Жаңалықтар

Аудан әкімдерінің қызметі жаңа жұмыс орындарын құрумен бағаланады

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Онда «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасының іске асырылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамтудың үлесін арттыру, көктемгі далалық жұмыстардың барысы туралы мәселелер талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары және селекторлық режимде қала, аудан әкімдері қатысты.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды жұмысқа орналастыру керектігін, ол үшін 250 мыңнан астам жұмыс орнының ашылатындығын айтып өткен болатын. Біздің облыста да жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша, әрі жаңа жобаларды жүзеге асыруды қарқынды іске асыруға кірістік», — деді облыс басшысы.

Облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаровтың айтуынша, облыста жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 46,3 миллиард теңгенің 302 жобасы жүзеге асырылуда. Шамамен 12 мың жұмыс орны ашылады, оның ішінде уақытша 11 567, тұрақты 375 жұмыс орны болмақшы. Қазіргі таңда 302 жобаның 294-не конкурс жарияланып, 262 жобаның мердігері анықталған. 202 жоба бойынша жұмыс басталды, 680 жұмыс орны ашылды.

Мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамтудың үлесін арттыру мәселесіне тоқталған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов аталған жұмыс алты бағыт бойынша жүзеге асырылып отырғандығын мәлімдеді. 2020 жылғы 15 мамырдағы жағдай бойынша жұмыс 6 бағытта жүзеге асырылуда, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі, құрылыс салаларына мемлекеттік сатып алуға қаржы қарастырылған.

Облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин көктемгі далалық жұмыстардың қарқынды жүріп жатқандығын атап өтті. Облыс бойынша 335,9 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Биылғы жылы егіс құрылымында әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, майлы дақылдардың көлемі өткен жылы 30 мың гектар болса, биыл 37 мың гектардан асады деп күтілуде. Оның ішінде мақсарының көлемі, өткен жылмен салыстырғанда, 8,3 мың гектарға ұлғайып, 18,9 мың гектарға егілді.

Облыс басшысы, қай салаға болмасын, мемлекет тарапынан қажетті қолдаулар барынша көрсетіліп отырғандығын атап көрсетті. Ол өзінің орынбасарларына және аудан әкімдеріне мемлекеттік бағдарламалардың халыққа тиімділігін насихаттап, дұрыс ақпараттандыруды тапсырды.

«Әрбір аудан, тіпті ауылдық округтерде кәсіп ашуды, жаңа жұмыс орындарын құруды тапсырамын. Бұдан былай аудан әкімдерінің жұмысы аталған мәселені қаншалықты ұйымдастыра алатындығымен бағаланады, ауылшаруашылық саласын дамыта алмаған әкімдерден жауапкершілік қатаң сұралады. Себебі ауыл, ауданда ауылшаруашылығы негізгі сала болып табылады», — деді Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button