң, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектерді ұсынады. Бегімай кәсіпкерлік бөліміне, жұмыспен қамту орталықтарына барады.

Жағдайымды айтып барған кезде әкімнің орынбасары мүмкіндігінше қолдау көрсетті. Материалдық көмек ұсынды. Ел басқарып отырған осындай азаматтардың қамқорлығына, халықпен жұмыс істей алатынына риза болдым. Бірақ қанша қиындық көрсем де, материалдық көмекті алғаным жоқ. Балаларымды өз еңбегіммен асырадым. Оларды да кішкентайынан еңбекке үйреттім. Биыл ұлым колледж бітірсе, қызым тоғызыншы сыныпты аяқтап, ол да колледжге құжат тапсырмақ. Қызым кішкентайынан қолөнермен айналысады. Балаларым жазғы каникулында жұмыс жасайды. Ешкімнен қол жайып, көмек сұрағанымыз жоқ.

Бала кезімнен іс тігуге икемім болды. Анам — шебер адам. Ол кісіден көп нәрсені үйрендім. Сондықтан осы кәсібімді әрі қарай кеңейткім келді. Әкімдіктен қаржылай қолдау көрсетуін сұрадым. Алтынбек Әлжанов пен кәсіпкерлік бөлімін басқарып отырған Ләззат Құрманғазина жолын көрсетіп, кеңесін берді. Қай жерде семинар, сабақ болса, соған қатыстырды. Болашақ кәсібіме дайындық жасадым. Осы сәтті пайдаланып,аталған азаматтарға алғыс айтқым келеді. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының «Бастау Бизнес» жобасында бір ай оқыдым. Бизнес-тренер Амандық Әбуов пен психолог Гүлжан Рахимова сабақ берді. Бізге кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретті. Шынымды айтсам, мамандардан көп нәрсені үйрендім. Олар өз ісінің шебері екенін көрсетті. Нәтижесінде 505 мың теңге грантқа ие болдым, — дейді Бегімай Балманова.

Бегімай «Ана мен қызы» деп аталатын цех ашты. Қаражатты алғаннан кейін

тігін цехына қажетті үтіктеу жүйесін, тұрмыстық тігін машинасын және сырт киімдерді тігуге арналған автоматтандырылған тігін машинкасын, оверлок сатып алады. Қазір цех жұмыс жасап тұр. Карантин кезінде тапсырыс азайғанымен, сұраныс бар. Мәселен, қызы балаларға қауіпсіз ойыншықтар мен түрлі бұйымдарды тоқып, сатады. Ал Бегімайдың өзі сұранысқа қарай сәбидің қырқынан шығаруына, тұсау кесуіне қажетті бұйымдар мен қыз жасауы, көрпе-төсек, жамылғылар тігеді.

Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз. Наурыз айынан бері карантинде отырғанымызға қарамастан, елге беріліп жатқан көмектердің ешқайсысын алғанымыз жоқ. Халықпен бірдей күн көріп жатырмыз. Мен жастарды және өзім сияқты аналарды осындай бағдарламаларды пайдаланып, өз ісін ашуға үндеймін. Бағдарламаның халыққа берері көп, — дейді Бегімай.

Бегімай болашақта ісін кеңейткісі келеді. Әсіресе сырт киімдер тігуді қолға алмақ. Бұл үшін әлі де оқу керек. Сондықтан карантин режимі аяқталса, ойға алған осы жоспарын орындауға кіріспек.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button